• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
24 Наурыз, 2016

Замана императиві

505 рет
көрсетілді

Әлемдегі жағдайларды Біріккен Ұлттар Ұйымы бар мүмкіндігінше өз бақылауына алып отыр. Сол сияқты, ірі, әлеуеті зор, дамыған 7-8 ел басшылары оқтын-оқтын кездесіп халықаралық сауда, басқа да көкейкесті мәселелер жөнінде бірігіп келісімге келіп, шешім қабылдауда. Әрине, бұл ақыл, дұрыс қадам. Кейбір өткір мәселелерді дер кезінде реттеуде ықпалы мол. Десек те, айтылған әрекеттер, әрине, түйткілдерді түбегейлі шеше алмайтын уақытша, мезгілдік шаралар. Өмір үздіксіз дамуда. Әлемде өндірістер күні-түні дамылсыз жұмыс істеп, табиғат байлығын есепсіз жұтатып, түрлі техника, құрал-сайман, көлік, тұрмыстық бұйымдарды есепсіз шығаруда. Соның салдарынан сабырлылық, алдын ойлау, шамалау ұмытылып барады. Бұған әкелген – тойымсыз бәсеке, шексіз ашық-сауда. Табиғат байлығының жұталып жатқаны былай тұрсын, әлем ластанып, түрлі тіршілік иелері де  сиреп, тіпті, кейбіреулері жойылып барады. Керек десеңіз адамды, жан-жануарларды мазалайтын шыбын-шіркейлер де құрып барады. Бұл сол маса, шыбын, басқа жәндіктерді қорек ететін балық, бақа-шаян құстардың азаюына әкелуде. Қазірдің өзінде адамды паналап, ұя салатын қарлығаш көзге көп көрінбейді. Біздің заманымызда тоқтаусыз дамуда тұрғанның бірі – ғылым. Ол үлкен жетістік. Қазір қай елдің де даму дәрежесін көрсететін ғылыми-техникалық прогресс. Ғылым табыстары адам өмірін жеңілдетуде. Бірақ тағы да кере­ғарлық. Қала мен селоларда тіре­сіп тұрған автомобильдер бүкіл ауаны уландырып, газдандырып, тіпті адам тіршілігін тарылтуда. «Әлем ырық пен елес ретінде» деген кітабында неміс философы Артур Шопенгауэр айтқан болатын: «Әлем – ырық» деп. Бірақ, оның пікірінше ырық жүгенделмеген, санасыз, тойымсыз ұмтылыс. А.Шопенгауэр айтады: «Ырық – әлемдік күш», ол органикалық дүниеде де, органикалық емес дүниеде де бар құбылыс деп. Ырық, оның пайымдауынша мәнсіз, мақсатсыз, шексіз ұмтылыс, тоқтаусыз талап А.Шо­пенгауэр идеалист, волюнтарист. Халық айтады: «Жаманның айтқаны келмейді, сандырағы келеді», деп. Бүгінгі әлем соған ұқсап бара жатқан секілді. Белгісіз болашаққа арпалысып ұмтылған құбылысты, ешкім түсіндіріп айта алмайтын, адам санасына бағынбайтын, ешкім оған тоқтау жасай алмайтын, майда тіршілік көрінеді. Адам баласы қашанда өз за­манының талабына сай қиын­дықтарға тірелгенде жол ізде­ген, өз заманына сай данышпандарын дүниеге әкелген. Олар алғашқы қауымнан бас­тап тіршілік иелерін адалдыққа, тазалыққа, ар-ұятқа, белгілі бір мақсатқа жетелеген. Мәселен, Пайғамбарлар жақсылыққа жол сілтеген, діни уағыздар айтып адамдарды қанағатсыздықтан, бұзықтық, теріс әрекеттерден сақтандырған, тағылық дәуірден саналы қоғамдастыққа жеткізген. Пайғамбарлар ел билеушілерін де тәртіпке, әділдікке шақыр­ған, тойымсыздық пен көрсе­қызарлықтан сақтандырған. Қо­ғамға имандылық ендірген. Біздің заманымыздың V ғасыр­ларында Қытайда бейбастық, тонаушылық, жаппай зорлық-зомбылық тарап, өршіген кезде ақыл айтып, елді бір жүйеге келтіру қажеттілігі данышпан Конфуцийді дүниеге келтірді. Ертедегі Грекияда Сократ, Пла­тон, Аристотель, Демокрит сияқ­ты терең ойшыл  философтар дүние мәні, мемлекет, заң, сенім туралы түрлі ұлы ойлар қозғап, кейінгі ғылымдар бастауына себепкер болды. Қоғам феодалдық құрсаудан босап, еркін сауда қатынасы да­мыған капитализм кезінде Адам Смит, Давид Риккардо сияқты ойшыл экономистерді дүниеге келтірді. Ал байлыққа құныққан капиталистік құрылым, шектен асып, әлсіз елдерді күшті мемлекеттер басып алып, сүліктей сорып, адам құқығын аяққа басып, езудің неше түрлі сұмдықтары өршіген кезде ғылымдар пайда болды. Сонымен қатар, сол әлемдік қоғамдық құбылыстарды терең зерттеп, бай болу, кедей болып, мүсәпірлік тіршілік шегу неге байланысты, бұл әлеуметтік тозақтан құтылу мүмкін бе деген сұрауларға жауап іздеп, еңбек­теніп, өмірін сарп еткен Карл Маркс, Фридрих Энгельс сияқты данышпандар шықты. Олар тек болашақты ойлаған жай қиялдың адамдары ғана емес, ұлы әрі ірі теоретик-ғалымдар болды. Әлемдік сананы заманына сай бір жүйеге келтірді. Қоғам жеке басқа емес, адам қоғамға, қоғам бүкіл адамға, оның бостандық, теңдігімен қатар бақытты өміріне қызмет етуі тиіс екенін дәлелдеді. Маркс ілімі шексіз үстемдік жүр­гі­зушілерге тізгін салды, халықпен санасатындай етті. Содан бері 150 жылдай уақыт өтті. Бірақ, азғана топ – миллиардерлер құнығып, одан да көп пайда тауып жатқанда, есесіне жер бетінде бір миллиард адам аштық құрсауында ауыр тұрмыс шегуде. Бұл былайша айтқанда, әрбір алтыншы адам аштық тауқыметін көруде деген сөз. Қоғам ғылыми-техникалық табыстар нәтижесінде шап­шаң­дықпен, қарыштап дамуда. К.Маркс дәуіріндегі бір жыл бүгінгі бір ай, не бір күнге тең деуге болады. Бұрын данышпандар болашақты болжайтын, адамдарды соған иландыратын, қарап отырғызбайтын. Адам қашанда үмітпен өмір сүрген. Бү­гінгі үміт, егер оны өз респуб­ликамыз тұрғысынан қарасақ – ол бағдарлама, идеология, оны орындауға қызмет еткізетін  – түрлі саясат. Егемендік алған Қазақстан бұл жөнінде көптеген бастамаларды өмірге әкеліп, іске асыруда, табыстарымыз да нақтылы, нәтижелі. Бүгін ол – «Қазақстан 2050» Стратегиясы. Халық осы бастамамен жұмыс істеуде, оған деген сенім мол. Бірақ, бұл бір елдің төңірегіндегі қадам. Ал әлемдегі жағдай қалай? Осындай бағдарлама дүниежүзінде бар ма? Терең ой, қуатты идеология өмірдің алдын орап, жол көрсетіп тұруы тиіс. Әлемде көп ретте сол алысқа сәуле түсіретін жарық беріп, алысты көрсететін қуатты даналық ой жоқ. Өмір тынысы – жүйрік локомотив сияқты. Бірақ оның алды тұман. Бүкіл әлемді ширататын теория да, идеология да, бағдарлама да, сенім-үміт те қарастырылмаған.  Өмір мен идея арасы алшақ. Идеология – негізі философия. Ол майдаланып, адамдар санасын қозғап, нейрондарын жұмыс істетуден қалып барады, қоғамдық теория керексізденуде. Бүгінгі қарапайым идеология – ақша табу, қалай тапсаң олай тап дегеннің құрсауында қалу. Соның салдарынан парасатты сана оларда ұмытылған. Есесіне неше түрлі пікір айтып, кеңес беретіндер көп, бірақ нәтижесі жоқ? Еуропаны басып бара жатқан босқындар еріккендер ме? Әрине, туған жерің, елін кім тас­тайды, бейберекетсіздік, аштық, жоқтық қумаса. Жақында бір  басылымда «Транзитология жаңа саяси ілім» деген мақала жарық көрді. Бұл АҚШ-тағы университеттерде дүниеге келген ағым. Мақсаты – кейбір дамып келе жатқан елдерді автократия мен тоталитаризмнен демократияға көшудің революцияшылықтан бастап, реформаға дейінгі кү­ресіп, өту жолдарын түсіндіріп, «ақыл» беру. Тіпті, мақаланың «Транзитология» деген аты да айтып тұр – іштен пісіп жеткен ой, арман емес, сырттан ендірілетін ілім екендігі. Әрбір ел өзінше тірлік кешіп жатқан жоқ па? Кім біреудің ақылымен өмір сүреді. Әрине, айтқан ақыл­ды тыңдау, оған құлақ салу бар, бірақ, әркім қорытындыны өзінше жасайды. Олай болса, әлгі «транзитология» теориясын уағыздаушылар басқа елдер үшін неге күйіп піседі? Сонда өздері жұмақта тұр ма? Мәселен, сол АҚШ-тың өзін алайық.  Сондай арбауға ұйып, солардың сілтеуіне түскен елдер тағдырын білеміз. Ондай елдерді жемтікке иланып, қармаққа түскендер деуге болады. Сондықтан, осындай ақыл­шыларға еркіндік арқылы «қолы аузына жеткен» елдер «бар ақылың өзіңе» демей ме? Шынында да шешім солай болуы тиіс. Ал енді әлгі мақалаға қайтып оралатын болсақ, ақыры елді сол теориямен хабардар етпек болған соң, онда сондағы теорияның шын мәнін ашып, елге түсіндіру, оны таратушылардың қияңқы мақсатын әшкерелеу керек емес пе? Ол ғылыми тұр­ғыда түгілі, жай дәрежеде де жа­салмаған. Нәтижесінде ол мақала үгіттеуші рөлден аса алмаған. Әрине, біз көп векторлы жол ұстанған елміз. Ешбір алыс-жақын елдермен алакөз бол­май, таза қарым-қатынаста болуды тілейміз. Сонымен қатар, көзді жұмып отыра бермей, жан-жағымызды байқап, бағдарлауда қажет демекпіз. Ашып айтайық, бізге әлгі «ақыл» берген елдер ішінде біздің тез дамып, солардың қатарына жеткенімізді тілеушіден гөрі, ұнатпайтындар да бар. Біз осыны аңғарып, ажыратқанымыз жөн. Мәселен, ілгері дамыған ел басшылары бізбен сыпайы, дұрыс қатынастар жасайды. Ризамыз. Ал сол елдердің идеолог-ғалымдары біздің арқамызды сипаған болып, тырнайды, денемізді жараламақ болады. Айтылғандардың бір дәлелі. Кейбір елдер идеологтары біздің елдегі айталық ғылыми еңбектердің оңдарын емес, ең нашарларын көшіріп алған, не ойсыздарын таңдап, кітап шығарып тарататыны. Сон­дай-ақ, біздің елдегі көзге ілінбейтін ғалымсымақтарды академияларына ақша төлесе болды мүше етіп қабылдайтыны, т.с.с. әрекеттер. Бұл оларға не үшін керек? Мақсаты түсінікті. Бізді даму жағынан төмен етіп көрсету. Бұл – айла, әдіс, нағыз талантты жас­тар жігерін құм ету. Жаңалыққа талпынбасын, мүлгіп жүре берсін деген саясаты. Әрине, бұдан келіп ешкімнің ақылының керегі жоқ деген қасаң ұғым тумаса керек. Кім не айтып тұрғанын түсініп, ажыратсақ деген ой. Әр нәрсенің аржағында не жатыр, оны түсінуде біз аме­рикалық ғалымдардан кем емес­піз. Мәселен, әлгі келті­ріл­ген «транзитологияға» арнал­ған мақалада автор дамып келе жатқан елдерге, олардың бо­ла­шағы туралы ақыл бермек болған Д.Растоу, А.Пшеворский, С.Хантингтон, Р.Кортарелон сияқты батыстық ғалымдар ұсын­ған түрлі үлгілерді келтіреді. Сол ақыл айтушылардың бірі С.Хантингтонды алайық. Мен оны білемін. Оның 1996 жылы Мәскеуде орыс тілінде басылып шыққан «Столкновение цивилизации» деп аталған кітабында қолданылған ұлтаралық, мәде­ни қатынастарға шоқ салып, арандатпақ болған әрекетін әш­керелеп, орыс тілінде жарық көрген «Культура и цивилизация. Вообще и в частности» (Алматы «Карасай» 2009) деген кітабымда арнаулы, көлемді «Самюэль Хантингтон» деген тарау жазып, жеріне жеткізе сынағанмын. Мен ол еңбегімді Вашингтондағы Конгресс кітапханасына жіберген болатынмын. Алдық деген жауап хат келді. Содан бері алты жыл өтті. Автор үндемейді. Мақ­сатым – өтірік, өсек айтпасын, ұлт араздығын тудырмасын деу. Самюэль Хантингтонның ары таза болса, мұндайларды неге айтады, деп, ой тастадым. Осындайда: «Не страшен черт, как его малюют», деген мақал еске түседі. Ғылыми талас болған соң пікіріңді аянбай, барынша ашық айта білу керек. Олар өте айлакер, тек жанды жерін тауып, ұстап алмасаң жақындатпайды. Өкініштісі, «транзитология» туралы мақалада батыс авторлары жазғандарын талдап, оларға ғылыми пікір айтылмағаны. Бүй­те берсек, олар сайрандап, елді шатастырып, шындықты бұрмалап, басымызға шығып, же­тегіне алады. «Бұға берсең, сұға береді» демей ме данышпан халқымыз осындайда. Теорияда мықты ғалым өз күшін ғылыми тартыстарда көрсетеді. Тағы қай­та­лаймын. Әрине, бізге керегі тар­тыс емес, теңдік қарым-қатынас, түсіністік, жоғары дәрежедегі ауызбірлік. Батыс идеологтары бізді неге түрткілейді. Теорияда топас деп ойлай ма екен? Егер солай ойласа, мықты қателеседі. Олар біздермен текетіреске шыққаннан гөрі, әлемдік болашақты ойласа қайтеді? Қазіргі ең басты мәселе сол емес пе деген тұжырым туындауда. Біздің бүгінгі заманымыз ға­лам­дық сананы керек етуде. Тарихта қоғамды ілгері да­муға жол сілтеп, ақыл айтқан даныш­пандар болған дедік. Сондай­лардың бірі ХІХ ғасырда өмір сүрген К.Маркс деп те айттық. Содан бері қанша заман өтті. Қоғам зымырап ілгері басуда дедік. Өндірістер дамып, табиғат жұтаң тартуда. Бірақ, алда не күтіп тұр. Әлемдік данышпандық ой ай­тылмайды. К.Маркс бір кезде біреуді біреу езуден құтылу үшін тап күресі керек десе, ол заман да артта қалды. Өзінің «Технологический блеф» (М., 1998, 49-б.) кітабында француз социо­логы Жак Эллюль: «Мен бүтіндей сеніп едім, егер Маркс 1940 жылы өмір сүрген болса, онда ол капиталистік құрылымды емес, техниканы зерттеген болар еді», деп жазды. Міне, бұл жағдайдың өзгергені. Ал бүгін әлемдік проблема тіпті басқа. Ол алдымен адамзатты, табиғатты қорғау. Ғылыми-техникалық прогресс бір жағынан қоғам бай­лығын шектен тыс көбейтіп жат­қан болса, екінші жағынан  таби­ғатты тажалдай жұтатуда. Бүгін не істеу керек? Ақыл айтатын әлем халқын бір жөнге келтіріп, гуманистік тәртіпке шақыратын ғылым мен білім данышпаны керек. Бұл – замана императиві. Досмұхамед КІШІБЕКОВ, академик. АЛМАТЫ.