Өскеменде Наурыз күні қарсаңында екі білім беру мекемесі есігін айқара ашты. Ұлыстың ұлы күнінде облыс орталығында №46 мектеп пен «Азамат» балабақшасының тұсауы кесілді. Салтанатты шараға қалалық ақсақалдар кеңесі мен жергілікті басқармалар және ата-аналар қатысты. Өскеменнің экологиялық таза ауданынан бой көтерген көрікті жаңа мектептің ашылу рәсімінде мерекелік дастарқан жайылып, меймандар Наурыз көжеден дәм татты.
Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжановтың айтуынша, жаңа мектеп шаһардағы заманауи құрал-жабдықтармен толық жарақтандырылған алдыңғы қатарлы білім ордаларының санатында.
– Бұл мектепте білім алатын оқушыларымыз ғылым мен өнер саласында үздік нәтижелер көрсетеді және келешекте елімізді алға жетелейтін азаматтар болады деп сенемін, – деді қала әкімі.
Сондай-ақ, шаһар басшысы жаңа шағын ауданда инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандар салу бағытында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Алдағы уақытта мектеп ауласында спорт алаңы мен теннис кортын ашу жоспарланып отыр. Жібек маталар комбинаты шағын ауданының жанынан салынып жатқан №19 аудан жыл өткен сайын түрленіп, өсіп келеді. Жаңа ауданның тұрғындар қатары артқан сайын әлеуметтік нысандардың да қажеттілігі туындап отыр.
– Мектебіміз 1000 орынға есептеліп салынған. Қазір 936 оқушымыз бар. Мектеп бір ауысым бойынша жұмыс істейді. Жаңа инновациялық технологиялар енгізілген, оқушылар үш тұғырлы тіл бағдарламасы бойынша оқытылуда, – деді мектеп директоры Гүлфарида Ауғанбаева.
Аталған білім ордасында бірқатар үйірмелер құрылып, таңдаулы пәндер бойынша тереңдетіп оқыту жолға қойылған.
Наурызда тұсауы кесілген келесі нысан – мемлекеттік-жеке әріптестік бағдарламасы аясында салынған «Азамат» балабақша-бөбекжайы. 120 орынға лайықталған балабақша корпусы заманға сай жабдықталған. Қазіргі кезде облыс орталығында 1-ден 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді мектепке дейінгі мекемемен қамту деңгейі 93,4 пайызды құраса, 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту 99,2 пайызға жетіп отыр.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.