Елбасы Жарлығымен Болат Бақауов Павлодар облысының әкімі қызметіне тағайындалды. Өңір активіне жаңа басшыны Премьер-Министр Кәрім Мәсімов таныстырды. Жиынға Президент Әкімшілігінің Басшысы Нұрлан Нығматулин де қатысты.
Премьер-Министр өз сөзінде Б.Бақауовтың жергілікті жерді жақсы білетінін, облыста туып-өскенін атап өтті. Айтса айтқандай, өңірді жақсы білетін жаңа әкімді енді алда қыруар шаруа күтіп тұр. Ал оған жерлестерінің үлкен сенім артып отырғандарын да айта кетейік.
Б.Бақауов 1971 жылы облыстағы Железин ауданында туған, 2003 жылы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын құқықтану мамандығы, 2005 жылы Халықаралық бизнес академиясын экономика және кәсіпорындарды басқару мамандығы бойынша тәмамдады.
Еңбек жолын 1988 жылы бастады. 1993 жылдан 2008 жылға дейін шағын құрылымдарда басшылық қызметтер атқарса, 2008 жылы Қашыр ауданының, 2011 жылдан 2014 жылғы сәуірге дейін Ақсу қаласының әкімі, 2014 жылғы сәуірден қазіргі уақытқа дейін Павлодар қаласының әкімі болды. Облыстық мәслихаттың III-IV шақырылымдарының депутаты.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ПАВЛОДАР.