Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Астана қаласы «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағының басшысы Мерей Шәріпбаев жалпыұлттық жастар қозғалысы атынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты және барша қазақстандықтарды «Нұр Отан» партиясының жеңісімен құттықтауын жеткізді.
Бұл ретте, М.Шәріпбаев Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлауда № 24 сайлау учаскесінің төрағасы міндетін атқарғандығын және де аталған міндеттің зор мәртебе мен жауапкершілік жүктегендігін тілге тиек ете кетті. «Осы жауапкершілікті сезіне отырып, мен төрағалық еткен сайлау учаскесінде дауыс беру процесі халықаралық және еліміздің сайлау туралы нормаларына сай өткенін нық сеніммен айта аламын. Сайлау кезінде ешқандай заң бұзушылықтар тіркелген жоқ. Байқаушылардың өз жұмысын еркін жүргізуіне, дауыс беру барысын жіті қадағалауына барлық жағдай жасалды», деп атап өтті Мерей Ерболұлы.
Ол, сонымен қатар сайлау учаскесінде бюллетеньдер саны дауыс берушілердің тізіміне толық сәйкес келгендігімен де бөлісті. Сайлау жәшігі талапқа сай мөрленіп, байқаушылардың қадағалауы үшін және азаматтардың дауыс беруіне ыңғайлы жерде орналастырылыпты. Сайлау барысында азаматтардың таңдау құпиялығы қатаң сақталып, олардың өз үміткерлеріне еркін дауыс беруіне еш кедергі келтірілмеген. М.Шәріпбаев тең бәсекеде «Нұр Отан» партиясының жеңіске жетуі оның ел сеніміне ие нағыз халықтық партия екенін көрсеткендігін алға тартты. Сондықтан да ол халықтың сенім мандатына ие болып, Парламентке жолдама алған өзге де партияларды жетістіктерімен құттықтап, істеріне сәттілік тіледі.