Еліміздің экономикасындағы ең маңызды саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Ауылда халқымыздың жартысына жуығы тұрады және оның үштен бір бөлігі еңбек етеді. Әр жыл сайын нақ осы секторда елдің ұлттық байлығының 5-7 пайызы жасалады. 2015 жылы агроөнеркәсіп кешеніндегі өндірілетін өнімдердің жалпы көлемі 2,7 трлн. теңгені құрады, бұл 2010 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық, ал 2014 жылға қарағанда 4,4 пайызға артық.
Еліміздің ұлттық және азық-түлік қауіпсіздігі, ең алдымен, стратегиялық маңызы зор астық дақылдарының дамуына тікелей байланысты. Соңғы жылдары (2011-2015жж.) өндірілген астықтың орташа жылдық мөлшері 18 млн. тоннадан астамға жетті. Бұл көрсеткіш 2006-2010 жылдары – 17 млн. тонна, 2001-2006 жж. – 14,6 млн.т. шамасында болған еді. Өндірілген астықтың 8 млн. тоннадайы ішкі сұранысқа (қажетті тұқым, қоғамдық азықтану және жем қорына) пайдаланылады, қалғаны (6-10 млн.т.) экспортқа жіберіледі. Астық экспорты бойынша біздің республика әлемдегі алғашқы он елдің сапында, ал ұн экспортында 2007 жылдан бері бірінші орында келеді. Биылғы ауыл шаруашылығы маркетингі жылында 7,5 млн. тонна астық экспортқа жіберіледі деп күтілуде.
Елімізде астық өндіру технологияларын жетілдірудегі ғылыми ізденістер көп жылдан бері негізінен Шортандыдағы астық шаруашылығы және Қостанайдағы ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарында жүргізіледі. Нәтижесінде, топырақты сақтайтын және басқа ресурстарды үнемдейтін, жаңа нөлдік және минимальді жер өңдеу технологиялары қалыптасты. Осындай индустриялық-инновациялық технологияларды қолдану арқылы астық дақылдар шығымдылығын 10 жылда – 1,5 есе, 20 жылда екі есеге көтеруге болатыны дәлелденген. Мәселен, табиғи ауа райы біздің елге сәйкес келетін Канаданың Саскачеван аймағында нөлдік технология қолдану арқылы әр гектардан 2,5-3 тоннадан астық алатын көрінеді. Біздің елде, нақты өмірде осындай көрсеткіштерге тек аздаған озық кәсіпорындар ғана жетуде. Олардың қатарына өздерінің табиғи жағдайына сәйкес дәнді дақылдардың әр гектарынан тұрақты мөлшерде 15 центнер астық жинайтын Ақмола облысындағы «Родина» агрофирмасы, 20 центнерден алатын Солтүстік Қазақстан облысындағы «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігін, 25 центнерден кем алмайтын Қостанай облысындағы «Заречное» тәжірибе шаруашылығын қосуға болады. Осындай ірі шаруашылықтарда әртүрлі жаңа инновациялық жаңалықтар өмірге келуде. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігінде Канададан әкелінген 800 бас асыл тұқымды сиыр малына арналған сүт кешені жұмыс істейді. Соңғы алты жылда әр сиырдан 7 мың литрден астам сүт алынады, еуропалық стандарттарға сай 30 түрлі сүт өнімдері шығарылады. Сонымен қатар, осы шаруашылықта жел энергиясын пайдаланатын құрылымдар іске қосылған. Нәтижесінде, олар шаруашылықтың энергетикалық сұраныстарын толық қамтамасыз етуде.
Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің деректері бойынша, елімізде жаңа технологияларды пайдаланған және сол үшін мемлекеттік қолдау көрсетілген астық дақылдарының көлемі 2010 жылы 11,2 млн.гектарға жетіп 2007 жылмен салыстырғанда 2,2 есеге өсті, ал 2014 жылы бұл көрсеткіш 12,9 млн. гектарға дейін көтерілді. Ол барлық астық дақылдар көлемінің 80 пайызын құрайды. Алайда, астық дақылдарының орташа шығымдылығы 2011-2014 жылдар аралығында әр гектардан 12,2 ц.-ден аспады, яғни 2006-2010 жылдармен салыстырғанда (11,1 ц\га) 10 пайызға ғана өсті, ал 2001-2005 жылдарға қарағанда (10,7 ц/га) небәрі 14 пайызды құрайды.
Неліктен? Біздің ойымызша, оның бірнеше себептері бар: нақты ақпараттық мәліметтер жиналмайды, ұсынылған ғылыми технологиялар талапқа сай орындалмайды, қажетті техника мен агрегаттар жетіспейді, жергілікті басшылар мен мамандар тарапынан бақылау жоқ деп айтуға болады. Мысалы, отандық селекция арқылы шығарылған дәнді дақылдар сорттарының үлесі егістіктің жартысынан аспайды (2014 ж. – 47,9%). Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, егістік жерлердің құнарлылығы төмендеп келеді: гумустың жоғары мөлшері олардың тек 2,2 пайызында, орташа мөлшері – 36,1 пайызында, төменгі құнарсыз мөлшері 61,7 пайызында сақталған. Агрохимиялық қызметтердің мәліметтері бойынша, бір гектар егістікке қажетті минералды тыңайтқыштардың тек 1/12 үлесі ғана қолданылады екен. Дәнді дақылдарға органикалық және минералды тыңайтқыштар тіпті берілмейді. Бұқаралық ақпарат көздерінің мәлімдеуінше Жамбыл облысындағы «Казфосфат» және Маңғыстау облысындағы «Казазот» зауыттары өндірген тыңайтқыштар ішкі сұраныс болмағандықтан шетелдерге экспортқа шығарылып жатыр. Егістікке қолданылатын гербицидтердің мөлшері сұраныстан 3-4 есе аз. 2015 жылы 15,8 млн. гектар жерге себілген дәнді дақылдардың 5,5 млн. гектары, яғни 34 пайызы шағын шаруа қожалықтарының үлесіне тиді. Олардың ішінде тек 4 пайызында ғана ауыспалы егіс айналымы сақталған. Еліміздегі 1,6 млн. га. суармалы егістіктің тек 634 мың гектарында ғана (40,8%) суландыру жүйесі толық жұмыс істейді.
Инновациялық технологиялар әрқашанда өсімдік және мал шаруашылығының талаптарына сай техникалық жүйелерді қажет етеді. Ғылыми-зерттеу институттарының есептеулері бойынша, елімізге кешенді түрде өнім өндіру, өңдеу және сақтау үшін 1200-ден астам түрлі ауылшаруашылық машиналары мен техникалық құралдары қажет көрінеді. Олармен қамтамасыз ету өте төмен деңгейде деп айтуға болады. Қолда бар техниканың 80 пайызы тозған. Машина-трактор паркінің жаңаруы жылына 1,5-2 пайыздан аспайды. Өнімділігі жоғары техникалар – астық комбайндары, қуатты тракторлар, дән себу кешендері шетелдерден қымбат бағамен сатып алынуда. Қазіргі кезде елімізде ауылшаруашылық машина жасау саласы Инвестициялар және даму министрлігінің құзырында, ал АӨК-те техниканы пайдалану және жаңарту мәселелерімен Ауыл шаруашылығы министрлігі айналысады. Соңғы жылдары еліміздің «Агротехмаш» ЖШС, «СемАЗ» ЖШС, «Вектор» ЖШС және тағы басқа зауыттарда әртүрлі трактор, комбайндар шығарыла бастады, бірақ олар негізінен дербес бөлшектерден ғана құрастырылуда. Алайда, еліміздің табиғи-экономикалық жағдайын ескере отырып, өндірілетін өнімдердің бәсекелестігін арттыру мақсатында, ауылшаруашылық машина жасау саласын стратегиялық бағыттың біріне қосқан дұрыс сияқты.
Агроинновациялық шараларды өндіріске енгізудің маңызды бағыттарының бірі ауылдағы шағын және ұсақ шаруашылықтарды тиімді дамыту және ынталандыру. Олардың қатарына шаруа қожалықтары және ауыл тұрғындарының жеке қосалқы шаруашылықтары жатады. 2014 жылы елімізде өндірілген ауылшаруашылық өнімдерінің 23,2 пайызын ірі ұйымдасқан шаруашылықтар, 31,1 пайызын – шаруа және фермер қожалықтары, ал 45,7 пайызын жеке қосалқы шаруашылықтар берген. Бұл ұсақ шаруашылықтардың иелігінде пайдаланатын егістік және жайылым жер аз, нарыққа шығаратын өнімдерінің көлемі мардымсыз, материалдық-техникалық жағдайы нашар, мемлекет тарапынан қолдау жоққа тән, кепілдікке беретін мүлік жетіспейді, нәтижесінде, тауар өндірушілерге бөлінетін субсидияның тек 15-20 пайызы ғана олардың үлесіне келеді. Соған қарамастан шаруа қожалықтарының саны жылдан-жылға өсіп келеді. Олардың иелігіндегі жер көлемі аз, әсіресе, оңтүстік аймағында. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында жері 5 гектарға жетпейтін шаруашылықтардың саны 45,8 пайыз болса, 100 гектардан асатындар небәрі 8,5 пайызды құрайды. Ұсақ шаруашылықтардың үлесі, әсіресе, мал шаруашылығында үлкен. Көрсетілген жылдағы өндірілген сүттің 82 пайызы, еттің 64 пайызы, жүннің 60 пайызы солардың үлесіне тиеді.
Әлемдік экономикада ауыл шаруашылығының негізін шағын отбасылық фермалар құрайды. Жапонияда олардың саны 1,8 миллионға жетеді, Оңтүстік Кореяда – 1,5 миллион, ал біздің елде небәрі 200 мыңға таяу, ал миллиондаған гектар жайылымдық жер бос жатыр, пайдаланылмайды, яғни ұсақ жекеменшік шаруашылықтарды бірнеше есеге көбейту мүмкіндігі бар. Осыған орай, ұсақ және шағын шаруашылықтарды одан әрі дамыту және жан-жақты қолдаудың жолдарын қарастыру керек.
Біріншіден, ішкі сұранысты қамтуда жеке қосалқы шаруашылықтардың маңызын ескере отырып, олар туралы көршілес Ресей, Беларусь және Өзбекстан елдері сияқты арнайы заң қабылдаған дұрыс. Онда қосалқы шаруашылықтарды бірте-бірте жеке кәсіпкерлікке, фермерлік шаруашылықтарға айналдыру жолдары көрсетілуі қажет.
Екіншіден, ұсақ және шағын шаруашылықтарды олардың мамандануына және жергілікті аймақтардың табиғи-экономикалық жағдайларына сәйкес ірілендіру, мемлекеттік қолдау, әсіресе, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту олардың мүшелерінің инновациялық белсенділігін көтереді.
Үшіншіден, ұсақ және шағын шаруашылықтарды әртүрлі кооперативтерге біріктіру жұмысын жандандырған дұрыс. Елімізде ауыл шаруашылығында кооперативтер құруға мүмкіндік беретін бес түрлі заң бар. Алайда, бұл заңдар нақты тәжірибеде тауар өндірушілердің талаптарына сай келмегендіктен кооперативтер дұрыс дами алмады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, коопертивтерге кірген шаруа қожалықтарының саны 1,5 пайыздан аспай тұр.
Осының бәрі ескеріліп, 2015 жылдың 29 қазанында Мемлекет басшысы көптен күткен «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заңға қол қойды. Бұл заң Елбасының Ұлт Жоспары – 5 институттық реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадамындағы» ауылшаруашылық кооперативтері мен олардың ассоциацияларының қызметтерін жүйелі реттеуге арналған.
Жаңа заңға сәйкес Ауыл шаруашылығы министрлігі қосымша қажетті құжаттарды дайындап үлгерді. Енді ауылшаруашылық кооперативтері арнаулы салық режімін қолдана алады, өздерінің табыстарын мүшелеріне бөлуге құқылы, аудит жүргізіп, тексеру қауымдастықтарына кіруіне мүмкіндік алды, бұл қызметі үшін ішкі жұмсалған шығындардың 50 пайызын мемлекеттен субсидия алып жаба алады. Олардың құрамындағы тауар өндірушілер гербицидтерді, жанар-жағармайларды, ауылшаруашылық өнімдерін, оларды өткізу және машина-трактор паркінің қызметтерін өзіндік құндары мөлшерімен пайдалана алады. Бұл жаңалықтар қазірдің өзінде аймақтарда іске аса бастады.
Жаңа заң негізінде ауылдық жерлердегі бұрынғы ұсақ тұтынушылық кооперативтері қайта мемлекеттік тіркеуден өтуі керек. Ол жұмыс өте ұқыптылықты қажет етеді. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының Манкент ауылдық округінде жергілікті тұрғындардың келісімімен Ауылдық тұтыну кооперативі құрылған. Оның құрамына 1134 шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкерлер кірген. Олардың иелігінде 5490 га ауылшаруашылық жерлері, оның ішінде 3349 га далалық егістік жер, 1920 га суармалы жер және 231 га жайылымдық жер бар. Одан басқа, 500 га алыс жайылымдық жер ірі қара мен қой табындары үшін жалға берілген. Кооператив ауылшаруашылық құрылымы есебінде тіркелген. Соңғы жылдарда ол жеңілдік несиелермен жанар-жағармай, минералды тыңайтқыштар алады, өз мүшелеріне әртүрлі қызметтер көрсетеді. Сонымен қатар, шаруалардың айтуы бойынша мұнда көптеген қиындықтар да бар.
Бір шаруа қожалығына бөлінген жердің көлемі өте кішкентай. Суармалы жердің мөлшері орта есеппен 1,7 га, оның ішінде кооператив мүшелерінің 40,5 пайызында 1 гектарға дейін, 44,6 пайызында – 2-3 га, 14,9 пайызында ғана 3 гектардан астам. Ішкі және шаруашылықтар бойынша жерге орналастыру, алқаптарда ауыспалы егіс жұмыстары жүргізілмейді. Далалық жұмыстар көбіне қолмен істеледі, қолда бар техника ескірген, жаңа қуатты техника алуға қаржы жетіспейді. Көптеген тұрғындар мен шаруа қожалықтарында кепілдікке салатын мүліктер жоқ.
Осындай және тағы басқа мәселелер қолбайлау жасап отыр. Жаңа заң негізінде оларды шешуге мүмкіндік туды. Ауылшаруашылық өнімдерін өндіруші, өңдеуші, өткізуші жеке және заңды тұлғалар аймақтарда, аудандарда және жергілікті жерлерде кооперативтік негізде бірлесіп қызмет істей алады. Кооперацияны дамытудың басты бағыттарының бірі – шаруалардың нарыққа кіруін қолдау. Оларға берілетін несиелік қаржылар мен тегін субсидияларды дұрыс жеткізудің жолдарын жетілдіру керек.
Ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржылай көмек негізінен «КазАгро» холдингі арқылы бөлінеді. Өткен 2015 жылы холдинг еліміздің агроөнеркәсіп кешеніне барлығы 363 млрд. теңге бөлген. Оның үлесі жалпы берілген несиенің 43 пайызын құрайды. Алайда, бұл көмек небәрі 49 мың шаруашылық субъектілеріне, яғни олардың жалпы санының 1/4-і ғана берілген. Биылғы жылы холдингтің қаржылық көмегі әртүрлі бағыттармен жүргізіледі. Біріншіден, екінші деңгейлі банктер арқылы олардың рейтингтеріне сәйкес жылдық ставкасы 7-8 пайызбен тауар өндірушілерге несие беріледі. Екіншіден, «КазАгро» тікелей өзінің еншілес «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы банктердің кепілдері негізінде несиелік қаржыларды 5 пайыздық ставкамен бере алады. Одан басқа, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өздерінің несиелік серіктестіктері және шағын қаржылық ұйымдары арқылы да бере алады. Бірақ олардың ставкасы 9 пайызға дейін көтеріледі. Үшінші бағыт – «Астық корпорациясы» ұлттық компаниясы арқылы бидай мен арпаны форвардтық сатып алу тәртібі негізінде (бір гектарға 6 мың теңге 5 пайыздық ставкамен) қаржыландыру. Төртіншіден, «КазАгро» холдингі несиелік ресурстары жетіспейтін, техникалық жағдайлары және тауарлық деңгейі төмен шағын және орта шаруашылықтар үшін кооперативтік бірлестіктер құруға ұсыныс жасап отыр. Олар заңды тұлға ретінде «Астық корпорациясы» ұлттық компаниясымен белгілі бір мөлшерде тұрақты бағамен астық сатып алу үшін шарт жасасады. Бірлестік заңды тұлға ретінде екінші деңгейлі банктермен келісе отырып, көктемгі дала жұмыстары мен орақ науқанына қажетті қаржыларды «Астық корпорациясы» компаниясының кепілдемесі арқылы алады. Бірлестік алынған қаржыларға көтерме бағалармен қажетті жанар-жағармай, техника мен қосалқы бөлшектер, тыңайтқыштар мен гербицидтер және тағы басқа тауарлар сатып алып өз мүшелеріне үлестіреді. Егін ору кезінде бидайдың нарықтық бағалары келісілген бағадан жоғары болса, бірлестік оны басқа алушыларға сатып қосымша пайда таба алады. Егер нарықтық баға бұрынғы келісілген бағадан кем немесе бірдей болса, астықты шартқа сәйкес астық компаниясына сата алады. Бұл шаралар Ауыл шаруашылығы министрлігімен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және Фермерлер одағымен өзара келісілген.
Агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бөлінетін бюджеттік қаржының 1/3 бөлігі ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне субсидия есебінде қайтарымсыз тегін беріледі. Олардың көлемі де жылдан-жылға өсуде: 2010 жылы 48,3 млрд. теңгені құраса, 2014 жылы 149 млрд. теңгеге, яғни 3 есеге өсті. Бір ерекшелігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі 2014 жылдан бастап субсидияларды бөлуді жергілікті облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының құзырына берді. Олар субсидияларды аймақтардың табиғи экономикалық жағдайларын ескеріп бөледі. 2015 жылы жалпы субсидия мөлшері 147,8 млрд. теңгеге жетіп, 2014 жылмен салыстырғанда 18 пайызға өскен.
Жер және жер ресурстары – ұлттық байлығымыз. Оларды көздің қарашығындай сақтау, қорғау және тиімді пайдалану – мемлекетіміздің және тұрғылықты халықтың болашағын ойлау деген сөз. Қазіргі кезде елімізде алыс шалғайда, шөл және шөлейт аймақтарда орналасқан, әлеуметтік-экономикалық жағдайлары төмен отызға таяу ауылдық аудандар бар. Олардағы жер аумағының көлемдері 14 млн. гектардан астам, 1 миллионға таяу тұрғындары бар, оның ішінде 95-100 пайызы қазақтар. Біраз жылдар бұрын (1989 ж. және 1999 ж.) Қазақ КСР Министрлер кеңесі осындай аудандарға жан-жақты мемлекеттік және материалдық-техникалық көмек беру туралы арнайы қаулы қабылдаған еді. Бірақ өмірде бұл шешімдер жүзеге аспай қалды. Керісінше, халқының саны аз ауылдық елді мекендерде инфрақұрылымды дамытуға қаржы бөлінбейді, олардың саны жылдан-жылға кеміп барады. Нәтижесінде, ауылдық елді мекендердің саны 2002 жылдың басында 7743 болса, 2015 жылдың басында 6724 бірлік қана қалған, яғни 13 жылдың ішінде олардың саны 1019 немесе 13,2 пайызға азайған. Бұлар негізінен сол шалғай және шекаралас елдермен қатар қоныстанған әлеуеті шамалы ауылдар екені белгілі. Айта кетелік, көршілес Ресей, Қытай және Өзбекстан елдерінде шекаралас елді мекендердің көркейіп, өсіп және ұлғайып бара жатқаны белгілі. Солар сияқты біздің елде де шалғай және басқа елдермен шекаралас ауылдық елді мекендерді нығайтуға мән берген жөн. Сонда ғана бұл аудандарда халықтың тұрмысын жақсартып, елдің азық-түлік және стратегиялық қауіпсіздігін сақтауға көмектесе алады. Олардың жарамсыз жерлері болашақта инновациялық жетістіктерді қолдану нәтижесінде өндіріске пайдалы болуы да мүмкін.
Жасқайрат СҮНДЕТҰЛЫ,
экономика ғылымдарының докторы.
АСТАНА.