Ядролық қарусыз әлем – бұл Қазақстанның басты мақсаты. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «АТОМ» жобасы құрылып, оны жүзеге асыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Айта кету керек, аталған жоба бойынша Семей сынақ полигонындағы ядролық жарылыстардан зардап шеккендерді әлеуметтік қорғау бойынша іс-шараларды жетілдіре түсуге ерекше көңіл бөлінген.
Бұл ретте, радиациялық медицина мен экология ғылыми-зерттеу институты жарылыстардың медициналық және радиоэкологиялық салдарын анықтауда түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Атқарылған жұмыстарды талқылау мақсатында Семей қаласы әкімдігінде Шығыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Оның барысында Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қолдау мен медициналық қызмет көрсету туралы егжей-тегжейлі әңгіме қозғалды.
– Бүгінде сынақтардан зардап шеккен 290 мың 405 адам еңбекақыларына қосымша үстеме ақы алып отыр, – деді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің әлеуметтік көмек департаментінің директоры Арман Өмірбаев. – Жыл басынан бері осы санаттағы 194 адам баспанаға қол жеткізді. Және еліміздің БҰҰ-ның «Мүгедектердің құқықтары туралы» конвенциясын ратификациялауы да өз жемісін беруде. Қазақстан ТМД елдері арасында «Арнайы әлеуметтік қызметтер туралы» заңды бірінші болып қабылдады. Осыған орай қызмет көрсетудің стандарттары енгізілді. Еліміздің 14 өңірінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 47 күндізгі бөлімше ашылды. Өткен жылы аталған бөлімшелер екі мың адамға әлеуметтік қызмет көрсетті. Нәтижесінде балалар үйі мен интернаттардан 492 бала отбасыларына оралды. Жарымжан балаларын күндізгі бөлімшелерге қалдыруға мүмкіндік алған 600-ге жуық ата-ана жұмысқа орналасты.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.
Семей.