Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау – еліміз өміріндегі аса айтулы оқиғалардың бірі. Осы орайда айтарым, мені сайлау учаскесіндегі жылы шуақты достық ауаны баурап алды. Өйткені, қызылордалықтар мұнда дауыс беру үшін мерекедегі секілді отбасыларымен келді. .
Парламент Мәжілісінің сайлауында «Нұр Отан» партиясы айқын басымдыққа қол жеткізді, көптеген отандастарым күткендей, өзге саяси партиялардан оқ бойы озық кетті. Сөйтіп, Орталық сайлау комиссиясының нақты қорытындысына сүйенсек, Президент Төрағасы болып табылатын саяси ұйым 82,2 пайыз дауыс жинады. Бұл көрсеткіш, қай жағынан алып қарағанда да, заңды көрінеді.
Жаһандық дағдарысқа байланысты күрделіліктер бізде де жоқ емес. Алайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясаты мен дағдарысқа қарсы нақты шараларының, жұдырықтай жұмылған қазақстандықтардың бірлігінің арқасында біз тұрақтылық мекені болып қалып отырмыз.
Бұған біздің Арал өңірінің өмірі де жарқын мысал бола алады. Соңғы жылдары Арал өңірі мұнайға тәуелділіктен сенімді түрде бас тартып, үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның шеңберінде мемлекеттің қолдауымен өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін арттыра түсуде. Шағын және орта бизнеске қолдау да күшейіп келеді. Біздегі жұмыссыздық деңгейі тәуелсіздік алғалы бері ең төмен тұр.
Сөз орайында өздерінің кандидаттарын Парламент Мәжілісі мен жергілікті өкілеттік органдарға ілгерілеткен саяси партиялардың сайлауалды бағдарламаларының креативтілігін де атап өткен жөн. Барлығының да ұмтылысы біреу, ол – қазақстандықтардың өмір сапасын жақсарта түсу. Әрине, азаматтарымыз еліміздің табыстарын қай қырынан да көріп келеді және жоғары бағалайды. Сондықтан, табысты саяси бағыттан ауытқығанды қаламайды. «Нұр Отанның» жеңісінің сыры да, міне, осында деп түсіну керек.
Абзал ЕРАЛИЕВ,
Қазақстанның Еңбек Ері,
«Абзал және К» ТС директоры.
Қызылорда облысы.