АҚТӨБЕ. 21 наурыз. Ақтөбеде әлеуметтік дүкен ашылды. Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданының тұрғындарын мерекемен құттықтады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Сонымен қатар, облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда өңіраралық кооперация және халықты қол жетімді бағадағы азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті билік тарапынан атқарылып жатқан шараларға тоқталды.
Ақтөбеліктер соңғы екі апта ішінде оңтүстік өңірлердің қатысуымен ұйымдастырылған жәрмеңкелерге қатысып, бағасы арзан азық-түлікке қол жеткізуде. Қызылорда және Жамбыл облыстарының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері көкөніс, күріш. жарма, балық және басқа да өнімдерді нарық құнынан 15-20 пайыз арзан бағамен сатуда.
Осы жылдың 26 наурызында «Қоныс» спорт сарайында Оңтүстік Қазақстан облысы өнім өндірушілерінің қатысумен ірі жәрмеңке өткізу көзделуде. Сондай-ақ, оңтүстік аймақтағы үш облыстың тауар өндірушілерімен сұранысқа ие халық тұтынатын тауарлары, киім-кешек, кілемдерді төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік жасайтын көрме ұйымдастырылады.
«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы оңтүстік өңірлерден әкелінетін және жергілікті жерден шығатын өнімдер облыс орталығындағы 10 коммуналдық базар мен сауда нүктелерінде сатылады. Біз осындай сауда нүктелерінің санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Солардың бірі осы ауданда бүгіннен бастап өз жұмысын бастады. «Нұр-Ақтөбені» таңдауымыз бекер емес. Мұнда мемлекеттік бағдарламамен салынған 11 үйде 15 мыңға жуық адам тұрады. Шағын аудан көлемі әлі де кеңейетін болады», – деп атап өтті облыс әкімі тұрғындар алдында сөйлеген сөзінде.
Одан бөлек, аймақ басшысы жергілікті биліктің халыққа кешенді қызмет көрсететін аула клубтары мен орталықтарын ашуды дамыту туралы жоспарларымен бөлісті. Бердібек Сапарбаев аумағы 180 шаршы метрді құрайтын дүкенді қарап шығып, тауар түрлерімен және олардың бағаларымен танысты. Бұл жерде «Рамазан» ЖШС, «Айс» ЖШС секілді жергілікті өндірушілердің өнімдерімен қатар кооперация аясында оңтүстік өңірлерден жеткізілген ауыл шаруашылығы өнімдері де молынан ұсынылуда.
Сатыбалды Сәуірбай.
Дерек, сурет: egemen.kz.