Наурыз мерекесінің қарсаңында кеншілер астанасының бірнеше тұрғыны баспаналы болып, бақытты сәтті бастан кешті. «2020 жылға дейін өңірді дамыту» бағдарламасы аясында салынған жаңа үй пәтерлерінің кілтін оларға облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков салтанатты түрде табыс етті.
«Сіздер үшін қуанышты сәт Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қарағанды облысының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында жүзеге асты. Бұл екі мерейтойлық шараны біз тек мереке-салтанатпен ғана емес, нақты істермен, атап айтқанда, жаңа тұрғын үйлер салумен де қарсы аламыз», деді өңір басшысы.
Кірпіштен тұрғызылған бұл үй үш қабатты: ондағы 19 пәтердің 2-і бір бөлмелі, 12-сі екі бөлмелі және 5-і үш бөлмелі. Жаңа үйді қарағандылық «СМУ-5» компаниясы салған.
Баспаналы болғандардың басым бөлігі бюджеттік ұйымдарда еңбек ететін мемлекеттік қызметкерлер. Сонымен қатар, баспаналы болғандардың арасында толық емес отбасылар да бар.
Еске салар болсақ, тек 2015 жылдың өзінде Қарағанды облысында «Өңірді 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасы» аясында 389 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Ал биылғы жылдың жоспары бойынша 367 отбасы жаңа пәтерлерге ие болмақ.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.