Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау демократия нормаларына сай өтті. Бұл туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымының байқаушылар миссиясының басшысы Азиз Носиров Орталық сайлау комиссиясындағы брифинг барысында мәлімдеді.
– «2016 жылғы 17-20 наурыз аралығында ШЫҰ байқаушылар тобы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлауға дайындық пен оны өткізу барысына мониторинг жасады. Сонымен қатар, ұйым мүшелері сайлау күні Астана, Көкшетау, Қарағанды, Екібастұз, Теміртау қалаларындағы және Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарында орналасқан 65 сайлау учаскесіне барған болатын. Аталған мекендердегі тұрғындар белсенді атсалысып, мемлекеттік маңызы бар шараға бейжай қарамайтындықтарын танытты», – деді байқаушы.
Оның айтуынша, байқаушылар құрамында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің, нақтырақ айтсақ, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстаннан келген өкілдері де болған. «Сайлауға дайындық күндері, дауыс беру күні мен дауыстарды санау процесін бақылаған миссия өкілдері сайлаудың ашық өткенін, сайлау туралы ақпараттың жан-жақты таратылғанын атап өтті. Саяси партияларға, депутаттықтан үміткерлерге тең мүмкіндік берілді. Бұл – сайлаудың демократия нормаларына сай өткендігінің дәлелі. Сонымен бірге, миссия өкілдері болған барлық сайлау учаскелерінде бұл үдеріске Қазақстанның саяси партияларының, басқа да қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен қатар, халықаралық ұйымдар мен БАҚ өкілдері де атсалысты. Сайлау процесі барысында миссия өкілдеріне еш шағым түскен жоқ», – деді ол.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан».