• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
25 Наурыз, 2016

Жерұйық

530 рет
көрсетілді

Сөз басы «Тегін білмейтін қара Иван бол­маңдар» деген екен Ленин жа­рықтық. «Күн көсемнің» бір­талай еңбегін ҚазМУ-де оқып жүр­генде саусақтарымыз ойыл­ған­ша конспектілегенбіз. Диа­мат (диалектикалық материализм), истмат (тарихи материа­лизм), ғылыми коммунизм пән­деріне бес жылғы университет оқуының үш жылын, бір жылын КПСС тарихына арнағанбыз. 55 том еңбектің, әрине, бәрін кеміріп оқыдым дей алмаймын. Сондықтан да Лениннің бұл сөзін ұшырастырмаппын. Нұрағаң, Нұрмахан Оразбеков редакторымнан естідім мұны. – «Лениншіл жас» газетінде қыз­­мет атқаратынмын. Бір ма­те­риа­­лым­ды редактор жария­ла­май қойды. Салып ұрып бас­ты­ғыма жетіп барып, мән-жайды сұ­р­а­дым. «Қара Иван» деген сөзі­ме екі шоқып, бір қарап, сауыс­­қандай сақтанып отыр екен. «Оу, Владимир Ильичтің пәлен томы­ның пәленінші бетінде тұр ғой. Көсемнің өз сөзінен неге қор­қамыз» деп кеуделедім ке­ліп. «Жоқ, болмайды. Мұндай сөз­дері бар шығар. Бірақ, біз баса алмаймыз» деп міз бақпады. Редак­тор­дың аты редактор. Ақыры, иландыра алмай, салым суға кеткені бар, – деп күлді Нұрағаң. Өзегін өртеген запырандай ащы күлкі екенін ұқтым. Ағамыз қапа­ланған жағдайдың бірталайын біз де бастан өткергенбіз. «Іш қазан­­дай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» болған талай рет. Горбачевтің қайта құруы дәуір­л­еп тұрған кез. Бүкілодақтық ХІХ партия конференциясы өт­кен. Бәрінің аузынан жалын атады «демократия» дегенде. Түгел сайлану керек. Аупартком хатшылары бұрыннан сайланады. Енді пленум немесе бюро мүшелерін сайлағанда міндетті түрде баламалы кандидаттар болу керек. Қайта құру талабы бойынша. Неше түрлі сайлауды көр­дік. Басқаларын айтпағанда, облыс басшысын сайлау үшін екі тәу­лік ырғастық. Ақыры, обком бірінші хатшылығына басқа ұлт өкілі өте шықты. Айтып айтпай не керек, шахта, зауыт, сов­хоз директорлары түгел дауысқа түс­ті. Тіпті, редакциядағы бөлім мең­герушілеріне (ішінде өзім де бармын) шейін сайландық. Жарайды, біз біртекті қазақтармыз ғой. Бас­қа ұлттар араласқан жерлерде қазақ­тың хатшылары да, депутаттары да, талай марғасқа азаматтары да сайлауларда оңбай омақасып, жаппай жеңілді. Қайта құру демократиясының саны аз ұлттардың өкілдерін өсір­мей­тінін, қайта өшіретінін 1990 жылы Компартияның органы «Социалистік Қазақстанда» жаз­ған­мын. Тарих тегер­шігі солай айналуға тиіс еді. Ұлы державаның ортақ қазанына босағадан ғана сығалап жүрген Қазақстандағы жүз ұлттың ішін­дегі қазақтарға КСРО-ның құлағын ұстап отырған компартия да, жетпіс жыл айнымас дос, бауыр болып келген аға ұлттың да, басқа ұлттың да халқы Желтоқсан көтерілісін кешіре алмады. Елге кие, жерге ие екенімізге де қара­ған жоқ. Жалған интернационализм шіріген жұмыртқадай бір-ақ күнде жарылды да қалды. Сөйтіп, Қазақстандағы халықтар бірлігінің, ұлттар достығының лабораториясы осылай күл талқан болғанын көзбен көрдік. Еліміз есін жиды, халқымыз алды-артын парықтай бастады. «Көппен көрген ұлы той» деп жүріп жетпіс-ақ жыл ішінде Ленин айтқан «қара Иванға» өзі­міз айналып кете жаздаппыз. Алла сақтады, періште қақ­ты. Әншейінде, көнегін сыртқа салып, алып державаның атқора­сы­на кірмеймін деп ер-тоқы­мын мойнына алып тулауға әзір тұра­тын Кавказ, Балтық жаға­лауы­ның мінезі шәлкес одақтас респуб­ликаларының өзі жуасып қал­ған кез. Сол тұста ақырып тең­­д­ік сұрап, атойлап шыққан Жел­­тоқ­­сан көтерілісін жа­са­ған қазақ жастары мыз­ғы­мас­тай көрінген одақтың ірге­сін ірітіп, шаңырағын шайқап, Тәуел­сіздік таңы рауандап атқан еді. Мың өліп, мың тірілген қазақ үшін. Тәу­бемізді айтқанбыз сонда бәріміз. Біртекті ұлт – біртұтас мемлекет Пенде болған соң адам бұрын көр­ген қорлығы мен азабы үшін, кемсіту мен келемеждеудің, түйе­дей шөктіру мен шөміштен қағудың небір сорақылығы үшін есе қайтаруы әділетті көрінуі мүм­кін. Бай мен бағланды, қожа мен молданы бишікпен қуған жарлы-жақыбайлар билігі солай істеген. Бұл – компартия көсем­дерінің қолдарынан келген, ақыл­дары жеткен саясаты еді. Елбасы Н.Назарбаев жас мем­ле­кет­ті ыдыратпайтын, халықты ала қойдай бөле қырықпайтын, қай­та бір мақсатқа, бір мұратқа жұ­мыл­дыратын сонарға салыпты елі­мізді. Мұны 25 жыл өткен соң ғана байыптап отырмыз. Ол кезде біріміз қолдадық, біріміз қарсы болдық. Тұңғыш Президентіміз бүлінгеннен бүлдіргі де алмады. Қарсы болғандар кешегі тізе­сін батырғандарды бір тілде сөй­лейтін халыққа тез арада айналдыруды ұсынды. Ниеттері дұрыс-ақ, әрине. Бірақ басқа ұлттарға өте қолайлы әлеуметтік, мәдени, саяси жағдай туғызылған күннің өзінде Оралда, Қызылжарда, Өс­ке­менде орманға қарап қобал­жығандар болды. Бәрін Ел­ба­сының парасатты саясаты байсал таптырды. Албырттық аң­ғырт қадамға бастайтыны аян. «Асық­қан – шайтанның ісі» деген ғой бабаларымыз. Осы Қарағандының өзі толқып барып Н. Назарбаевтың арқасында басылғанын көзбен көрдік. Шах­терлер көшеге шығып кетті. Ол кездегі «Карагандауголь» комбинатында ғана 100 мыңнан астам кенші жұмыс істейді. Осылардың бәріне емес, тек жартысына ие болып көр. Әдетте, экономикалық талап­тың соңы саяси талаптарға ұласып, арты қиянкескі текетіреске, қан­төгіске айналып кетуі мүмкін екенін басқа елдердің мысалынан байқадық талай рет. Еншімізді алып, одақтан бөлі­ніп шыққан бетте облысқа шахта директоры П.Нефедов басшы болып тағайындалды. Әрі қом­сындық, әрі кеткен есеміз қайтпады-ау деген өкпеміз де болды. Бірден-бір дұрыс және көрегенді шешім екен. Топан судай толқып тұрған шахтерлердің тілін шахтер, саны басым ұлттың өкілі ғана табады екен. Кейін бәрі орнына келді. Негізі үлкен саясат ауылдар­да, тіпті, аудандарда емес, облыс орталықтарында, әрине, Ас­тана­да жасалады. Қарағандыда ең­бек жолын бастап, осында шарбо­латтай шыңдалып шыққан Нұр­сұлтан Назарбаев кеншілер қаласының жай-жапсарын бүге-шігесіне дейін білетін. Халықтар мидай араласқан аймақ еді ол кезде облыс. КарЛАГ, тың көтеру, бүкілодақтық маңызы бар Маг­нит­ка Қарағандыға талай ұлттың өкілін еркінен тыс желкелеп те, жел­пінтіп те тоқайластырған. Үшін­ші көмір ошағы тағы осында. Қа­зірге дейін бұрынғы КСРО аума­ғындағы елдерде: «Где, где, в Кара­ганде» деген сөздің халық аузынан, кинофильмдерден түспеуі содан. 1976 жылы ҚазГУ бітіріп Қара­ған­­д­ыға келдім. Қазақ кездес­тіре алмай шошыдым. Автобуста жал­ғыз өзің ғана келе жатасың. «Жалғыздың үні шықпайды, жаяу­дың шаңы шықпайдының» нағыз өзі. Қалада таза қазақша жұмыс істейтін төрт-ақ мекеме бар екен. Қазіргі №7 және №2 мек­теп-интернат, Сәкен театры және «Орталық Қазақстан» газеті. Бала­ларымыз түгілі, өзіміз орыс­ша­лап кете жаздадық. Санақ мәлі­метін келтірсем, бәрі түсінікті болады. Кеңес Одағы тұсында бірнеше рет санақ жүргізілген. Соның Қара­­­­ғанды қаласы бойынша ғана цифр­­­ларына жүгінсек, жағаңды ұс­­т­ай­­сың. 1959 жылы көмірлі қала­да 382 494 адам тұрған. Соның 33 494-і ғана қазақ (8 пайыз), 207 842 -і орыс (54 пайыз), 37 103-і (9 пайыз) украиндар болған. КСРО-ның тағы бір санағы 1979 жылы жүргізілген. Қолдағы мәлімет бо­йын­ша Қарағандыда 566 766 адам өмір сүрген. Соның 56 431-і (10 пайыз) ғана қазақ. Арадағы 20 жыл ішіндегі өсім – 2 937 ғана. Терең ойға батыратын цифр емес пе? Қарағандыға әртүрлі ұлттар­дың ағылып келуінің, жергілік­ті халықтың азшылыққа айналуы­ның объективті себептері жетер­лік. Кеңес Одағына көмір мен темір, ядролық полигон, космодром керек болатын. Компартия аз қазақтың көз жасы көл болғанын қайтеді. Социализм мен капитализм тайталасында бір ұлттың құрбан болуы одақ көсемдері үшін бір үйір жылқының шығынындай көрінген. Басқа ұлттардың көбі КарЛАГ-қа айдалып, біршамасы жер аударылып, ендігі бір бөлігі комсомолдық құрылыстарға келгендер. Біреуді кінәлаудың реті жоқ. Қазақтың маңдайына соны жазып тұр. Көшіп келгендер қазақтың бауырмалдығы арқасында тез жерсінді, үй ішінен үй тігем деген жоқ. Елбасы Н.Назар­баевтың «Ұлт Жоспары – қазақ­стандық арманға бастайтын жол» деген терең мағыналы мақаласында: «ЕЛ» сөзінде үлкен бірік­тіруші күш бар, өйткені, бар­л­ық уақыттарда да туған жер қазақстандықтар үшін ең жақын және өзіне тартушы құндылық болған және болып қала береді», деп жазады. Рас, біздің басқа ұлттармен көп аралас-құраластығымыз бар басқа өңірлерге қарағанда. Бүгінгі ұрпақ – сол көшіп келгендердің балалары мен немерелері. «Біз осы жерде туғанбыз, Отанымыз – Қазақстан» деп отырады өздері. Алакөздемейміз, бауырға тартамыз. Елбасы мақсаты да – осы. «Біздің жолымыз – ол бір­лік жолы және азаматтық бір­тек­тілік негізінде ұлтты дәйек­тілік­­пен қалыптастыру жолы. Қа­зақ­­стандықтардың азаматтық бір­­тектілігі мен біртұтастығын ны­ғайтуға бағытталған ТӨРТІНШІ РЕФОРМАНЫҢ мәні де дәл осында», деп түйін­дей­ді Нұрсұлтан Әбішұлы. Мәңгілік Ел «Алтын Орда» дәуірінде алты Алаштың бір бұтағы – он сан ноғай бүлініп, қазақтан ірге бөлген. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген бабаларымыз. Саяқ кетті де н­оғай таланды, Қазақ ордасы ор­тайды. «Алтын орда» әлсі­реп, ақыры тарап тынды. Абыз тари­хымыз­дың бүгінгі шәкірт­теріне ұс­таз ретінде берген сабағы осындай. Елбасы Н. Назарбаев түбі бір туыстас халықтармен қоса, жүзі басқа, жүрегі бір ұлт өкілдерін бір үйдің балаларындай ұйыстырып, біртұтас елге айналдыру міндетін қойып отыр. «Бізде қазірдің өзін­де екі негіз бар. Оларды дам­ы­та отырып біз өзіміздің Бо­ла­шағы Бір­тұтас Ұлтты дәйекті түрде нығай­та береміз. Біріншіден, ол – Қазақстан халқы Ассамблеясы... Ассамблея – біздің қазақ­стандық біртектіліктің негізі де осы... Біртектілік пен біртұтастық бойынша бүкіл жұмысты біз Қазақстан халқы Ассамблеясы айналасында түзетін боламыз. Ол шешуші қағидат», деп мәселенің мәнін жіліктеп береді Нұрсұлтан Әбішұлы. Рас, осы Ассамблеяға күні кеше­ге дейін көбіміз қырын қара­дық. Жергілікті ұлтты жетіс­тірмей тұрып, өзгелерде неміз бар деген өзімшілдік өктемдеп тұрды өзегімізде. Осы өзіміз сияқты жеке мемлекет құрған одақтың бұрынғы кейбір республикаларындағы ұлт, әсіресе, тіл мәселесіндегі қиғаштықтың арты неге апарып соққаны белгілі. Әлі бір мәмілеге келе алмай жатыр. Осыдан кейін ғана Елбасы құрған Ассамблеяның қадірін ұғындық. Болашақты болжау, алысты ойлау осындай-ақ болар. Тәуелсіздігіміздің ширек ға­сыр­лық уақытында жақсы бір үр­діс байқалады. Басқа ұлттардың беті бері қарады. Мемлекет құру­шы біздердің маңымызға топтаса бастады. Мысал көп. Әлем мойындаған әйгілі қарағандылық боксшы Г.Головкин: «Әкем – орыс, шешем – корей, өзім – қазақ­пын», деп жай жарнама үшін айта салмаған бұл сөзді. Шаршы алаңға қазақ шапанымен шығып, жеңіске жеткен сайын көк туымызды аспандатып, қазақша атойлайды: «Алға, Қазақстан!» деп. Ал, 52 пұт (832 кг) кірдің тасын көтерген Балуан Шолақтың өзі болмаса да, көзіндей ауыр атлетші И.Ильин шетелде еліміздің гимні қате ой­налғанда табандап тұрып қайта шырқатты. Бұл – қазақстандық патриотизм. Айтпақшы, кезінде екі-ақ қазақ мектебі болған Қарағандыда, аралас оқу орындарын қоспағанда, дәл қазір 10 қазақ мектебі жұмыс істеп тұр. Облыста басқа ұлттың 788 баласы қазақ мектебінің партасында отыр. Сең жүрді деген осы. Таяуда ғаламтордан оңтүстік өңірден 400 отбасы Солтүстік Қазақ­станға қоныс аударғанын оқыдым. Ішім жылып қалды. Талай көшті бастан өткерген көш­пен­ді­лер ұрпағымыз ғой. Әсіресе, жоңғар шапқыншылығы тұсында жиі болған көші-қон. Айталық, Қарқаралыны жайлап отырған бүгінгі тұрғындардың ата-бабалары бұрын Түркістан төңірегін, Сыр бойын жайлаған. Қаздауысты Қазыбек би бастап 1740 жылы Қарқаралы өңіріне қоныстанады (А.Байтұрсынов «Ақжол» 153-бет, Алматы. «Жалын» баспасы. 1991 ж.). «Еншісі бөлінбеген қазақпыз» дейтін халқымызға Ұлы Даланың қай пұшпағы болсын өз жері. Соған орай, оңтүстікте тығыз отыр­­ған халық солтүстікке қоныс ау­дар­са, кең өлкеде көсіле шаруасын дөңгелетіп, малы мен жанын ес­елеп өсіріп, ортайып тұрған теріс­кейдің іргесін бекіте түседі ғой. Бұл да бағдарламаның баян­ды бола бастағанының нақты нәтижесі. «Біз көптеген сынақтарға абыройлы төтеп бердік. Шынықтық, рухымызды күшейттік. Біз жаңа Қазақстанды – Ұлы Дала елін құрдық. Ұлт Жоспарын орындай оты­рып, біз өзіміздің ұлттың өрлеу дәуірінің көкжиектерін кеңей­теміз, өзіміз Тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген және бізге жаһандық даму берген бар­лық мүмкіндіктерді пайдаланамыз», деп түйіндейді Елбасы Н.Назарбаев мақаласын. Көшбасшымыздың Жерұйыққа – Мәңгілік Елге бастаған осы ба­ғыт-бағдарынан адаспай, бір жаға­дан бас, бір жеңнен қол шығару бір­текті, біртұтас ұлтқа айналатын мұқым қазақстандықтардың парызы. Мағауия СЕМБАЙ, «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. ҚАРАҒАНДЫ.