Үнем мәселесі үнемі назарда болмақ
Сәрсенбі күні Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің 2010 жылы атқарған жұмыс қорытындылары мен биылғы жылға арналған стратегиялық міндеттері талқыланған кеңейтілген алқа отырысы болып өтті. Онда негізгі баяндаманы агенттік төрағасы Нұрлан Алдабергенов жасады.
Агенттік жүргізіп отырған тариф саясатының негізгі бағыттарының қатарында бірінші кезекте инвестициялық тартымдылықты көтеру тұрса, екінші ретте электр энергиясы мен суды үнемдеу болып табылады. Ал үшінші орында энергияны сақтау тұр.
Инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында Табиғи монополиялар субъектісінің (ТМС) 30-ы 2010 жылы инвестициялық (орта және ұзақ мерзімді) тарифтер бойынша жұмыс істеген. 2009 жылы 21 ТМС-қа инвестициялық тарифтер бекітілген болса, ТМС-тің инвестициялық тарифтер арқылы жұмыс істеуге көшуі тұтынушылар үшін тарифтердің орнықтылығы мен болжамдылығын, инвестицияларды активтерді жаңартуға салу есебінен қызмет сапасын арттыруды қамтамасыз етпек.
Электр энергиясын және суды үнемдеу жұмысының шеңберінде аталған агенттік әлемдік тәжірибеде кеңінен пайдаланылатын сараланған тарифтердің әдістерін қолданған. Электр энергиясына тұтыну көлеміне қарай және тәулік аймақтары бойынша сараланған тарифтерді қолдану нәтижесінде жылына халық тұтынатын электр энергиясының жалпы көлемінің 2,3 пайызын құрайтын 248 млн. к/Вт сағатқа жуық электр энергиясы, 62 мың тонна көмір және тұтынушылардың шамамен 3 млрд. теңге қаражаты үнемделген. Сараланған тарифтерді қолдану ластаушы заттардың шығарындыларын төмендетуге жәрдемдескен. Қазіргі таңда елімізде 2 деңгейлі саралау жүйесі қолданылса, 2011 жылы агенттік электр энергиясын тұтыну бойынша тарифтерді саралаудың 3-ші деңгейін енгізбек.
Сумен жабдықтауға тұтынушылар топтары бойынша сараланған тарифтерді енгізу нәтижесінде суды үнемдеу 12 пайызды немесе 1,63 млрд. теңгені құрап, су кәсіпорындары өз кезегінде табыстарын 15,9 млрд. теңгеге ұлғайтқан.
Биылдан бастап неғұрлым көп тұтынсаң, соғұрлым көп төлейсің қағидаты бойынша суға тұтыну көлеміне қарай 2 деңгейлі саралау тарифтерін енгізу бастамақ. Тұтынушылардың 20-40 пайыз ақшалай қаражаттары есептеу аспаптарын пайдалану есебінен үнемделмек. 2010 жылы суық суды есептеу аспаптарымен жарақтандыру деңгейі 82 пайызды, ыстық суды есептеу аспаптары 83 пайызды, ал жылу энергиясын есептеу аспаптары 38 пайызды құраған.
2010 жылы агенттік жүргізген бақылау шараларының нәтижесінде және заңнаманы бұзуға жол бергені үшін 110 табиғи монополия субъектісіне тарифтер 3,28 млрд. теңгеге төмендетілген.
Отырыста агенттік төрағасы Н.Алдабергенов биыл су тарифтері 11-12 пайызға, ал жылу тарифтері 10-12 пайызға өсетіндігін айтты. Осы ретте аталған агенттік 2011 жылы суды үнемдеп жұмсауға ынталандыру мақсатында жоғарыда айтылған «неғұрлым көп қолдансаң, соғұрлым көп төлейсің» деген қағиданы қолданбақ.
Осы отырыста баяндама жасаған Көлік және коммуникация вице-министрі Азат Бектұров қазақстандық әуежайлар табыстарын негізгі қызметтерінен емес, әуежай ғимаратындағы мейрамханалар, дүкендер мен өзге де коммерциялық нысандарды дамытудан табады деп жоспарлануда екенін, сондай-ақ ол 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап темір жол көліктері арқылы тасымалданатын жүкке тарифтердің көтерілуі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына құны 317,8 млрд. теңгенің инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін де айтып өтті. Ал «ENRC Kazakhstan» ЖШС қаржы директорының орынбасары Елена Попандопуло қазіргі кезде темір жол саласындағы тарифтерді реттеудің арқасында отандық вагон паркін ұлғайтуға қажетті қыруар қаржы жинақталып отырғанын және оны жіті бақылауға алу қажет екенін келтірді.
Агенттіктің 2011 жылға арналған негізгі міндеттері инвестициялық тарифтер бойынша жұмыс жасайтын ТМС санын ұлғайту және электр энергиясын үнемдеу, электр энергиясына тұтыну көлеміне қарай тарифтерді саралауды одан әрі жетілдіру болып табылады. Сонымен қатар Біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастыру және Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру шеңберінде темір жол тасымалына тарифтерді бір ізге түсіру, реттелетін қызметтер тарифтерінің инфляциясын олардың шекті үлесінің шеңберінде бекіту де агенттік алға қойған мақсаттардың бірі болып отыр. Осындай міндеттерді шешу реттелетін субъектілердің экономикалық орнықтылығын қамтамасыз етуге, энергияны сақтау жұмысын жалғастыруға, электр энергиясын және суды үнемдеуге, сондай-ақ реттелетін қызметтерге бағалардың негізсіз өсуінен тұтынушыларды қорғауға жәрдемдеспек.
Отырысты қорытындылаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Табиғи монополияларды реттеу агенттігі өзіне жүктелген міндеттерді талапқа сай жүзеге асыра алғанын айта келе, агенттік өкілдеріне осы қарқынды бәсеңдетпей, қайта үдете түсу қажеттігін ескертіп өтті.
– Табиғи монополияларды реттеу саласын реформалау мен осы саланың интеграциялану шаралары Біртұтас экономикалық кеңістікке мүше елдерден әлдеқайда жоғары тұр. Бұл, әрине, көңіл қуантарлық нәрсе. Әйтсе де бізге арқаны кеңге салуға болмайды. Біз 2012 жылы Біртұтас экономикалық кеңістікке енеміз. Қазіргі таңда осыған қажетті барлық базалық принциптер нақтыланған, – деген Премьер-Министр үстіміздегі жылы осы жұмысқа барынша дайындалу керек екенін де назардан тыс қалдырмады.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.
Құрылыс ісіне құнттылық қажет
Тарих қойнауына бет алған 2010 жыл еліміз үшін ерекше болғаны жасырын емес. Осы орайда жылдағы дәстүр бойынша өзге де агенттіктердің қатарында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі мен «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ та өз міндеттері мен қызметтерінің қорытындысын жариялады. Оған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қатысты.
Алдымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-тың атқарушы директоры Қайрат Әйтекенов, «Тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасы Зинулла Қазиев, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі төрағасы Серік Нокин баяндамалар жасады.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-тың атқарушы директоры Қайрат Әйтекенов қордың үлескерлік тұрғын үй кешендері бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, үлескерлік құрылысты қолдау 3 механизм арқылы жүзеге асуда екен. 2010 жылы бөлінген 200 млрд. теңгеге 164,4 млрд. келісім-шарт жасалып, 137,4 млрд.теңгесі игерілген. Бөлінген қаржы 52 нысан құрылысын аяқтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 11 870 үлескер мәселесі шешіліп, халыққа қосымша 10 832 үй салынған. Оның ішіндегі 3 мыңға жуығы жылжымайтын мүлік қорының жалға беру бағдарламасы аясында берілмек. Ал жылжымайтын мүлік секторында қолданылған шаралар саланың орнықты дамуына оң әсерін тигізіпті. Осылайша қор отандық тауар өндірушілерді қолдап, үлескерлік мәселесіндегі қоғамдық қобалжудың алдын алды. Қордың өткен жылғы таза кірісі 986 млн.теңгені құрайды. Сондай-ақ өткен жылдың сәуірінде жалға алу арқылы кейін толық алуға болатын үйлерді сату басталды.
Қайрат Әйтекеновтің айтуынша, қазіргі тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі ипотеканы 100 пайызға алмастыра алмайды. Үй сатып алушы сатып алу кезінде қаржының 50 пайызын жинайды, қалған сомасын несиеге алады. Әлемдік тәжірибеде де солай. Ал шығысеуропалық елдердің тәжірибесіне сүйенсек, қазіргі қолданыстағы тұрғын үй құрылыстық жинақтау әдісі үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде ғана қолданылады екен. Әйткенмен, қазақстандық тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі экономикадан нақты орын алады, ал ипотека жүйесі 2008 жылмен салыстырғанда бірнеше есеге төмендеген. Осы орайда Қайрат Әйтекенов «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорының өз объектілерінің сапасын жоғарылатуға күш салып жатқандығын ескерте келіп, шаршы метріне 120 мың теңгенің таза әрлендірілген үйді барынша жасақтап салып беруге, тіпті бизнес-класты пәтер салуға жеткілікті қаражат екенін ресми түрде хабарлады.
Агенттік төрағасы Серік Нокин еліміздегі тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуын қорытындылады. Тұрғын үйдің шамамен 19,6 млн. шаршы метрі, оның ішінде 2010 жылы 6,4 млн.шаршы метрі пайдалануға берілген. Бұл сандар Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламаларының арқасында тұрғын үйдің жаңа алаңдарын пайдалануға беру көлемінің күрт төмендеуіне жол берілмегендігінің айқын дәлелі. Сондай-ақ еліміздің 2010-2014 жылға арналған мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жалға берілетін тұрғын үйді одан әрі дамытуға ниетті екенін және тұрғын үй құрылысын дамыту қарқынын сақтауға мүмкіндік беретін тетіктің бірі тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесін дамыту болып табылатынын атап өтті.
Алқа мәжілісіне қатысушылар құрылысы аяқталмаған объектілерді аяқтау мәселесін де талқылады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында құрылыс секторында дағдарыс басталған кезде 450 тұрғын үй кешенінің құрылысына қаражаттарын салған 62 889 үлескер ішінен өткен кезеңде 389 объектідегі 53 мың үлескердің мәселесі шешілген. Қалған үлескерлер мәселесі ағымдағы жылдың аяғына дейін шешілетін болады.
Агенттік төрағасының сөзіне қарағанда Мемлекет басшысының соңғы Жолдауына сәйкес 2010 жылы «Жол картасы -2009» жоспарымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін қайта жаңарту және жөндеу бойынша басталған жұмыстар жалғасын таппақ.
Агенттік алдында тұрған негізгі міндеттермен бірге құрылыс саласын техникалық реттеу жүйелерін реформалау да жалғасын табуда. Агенттікте 2010 жылы жаңа сметалық-нормативтік базаға өту бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліпті. Серік Нокиннің айтуынша, бұл орайда 89 сметалық-нормативтік құжат әзірленген көрінеді. Сондай-ақ елді мекендерді бас жоспарлармен қамтамасыз ету мониторингі жүргізілуде.
Премьер-Министр агенттік жұмысын оң бағалай келіп, енді салынатын жаңа құрылыстардың жаңа стандарттарға сай салынуын қадағалау керектігін ескертті. Ескі ГОСТ соңғы пайда болған технологияларды есепке алмайды. Егер біз бұрынғы нормаларды сақтап құрылыс салатын болсақ, онда олар қазіргі стандарттарға жауап бермейтіні анық. Оның үстіне бұрын салынған үйлерде энергия сақтау мүмкіндігі жоқ, деді ол.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы жаңа тұрғыда дами бастады. Әсіресе 2000 жылдан кейін құрылыс салу қарқыны өте жоғары болған-тын. Тәжірибе көрсетіп бергендей, бұл салада барлығы бірдей ойлағандай шықпаған. Пайда болған көпіршік мемлекеттің осы саланы реттеуден көз жазбауы қажеттігін және оған міндетті екендігін тағы да көрсетті. Өйткені жеке меншік құрылыс салушы компаниялар, банктер және олардың үлескерлері, яғни ипотека алғандар арасында мәселе туындаса кінәліні анықтау мүмкін емес. Айналып келгенде Үкімет пен жергілікті билік кінәлі болады, деді ол. Ал оған жол беруге болмайды.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.
Жол мұраты – жету
Елімізде барлығы 152600 шақырымға созылған автомобиль жолдары бар, соның 23500 шақырымы республикалық, 30500 шақырымы облыстық, 43600 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар. Біз республикалық дәрежедегі жолдардың күтімін қамтамасыз ететін «Қазақавтожол» РМК бас директоры Мереке ПІШЕМБАЕВТЫ әңгімеге тартып, маңызды жолдардың сақталуы жолында жасалып жатқан жұмыстарды білген едік.
– Біздің республикалық мемлекеттік кәсіпорнымыз Үкіметтің 2000 жылғы 14 қазандағы қаулысымен құрылған. Одақ ыдыраған соң бұрынғы «Казавтодор» алдымен мемлекеттік концерн формасындағы акционерлік қоғам болып құрылды. Ал облыстағы жол басқармалары акционерлік қоғам болып қалды. Автожолдар сол қоғамның балансында болды. 1996 жылға дейін осы тәртіп сақталды. Бірақ содан кейін автожолдарды мемлекет өз қарауына алу жөнінде шешім қабылданды, өйткені автожолдар мемлекет мүлкі, олардың дұрыс болуы сайып келгенде мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ал акционерлік қоғам жартылай жеке меншіктегі кәсіпорын, сондықтан Үкімет сол кездегі барлық облыс орталықтарында қазынашылық кәсіпорындарын ашып, солардың қарамағына автожолдарды берді. Бірақ жолдар берілгенімен акционерлік қоғамдар құрал-жабдықтарды бөлген кезде өздеріне дұрыстарын алып қалып, қазынашылық кәсіпорындарына ең бір жарамсыздарын, қаңқасы қалғандарын берген еді. Жағдай осындай болған соң жаңа кәсіпорындар жолды күтуге шамалары келмеді. Осындай тығырықтан шығу үшін жолдарды жеке меншікке беру туралы шешім қабылданып, біраз жолдар жекешелендірілді. Оларды алған кәсіпкерлердің де жолды күтуге шамалары келмеді, өйткені олардың қаржылық, техникалық мүмкіндіктері шектеулі әрі тәжірибелері жоқ еді. Осыдан кейін барлық қазынашылық кәсіпорындар біріктіріліп, біздің «Қазақавтожол» РМК құрылды. Ал мемлекеттік тапсырыс беру функциясы әрі мемлекеттік басқару ісін атқару Көлік және коммуникация министрлігінде жаңадан құрылған Автомобиль жолдары комитетіне жүктелді.
Қазынашылық кәсіпорындарының құрамындағы жол жөндеу учаскелкелерін (ЖЖУ) қайта құрып, оларға жаңадан жабдықтау жұмыстарын жүргіздік. Қазір «Қазақавтожолдың» құрамында 80 ЖЖУ, 177 жол жөндеу пункттері, 7 ағаш отырғызатын учаскелер бар. Олардың бәрі 14 филиалдың қарамағына біріктірілген. Бүгінгі күні біздің қарамағымызда 1,7 мың дана техника, соның ішінде көп функциялар атқара алатын құрамдастырылған жол мәшинелері (ҚЖМ), автогрейдерлер, шнекороторлар, бульдозерлер, жол тегістейтіндер, тиеу техникалары және басқа да механизмдер бар. Жыл сайын республикалық бюджет пен кәсіпорынның өз қаражатына жаңа техникалар алынып тұрады.
Біздің негізгі міндетіміз – республикалық маңызы бар автожолдарда қысы-жазы, күндіз-түні автомобильдердің тоқтаусыз жүруіне жағдай жасау. Соның ішінде алты халықаралық дәліз басым бағытымыз болып есептеледі.
Қыста жиі болып тұратын борандардан кейін қар басқан немесе көктайғақ болып қалған жолдарды тазартамыз. Жаз айларында жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Орта есеппен жылына 1,5 млн. шаршы метр шұңқыр тегістеліп, асфальт жаңартылады. Сонымен бірге 12 мың дана жол белгілері қойылып, 8 мың шақырымның жол айрықтары белгіленеді. Біз жол белгілерін халықаралық стандартқа сәйкестендіріп өзіміз жасаймыз. Осындай өнімдерді, соның ішінде дабыл тұғырларын, кедергі белгілерін жасай алатын өзіміздің өндіріс орнымыз да бар.
Жалпы, жолды ұзына бойына күнделікті бақылау жасап отыру керек, өйткені, оның бойында неше түрлі жағдайлар болып тұрады. Мәселен, қойылған жол белгісін соғып кету, сындырып кету немесе оның қатты желден бұзылып қалуы сияқты жәйттер жиі болады. Автокөліктердің ескерту белгісі болмаған соң апатқа ұшырап қалуы мүмкін. Сондықтан оны күнделікті бақылап отырамыз. Осы жұмыстар көзге көрінбейтін, бірақ бейнеті көп жұмыстар. Төтенше жағдайлар мен гидрометеорталықтар жолдардағы жағдайларды көбінесе біздің қызметкерлерден біліп отырады. Мәселен, қыста ТЖМ Астанадан 200 шақырым жердегі ауа райының қандай екенін біле алмайды ғой, ал ол жерде қатты боран тұруы мүмкін. Сондықтан, жол бойында жүрген біздің қызметтен ахуалды біліп отырады. Жолдағы жұ_мыскерлер байланыс құралдарымен толық жабдықталған. Айта кететін жәйт, енді төтенше жағдайлар, жол учаскелерінің жабылуы туралы ақпаратты өзіміз де хабарлап отыратын болдық. Оны Көлік және коммуникация министрлігінің www.mtk.gov.kz және «Қазақавтожолдың» www.kazavtodor.kz сайттарынан алуға немесе біздің тәулік бойы жұмыс істейтін диспетчерлік қызметіміздің 44-46-85 және қалтафондық 8-777-537-46-14 телефон нөмірлеріне хабарласып білуге болады.
– Мемлекет тарапынан сіздердің жұмыстарыңызға жылына қанша қаражат бөлінеді және ол күтімді, қалыпты жағдайда атқаруға мүмкіндік бере ме?
– Мемлекеттік бюджеттен бізге биыл 7,5 млрд. теңгенің тапсырысы берілді. Ал 23 500 шақырым жолды күтіп, қалыпты жағдайда ұстау үшін норматив бойынша 30 млрд. теңге бөлінуі керек, демек біз соның үштен бірін ғана аламыз. Бірақ бұл жолдардың үштен бірі ғана күтіледі деген сөз емес, қалған соманы біз өз тарапымыздан табамыз. Соның ішінде әкімдіктер өткізген тендерлерге қатысып, тікелей шарт бойынша солардың жұмысын орындау міндетін аламыз. Соның ішінде орташа жөндеу, күрделі жөндеу, сондай-ақ жаңа құрылыстарға да қатысып, тендерлерді ұтып жатамыз. Біздің ұжымға әкімдіктер сенім артады, өйткені мамандану әлеуетіміз басқалармен салыстырғанда жоғары және сол жаңа жолдарды артынан күтімге алатын өзіміз болғандықтан жұмыстарды сапалы атқаруға тырысамыз. Үкімет тарапынан тапсырыс сомасы биыл 13,5 млрд. теңгеге жетті. Жалпы айтқанда, 2010 жылы 2 мың шақырымдай жол жөнделді.
– Кадр мәселесі қалай шешіліп жатыр, еңбекақы көлемі оларды қанағаттандыра ма?
– Әлбетте, біз өзіміздің қаражатымызбен күні бүгін 32 жас маманды оқытып жатырмыз. Олармен шарт жасасып, оқу бітіріп келген соң бірнеше жыл міндетті түрде бізде қызмет істейді. Оларды Алматы және Өскемен қалаларындағы жол күту мамандарын даярлайтын жоо-ларда оқытудамыз. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан мен Қостанайдағы оқу орындарында қызметкерлеріміз тұрақты түрде мамандық жетілдіруден өтіп отырады. Бүгінгі күні «Қазақавтодорда» жалпы саны 3 600 адам қызмет етеді. Кадрлар тұрақты деп айтуымызға болады. Жол жөндеу қызметінде тікелей жүрген мамандардың, механизаторлардың еңбекақылары орта есеппен 80 мың теңге болады. Олардың көбі ауылдық жерлердің тұрғындары екенін ескерсек, бұл еңбекақының аз еместігін көруге болады. Оның үстіне бізде еңбек өтіліне қарай қосымша ақы төленіп тұрады. Оның көлемі кейде 50-60 пайызға жетіп жатады. Осындай жағдай болған соң жұмысшылардың жұмыстан шығып кетуі өте сирек.
– Техникамен жабдықталу мәселесі қалай шешілуде? Жаңа және жетілдірілген технологияларды қолдану жұмыстары бар ма? Шетелдік фирмалармен осы істер бойынша ынтымақтасу мәселелері қандай дәрежеде?
– Бұл мәселеде де айтарлықтай табысымыз бар. Жоғарыда айттым, қазір біздің 1710 дана техникамыз бар. Біз жаңа техникаларды республикалық бюджеттің және өз қаражатымыздың есебінен аламыз. Соңғы үш жылда осы мақсатқа 2,7 млрд. теңге жұмсалып, барлық филиалдарымызға жаңа техникалар алынды. Біз негізінен техникалар мен жабдықтарды Қытайдан аламыз, сондай-ақ Ресейден жеткіземіз. Айта кетерлігі сол, Кеден одағының арқасында ресейлік техникалар бұрынғыдан 25-30 пайызға арзандап, бізге жақсы болды. Жол жөндеу жұмыстары саласындағы жаңа технологиялармен де жұмыс істейміз. Мәселен, көктайғақ жолдарды бірден ерітіп жіберетін жоғары сапалы бишафит атты ұнтақ бар, соны суға қосып, ерітіндісін көктайғақ жерге құятын болсақ, асфальтты тап-таза қылады. Мұндайда бұрын тұз себетін едік, ал мына ұнтақ одан әлдеқайда тиімді. Өйткені, тұз сияқты желге ұшпайды. Қазір біз оның 20 тоннасын сатып алып қойдық. Сонымен қатар қысты күнгі шұңқырларды бітеуде мак ұнтағының негізінде дайындалған қоспаны пайдаланамыз. Оны - 25 градустық аяздарда да қолдана беруге болады. Ынтымақтастық туралы айтатын болсақ, өзіміздің «Жолкөлік» ҒЗИ және т.б. зерттеу орталықтарымен, соның ішінде ресейліктермен де тығыз байланыстамыз. Біздің жол жөндеу жұмыстарымыздың халықаралық стандартқа сай екендігі анықталып, ИСО 9001-2001 сапа сертификаты берілген.
– Республикалық жолдардың ішінде қандай учаскелердің қаупі зор?
– Ондайлар шамалы, дегенмен айта кететін болсақ, қыста Өскемен-Зырян жолының бойында қар көшкіні қаупі болып тұрады. Алматыдан шығып, Қытайға баратын жолдағы «Үшарал-Достық» учаскесінің қаупі бар. Сол жерге қашан барсаңыз ақ боран соғады да тұрады. Алматы – Өскемен жолы да жіті бақылауды талап етеді. Ал жазда бұл жолдардың еш қаупі жоқ.
– Елімізде болып жатқан халықаралық шаралар кезінде де сіздердің жұмыстарыңызда дамыл болмайтын шығар?
– Оған сөз бар ма? Біз ЕҚЫҰ саммиті кезінде 10 күндей түней жатып жұмыс істедік. Соның ішінде Астана – Бурабай және Алматы – Қарағанды трассаларының қапысыз болуын қамтамасыз еттік. Осы уақыттағы мінсіз қызметіміз үшін бірнеше жауапты қызметкерлеріміз бен жұмысшыларымыз Президенттің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды. Енді Азиаданың қапысыз өтуіне өзіміздің үлесімізді қосамыз. Бізге Алматы – Есік тас жолындағы Алматыдан шыққандағы 8-ші шақырымнан Талғар қаласына дейінгі 17 шақырымдық, Алматы – Нарынқол трассасындағы 9-шы шақырымнан арғы 19 шақырымдық жол бекітіліп берілген. Сондай-ақ, Тобағанға апаратын 15 шақырымдық жолға жауаптымыз. Оларға қажетті техникалар мен құрал-жабдықтардың бәрін дайындап қойдық.
Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.
Әр нәрсенің сәті бар
Өндірісті өңір мал шаруашылығын өркендетуді қолға алды
Сонау нарыққа көшкеннен бері де бәрінен де ең ауыр қиындықты ауыл шаруашылығы көргені мәлім. «Орнында бар оңалар» демекші, енді бүгін дала тынысы кеңейіп, алысқа тарап, танылып жатыр. Әдетте көзге өндірісті өңір ретінде елестейтін Қарағанды аймағының қазіргі бір қуат-тірегі қыр төскейіндегі еңбекпен еңселеніп, тіктеліп келеді.
Биылғы жыл ауыл жұрты үшін жақсылық хабармен басталды. Өздері әрдайым үміт күтетін бұған дейінгі бағдардамалардан жөні де, мәні де маңыздырақ, қазақы тілмен айтқанда, тайға таңба басқандай белгіленген «Облыс агроөнеркәсіп кешенін индустриялық-инновациялық дамытудың 2011-2015 жылдарға және 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған тұжырымдамасының» жобасы қабылданды. Ауылға деген ынта-ықыластың, қамқорлықтың уақыт талабына сәйкес барлық мүмкіндігі ойластырылып, қарастырылған ондағы іс-шаралар ауқымы өңірдің экономикалық күш-қуатының қаншалықты нығайғандығын көрсетеді.
– Жаңа бағдарламаның негізгі өзегі – үдемелі дамыту, азық-түлік түрлері сапасын жақсарту, бәсекеге қабілеттілік пен экспорттық өтімділікті көтеру, өнім көлемін арттыру, осы саладағы өндірісті озық технологиямен жеткілікті жарақтандыру, үздік тәжірбиелерді кеңінен қолдануды енгізу болып табылады, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Ниханбай Омарханов.
Саланың сан-алуан қырларына қанық маманның айтуынша, бағдарламаны дайындау барысында аудандардың жер жағдайлары, ауа райы өзгешеліктері, шаруашылықтың қай түрімен шұғылдануға бейімділіктері алдын-ала жан-жақты зерттеліп, соған байланысты мамандандыру бағдары айқындалған. Мәселен, табиғи жайылымы кең, шөбі шүйгін, суы мол Ұлытау, Шет, Ақтоғай, Қарқаралы аймақтары бірыңғай мал түлігін өрбітумен айналысса, ал егіншілік үрдісі әбден қалыптасқан Нұра, Осакаров жақ астық өндірісін дамытумен, Абай мен Бұқар жырау аудандары сонымен бірге картоп, көкөніс өсірумен шұғылданады.
Сөз орайында мал шаруашылығын сауықтыруға басым көңіл бөлінуін атауға болады. Мұның себебі де бар. Жекешелендіруден кейінгі жылдарда облыс бойынша төрт түліктің саны 30 пайызға дейін азайса, сапалық құрамы мүлде алаңдарлық халге ұшыраған. Асыл тұқымды мүйізді ірі қараның үлес салмағы – 0,6, қой мен ешкі – 5,4, жылқы 0,8 пайыз-ақ болуы күйінішті жайдың бірі. Мұндай қалып тез түзетілмесе өнім өтімділігіне үміт арту бос қиял болып қала бермек. Олай болмас үшін мал тұқымын асылдандыратын 25 жаңа шаруашылық құру көзделген. Оның үлесін 25 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Жергілікті тұтынушылардың ет өнімдеріне өсіңкі сұранысына сөйкес 12 мың бас сиыр және өгізді бордақылауға бағытталған 8 шаруашылық құрылады. Қазақтың ақ бас, қырдың қызыл сиыры, етті Әулиекөл тұқымын, Қарғалы қойын өсіруге бет бұрып, сол бағыттағы шаруашылық мәртебесін алған «Нұршат», «Ескене», «Отқанжар», «Жанболат» сияқты ұмтылушы серіктестіктерге үлкен қолдау көрсетіледі. Биыл мал шаруашылығы саласына бөлінген субсидияның 45 пайызы мүйізді ірі қараны, 25 пайызы қой, 3 пайызы жылқы өсірушілерге берілетіндігі де оларға зор көмек.
Жалпы, бұл салада жылдар бойына қордаланып қалған түйткіл жайлар бағдарламаны дайындау кезінде бірінен соң бірі шыға бергендігін айтпасқа болмайды. Кезінде 240 мың гектарды қамтыған көп- жылдық шабындық алқаптарының бүгінде 7-8 мың гектары ғана жарамды болуы, мал басын идентификациялаудың назардан тыс қалуы, өнімдерін өткізудегі қиындықтардың белең алуы, ветеринар, зоотехник мамандарын даярлаудың ескерлмеуі сияқты жәйттер бәрінің осы жолы бағдарламаға енуі оның маңызды бір қыры деуіміз керек.
Талай жылдан бері жырға айналған мал терісі мен жүн мәселесі де ақыры шешімін табатын болды. Есеп бойынша кәдеге аспай жатқан 1700 тонна қылшықты жүн бар қазір. Өңделуге сатып алынса, қойшыларға қосымша табыс көзі-ақ шіркін. «Игіліктің ерте-кеші жоқ» демекші, бұдан былай қарай сондай күн туғалы тұр. Қарқаралы ауданында ашылатын цехтың қуаты жылына 900 тонна жүн өңдеуге жетпек. Өңір өңделуге тиісті жүн және тері көлемін 56 пайызға қамтамасыз ете алады. Қалғаны Ақтоғай, Шет, Ұлытау, Жаңаарқа, көрші облыстардағы Баянауыл, Абай аудандарынан жеткізіледі. ҚХР кәсіпкерлері тарапынан осынау дайын өнімді тұтынуға тапсырыстар түсіп жатыр. Сонымен бірге фермерлер мал өнімдерін өткізудің қиындықтарынан да арылады. Етті өңдеуді молайту, сырт жерден тасымалдануын азайту мақсатында Бұқар жырау ауданындағы Көкпекті ауылында мал сою мен өңдеудің бүкіл санитарлық талаптары сақталған әрі технологиясы жетілдірілген кешенді орталық салынады. Әрбір ауылдық округте тұтыну кооперативтері, аудандарда сервистік-дайындау орталықтары құрылады.
Бағдарламадағы шаралардың іске асуы, ең алдымен, қаржыға келіп тірелетіндігі белгілі. Бұл жағы да мұқият ойластырылғандай. Республикалық және облыстық бюджеттен қарастырылған 130 миллиард теңгеге қосымша басқа да қаржы көздері алдағы он жылда игерілуге тиіс.
«Әр нәрсенің сәті бар» дейді халық. Жергілікті мал шаруашылығын дамытуға жасалған жаңа бетбұрыс соған сендіреді. Еліміз бойынша мүйізді ірі қара саны жағынан 7-ші, жылқы 4-ші, қой мен ешкіден 6-шы орында тұрған облыстың түліктер өнімдері түрлерімен алдағы уақытта өзін-өзі толық қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар.
Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.
Достастықта баламасы жоқ зауыт
Не аз болса сол қат дүние болатындығы белгілі. Қолынан күрегі, кетпені түспейтін оңтүстіктің халқы көктем туа тыртаңдап үй салып жатады. Дүниежүзілік дағдарыстың әлемнің етегінен тартып жатқаны есеп емес. Былтыр шаңырақ көтерген баласының отауын көтеруі керек. Келесі келін түсіргенде үйі тарылмас үшін. Күйдірген қызыл қыш керек демейді. Қам кірпіш құяды. Есік-терезе де оншалықты қымбат емес. Қымбаты – цемент.
Арзан цемент іздеп сабылып жүрер еді. Көктен тілегенін құдай жерден берді. Оңтүстікте Серікжан Сейітжанов деген кәсіпкер азамат бар. Тапқанын қойын-қонышына тыға беретін көркеуде байлардың қатарынан емес. Өзінің туған ауылы Шілікке мектеп салып берген. Басқа да айтулы істері бар.
Сол Серікжан Сейітжанұлы осыдан бірер жыл бұрын Сайрам ауданы, Тассай ауыл округіне қарасты Достық ауылынан цемент зауытын салмақ болып талаптанып еді. Салып бітті. Үкіметтің “30 корпоративтік көшбасшы” бағдарламасына кірген. Елбасының Жарлығымен бекітілген индустриялық картаға енген серпінді жобалардың бірі.
Әлемдік стандарттарға лайықталған алып зауыт 28 гектар аумақты алып жатыр. Жылына 1 млн. тонна цемент өндіретін зауыт М-400, М-500 маркаларынан бастап тампонажный цементті дайындайды. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Н.Әлтаев “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автомагистралына осы “Стандарт цементтің” өнімдері ғана сәйкес келетіндігін айтқан.
– Зауыттың жылдық өнім көлемі 10,5 млрд. теңге. Жобалау, қондырғыларды орнату, монтаж және іске қосу жұмыстарын әлемде осы салаға маманданған Қытайдың үздік құрылыс компаниясы “Тяньдзин цемент өндірісі ғылыми-зерттеу институты” жүзеге асырды, – дейді зауыт директоры Бауыржан Сейітжанов. – Оның мамандары келісім-шарт негізінде бір жылға дейін біздің зауытта болып, технологияны толық іске қосылуын қадағалайды. Қытай компаниясына таңдау салғанымыздың тағы бір себебі, негізгі инвестиция сол елдің банкінен алынды.
Зауыт директорынан өзімізді қызықтырған біраз сауалдарға жауап алғанбыз. Осы зауыт салынады дегенде етекте отырған Тассай ауылының тұрғындары “төбемізден цемент жауғызбаймыз” деп қарсылық көрсеткен еді. Зауыт басшысы мұндай алаңдаушылыққа негіз жоқ екенін айтады. Цемент “құрғақ әдіс” технологиясымен өңделгендіктен экологияға әсер етпейді әрі сапасы жоғары болады. Сонымен қатар, зауыт лабороториясының қондырғылары Германия, Франция және Норвегия сияқты мемлекеттерден әкелінген. Сондықтан оның баламасы ТМД елдерінде жоқ десе де болады.
Зауыттың босату бағасы базар нарқынан 20-30 пайыз төмен болмақ. Қазірдің өзінде Ресей, Белоруссия сияқты мемлекеттерден тапсырыс түсіп жатқанын ескерсек, бәсекеге қабілетті деген осы шығар. Бірақ, зауыттың алғашқы екі-үш жылғы өнімі халықаралық маңызға ие “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автомагистралінің құрылысына жұмсалмақ.
Қазірдің өзінде зауытта 650 адам жұмыс жасап жатыр. Оның ішінде 50 жас маман өндіріс қаржысы есебінен Тяньдзин ғылыми-зерттеу институтында оператор-механик мамандығына оқып қайтты. Ірі өндіріс орындары Қазақстанға керек. Әрине, өнеркәсіп толық қуатымен жұмыс жасағанда ауаға лас қалдықтар таралмайды деп айту қиын. Осыны желеу етіп кейбір басылымдар өндіріс іске қосылмай жатып жау шаптылап, айқайға сүрен қосып жатады. Талай өркениетті елдерге жолымыз түсіп жүр. Солардағы мыңдаған адамдар жұмыс жасайтын зауыттар қалай жабылып қалмай жатыр? Өйткені, ол зауыт, фабрикалар сол мемлекеттің күнкөріс көзі, адамдардың ертеңге деген сенімі. Сол зауыт, фабрикалар біздерге де керек.
Зауыттың ашылу салтанатында облыс әкімі А.Мырзахметов аталы сөз айтты. Жергілікті бюджетке жылына 25-30 млн. теңгедей қаржы төлейтін өндіріс орнының кемелденуіне тілектестігін білдірді.
Үкімет бөлген қаржыға әркім-ақ жұмыс жасайды. Мықты болсаң өз кәсібіңнен кіріс кіргізіп көр. Осыны көп айтып, өндіріс орындарының көптеп ашылуына түрткі болып жүрген облыс басшысының қуанышын түсінуге болады.
“Стандарт-Цемент” ЖШС зауыт салдым, өзгесінде жұмысым жоқ демепті. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде №3 жылу орталығынан 23 шақырымдық жоғары қуатты электр желісін жүргізген. Темір жол желісін тартқан. Жиырма метр тереңдіктен су тартатын қондырғы орнатқан. Бәрінен бұрын Тассай ауылдық округінен 240 орындық жаңа мектеп салып бергені азаматтық болды. Бұған дейін №96 мектепте үш ауысымда оқып жүрген оқушылар өз үйлері жанынан салынған жаңа мектеп үшін қуанышты.
Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.
Халықты риза еткен
Мемлекет басшысының жолдауларында халыққа қызмет көрсетудің жаңа бағыттары ұсынылып, «бір терезе» қағидасымен жаңа ғимараттар құрылысы басталғанына біраз жыл болды. Осылайша құжаттарды ресімдеудегі жұртшылықтың уақытын үнемдеуі мен сабылып жүруі оң шешімін тапты деуге болады. Қазіргі кезде өңірде 19 орталық филиалдары өз жұмыстарын бүгінгі күн талабымен жүргізуде. Десек те, халық санының үздіксіз өсуі бұл шараны ұдайы жетілдіруді талап етіп отыр.
Қаскелең қаласында халыққа қызмет көрсету орталығы ашылып, жаңажылдық үлкен сый болды. Жиында облыс әкімінің орынбасары Ансар Мұсаханов мемлекеттік заңдылықты сақтау мен азаматтардың құқықтарын конституциялық тұрғыда қорғап, қадағалау осындағы мамандардың басты міндеті екеніне, халыққа мінсіз қызмет көрсетудің маңыздылығына тоқталды.
Жаңа ашылған ғимарат облыстағы 11-ші жаңа орталық қатарынан саналып, 45 терезедегі қызметкерлер кезектегілерді қабылдады. Аз уақытта халықтың қатары сиреп, көрсетілген байыпты қызметке алғыстарын айтып жатты. Халыққа қызмет көрсету орталығының екінші қабатындағы АХАЖ бөлімінде өмірге келген жас нәресте Батыр Махамбетұлының ата-анасына туу туралы куәлік тапсырып, тәуелсіз елдің азаматы болуына ағалық тілек айтылып, аудан әкімі Ләззат Тұрлашов сыйлықтар ұсынды.
Құрылыстың сапалы салынғанына да көпшілік назар аударып жатты. Жергілікті бюджеттен бөлінген 300 млн. теңге толық игеріліп, орталық өркениетті техникалық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Сондай-ақ 45 терезенің алтауы жеке құжаттармен қамтамасыз етуге, бесеуі құжат әзірлеумен айналысып, бар жұмыс жүйеленіпті. Енді ұзын-сонар кезекке тұрып қиналмайтындықтарына қарасайлықтар риза.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.