• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Наурыз, 2016

Қытай елі қымызға қызығады

697 рет
көрсетілді

Жақында қытайлық кәсіп­керлердің қазақтың ұлттық та­ғамдары қымыз бен құртқа мол көлемде тапсырыс беріп, сатып алатындары туралы мәлімет шықты. Олар осы екі ұлттық тағамы­мызды зертха­налық сараптамадан өткізіп, жоғары сапалы өнім түріне жатқызғаннан кейін қымыз бен құртты сатып алатындары туралы айтты. Осыған байланысты Қытай еліне ұлттық тағамдарымызды сатуды Павлодардың «Сағып» шаруа қожалығы қолға алды. Бұл қожалық бұған дейін қымыз өндірісімен танымал болғаны белгілі. Қазіргі кезде оның қы­мызы Астанадағы 8 үлкен су­пермаркетте, одан қалды Мәс­кеудегі қазақ өнімдері саудаланатын дүкенде сатылады. Қазақтың ежелден келе жат­қан қазынасы саналатын қымыз бен құртқа Қытай кәсіп­керлерінің қызығып, мол көлемде тапсырыс беріп отырғаны тегін емес. Өйткені, қазақтың қымызы ешбір қоспасыз, табиғи түрде дайын­далады. Ол көптеген ауру, сыр­қаттарға ем. Бие сүті ең ал­ды­мен құрт ауруына жақсы ем бола алады. Қазіргі таңда қы­­мыздың көптеген ауруларды, атап айтқанда, өкпе ауру­ла­рын емдеуде, қан айналу жү­йесіндегі қан тамырларының жұм­сақтығы мен беріктігін қам­тамасыз ететіні, қандағы қызыл қан түйіршіктерімен (эритроцит) гемоглобин синтезіне әсер ететіні, ағзада жүретін зат алмасу процестерін жақсартып, жалпы иммунитетті күшейтетіні анықталған. Сол сияқты құрттың да көптеген пайдалы жақтарын айтуға болады. «Сағып» шаруа қожалығының басшысы Тө­леу Құшманова қытайлық кәсіп­керлердің қымызға ғана емес, құрт­қа да қызығып жатқанын ескеріп, енді жылқымен қатар сауын сиырлар алып, құрт-ірімшік өндірісіне кірісуді қолға аламыз деп отыр. Оның айтуынша, құрт жасау аса қиындық туғызбайды. Себебі, ол кәдімгі әжелерімізден жеткен көне әдіспен қарапайым түрде дайындалады. – Қазір біз құрттың шайға ар­налған тәтті түрі мен сорпаға қосылатын ащы түрін дайындап жатырмыз. Бұл құрттарды жасау үшін біз ешқандай жаңалық ашқан жоқпыз. Ол ықылым заманнан бүгінге дейін тарам-тарам ұрпақ арқылы келе жатқан әжелеріміздің технологиясы бо­йын­ша жасалады. Біз Қытайға 220 литр қымыз бен 60 кило құрт сатқанбыз. Қытайлықтар соның дәмін көргеннен кейін ұлттық тағамдарымызға қызығушылық танытып отыр», – дейді Т.Құш­манова. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан».