...зауыттың құрылысы басталады
Жетісу жерінде тағы бір жаңа зауыт құрылысы қолға алынатын болды. Облыс әкімі көршілес Қытайдың «Вест-цемент» корпорациясының президенті Джимин Жангты қабылдап, Кербұлақ ауданында салынатын жаңа зауыт жайлы әңгіме өрбітті.
«Вест-цемент» корпорациясы Лондонның қор биржасында тіркеліп, әр елде 8 цемент зауыты жұмысын жалғастыруда екен. Оларда жылына 15 млн. тонна цемент өндірілсе, оның 6 млн. тоннасы экспортқа шығарылып, тұтынушы сұранысын қанағаттандырған. Өткен жылды 2 млрд. доллар пайдамен аяқтаған корпорацияның президенті цемент өндіруге қажетті шикізат жеткілікті Кербұлақ ауданының аумағында биыл зауыт құрылысын бастау туралы жоспарларымен де бөлісті.
Цемент зауытын салу екі жаққа да тиімді. Оның маңызы сонда, қосымша жұмыс орнын ашумен қатар, облыс экономикасына әкелетін пайдасы зор.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.
...газ құбыры жеткізілді
Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылына негізгі магистраль – Новопавловтан ұзындығы 78 шақырым газ құбыры жеткізілді. Мұнда бес мыңға жуық тұрғын бар. Қазірдің өзінде алғашқы үйлерге көгілдір отын кіргізілді. Осы ауылда туып-өскен қазақтың ақын қызы Ақұштап Бақтыгереева өз тілегін былайша жеткізді.
– Ауылыма келген сайын замандастарым мен сіңлілерімнің тезек жағып, күл шығарып жүргенін көргенде жүрегім сырқырайтын еді. Енді міне, бүгін табиғи газдың жанып жатқанын көрдім. Тамаша аурухана салыныпты. Жол жөнделіп жатыр екен. Сендердің жүздеріңдегі қуанышты көргенге шексіз бақыттымын.
Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.
...мектепке дейінгі орталық
Ақтөбе қаласының Кірпішті ауданында ашылған орталық «Аружан» деп аталады. Қарғалы өзенінің әсем жағалауында орналасқан орталықта бүлдіршіндердің білім алып, тіл білуіне және өзге де өнер түрін үйренулеріне барлық жағдай жасалған. Жалпы, көлемі 2 мың шаршы метр болатын үш қабатты орталықта жеке оқу, ойын, демалатын бөлмелермен бірге, музыка және спорт залы, медициналық пункт жұмыс істейді.
Ол дербес жылу жүйесі арқылы жылытылады. Ғимарат бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Орталықтың аумағында спорт, футбол, баскетбол, волейбол алаңы мен шаңғы жолы және мұз айдыны бар. 150 орындық орталықтың құрылтайшысы — «Сымбат» жеке мекемесі.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.