Кеше Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Ресей Федерациясының Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және апатты оқиғалардың салдарларын жою істері жөніндегі министрі Владимир Пучковпен кездесті.
Кездесу барысында ведомство басшылары ынтымақтастықты жандандыру туралы хаттамаға қол қойды. Хаттама халықты төтенше жағдайлардан қорғау саласында Қазақстан-Ресей арасындағы өзара іс-қимыл жасасу деңгейін арттыруды көздейді. Нақты айтқанда, онда екі елдің тиісті ведомстволарының апатты оқиғаларды болжау, алдын алу және салдарын жою мәселелері бойынша ынтымақтастықты одан әрі жандандыру көзделген.
Сонымен қатар, хаттамада халықты және аумақты табиғи апаттардан, техногендік апаттардан қорғау саласында тәжірибе алмасу, сондай-ақ, төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелерінде кешенді шараларды пысықтау мақсатында тұрақты түрде кездесулер мен кеңейтілген кеңестер өткізу шаралары қамтылған. Осыған байланысты енді трансшекаралық сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында шекаралық деңгейде өзара іс-қимыл жасасуға ерекше назар аударылмақ.
Кездесу достық жағдайда өтті және төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарларын жою бойынша жан-жақты өзара іс-қимыл жасасуды арттыруға екі тараптың да мүдделі екенін көрсетті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы ІІМ баспасөз қызметі.