«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы «Қазақстан-2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясын құру туралы бастама көтерді. Бұл туралы партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин 12 қаңтарда Орталық аппаратта өткен брифингте мәлім етті.
«Бүгін «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту бастамасы бойынша референдум өткізу үшін «Қазақстан-2020» демократиялық күштер коалициясын ұйымдастырып отыр. Бұл коалиция Президентіміздің өкілеттігін ұзарту бастамасы бойынша референдум өткізуді қолдап және осы референдумды жүзеге асыруға байланысты барлық шараларды қолға алатын болады. Сол себептен, біз еліміздегі барлық саяси партияларды және қоғамдық ұйымдарды осы коалицияға кіруге шақырамыз», – деді өз сөзінде Нұрлан Нығматулин.
Ал коалицияны құруға еліміз бойынша миллиондаған қазақстандықтар қолдаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту бойынша жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама себеп болып отыр. Бүгінгі күні референдумды қолдап 5 млн. адам қол қойған.
Коалицияны құруға ұйытқы болғандар Қазақстанды жаңартудың 10 жылдық бағдарламасын жүзеге асыру үшін барлық қазақстандықтардың бірігуі, бар күшті бір арнаға топтастыруы ауадай қажет деп біледі. Ал жүктелген тапсырмаларды табысты орындау – ол тікелей жаңа стратегиялық бағдардың жебеушісі ғана емес, мемлекетіміздің одан әрі дамуының кепілі саналатын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен байланысты екені сөзсіз. Демек, жалпыұлттық коалицияның құрылуы референдум идеясын қолдау үрдісіне тың серпін беруге қабілетті болмақ.
Брифингке құрамында саясаткерлер, зиялы қауым өкілдері, журналистер бар еліміздің танымал қайраткерлері қатысты.
«Егемен-ақпарат».