• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
24 Наурыз, 2016

Көркемсөз оқу шеберлері анықталды

1205 рет
көрсетілді

ТАРАЗ. 24 наурыз. Жамбыл облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлері» облыстық байқауы  өткізілді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Байқауға аудандар мен Тараз қаласында өткен іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары атанған 16-22 жас аралығындағы 11 үміткер қатысып, бақтарын сынады. Облыстық байқау Қордай ауданында өтті. Аудандар мен Тараз қаласынан іріктеліп келген өнерпаздар байқаудың шарты бойынша алдымен прозалық, драмалық жанрлар және мәнерлеп оқу кезеңдері  бойынша жарысқа түсті. Барлық үміткерлердің байқауға ерекше дайындықпен келгендіктерін атап өткен жөн. Облыстық байқауға елордамыз Астана қаласынан Оралхан Бөкейдің қарындасы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиялық кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету жөніндегі орынбасары Ғалия Исақанова арнайы келіп қатысты. Облыстық байқау Оралхан Бөкейдің шығармаларынан алынған композициямен ашылды. Алғашқы сында қатысушылар О.Бөкейдің «Қайдасың қасқа құлыным?», «Апамның астауы», «Өз отыңды өшірме» т.б. шығармаларынан  үзіндіні жатқа оқыды. Қатысушылар «Мұзтаудың мұзбалағы» атанған, қазақ әдебиетінің көркемсөз өнерінде ерекше орын алған жазушының шығармаларына деген қызығушылықтарын  көрсете білді. Поэзия жанры бойынша М.Мақатаев, Ф.Оңғарсынова, Т.Айбергенов, М.Шаханов өлеңдерін мәнерлеп, нақышына келтіре орындады. Ал драмалық номинацияда шығарма таңдауға шек қойылмағандықтан, үміткерлер М.Әуезов, Т.Ахтанов, Ғ.Мүсірепов туындыларын арқау етіп, актерлық шеберліктерін барынша көрсетуге тырысты. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Тараз қаласы, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенті Әшімжан Жәнібек, бірінші жүлделі орынды шулық Бодаубек Айкүн, екінші орынды Жамбыл ауданынан Бақытұлы Орынбасар, үшінші орынды Т.Рысқұлов ауданының үміткері Қожаберген Аружан иеленді. Сонымен қатар, әр жанр бойынша да үміткерлер номинациялармен марапатталды. «Проза оқу үздігі» номинациясында мойынқұмдық Мелдеш Әйгерім үздік атанса, драмалық шығармаларды орындаудағы шеберлігі үшін таластық Сейдалы Шапағаттың және «Мәнерлеп оқу шебері» номинациясы меркілік Ынтықбай Венераның орындауында болды. Барлық қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Оралхан Дәуіт. Дерек, сурет: egemen.kz