Парламент Мәжілісіне және жергілікті мәслихаттарға депутаттарды сайлау барысына көптеген пікірлер айтылып, жеңімпаздарды құттықтаулар жалғасуда. Бұл тұрғыдан бірқатар қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері өз ойларын ортаға салып та үлгерді. Солардың қатарында Ардагерлер кеңесінің жетекшісі Шәріпбай Өтегенов те болды.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 2,5 мың қазақстандық әскериді біріктіріп отырған ҚР Ауғанстан соғысы және жергілікті соғыс ардагерлері одағының төрағасы Шәріпбай Өтегенов өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты және «Нұр Отан» партиясын еліміздің жоғарғы заң шығарушы органына депутаттарды сайлау барысындағы қол жеткізген айқын жеңісімен құттықтады.
«Әлемде жаһандық экономикалық дағдарыстар орын алып жатқан кезеңде лидеріміз елді тығырықтан алып шығатын жол табатынына сенім мол. Сондықтан, болашаққа нық сеніммен қарап отырмыз», деді Шәріпбай Әбдімәлікұлы. Оның атап өткеніндей, жаңа депутаттық корпус мемлекетімізде парламентаризмнің дамуына өзіндік үлесін қосатын болады. Сөйтіп, Президент тарапынан жүргізіліп жатқан реформаларды әрі қарай да тереңдете түспек. Ал бұл реформалар Елбасы тарапынан қолға алынғандығы белгілі.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».