• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Қаңтар, 2011

Жарқ еткен бір жұлдыз

854 рет
көрсетілді

Жиырмасыншы ғасырдың ал­­пы­сыншы жылдары қазақ боксы­­ның қаракөк аспанында бір жұл­дыз жарқырады. Ол – жауынгер спорттың жан­күйер­лері есімін жаттап өскен Кеңес Омаров еді. Сайыпқыран спорт­шының өмір жолына қарағанда өзгеден өтіп тұрған ешнәрсе байқалмайды. Ол 1936 жылы 10 қаңтарда дүниеге келген. Әкесі Омар жылқышы болса, анасы Әнипа үй шаруашылығындағы жан. Орталау мектепті Аманөткелде, ал орта мектепті 1954 жылы Бөгенде бітірген оны бойындағы бұлқын­ған бұла күш, құдай берген талап Орта Азияның үлкен орталығы – Ташкент қаласынан бір-ақ шығар­ды. Ата-ананың ақ батасымен талап тұлпарының жалынан ұстаған ол Ташкент жер суландыру тех­никумына оқу­ға түсті. Техникум қабыр­ғасында жүріп бокс өнеріне біржола ден қойды. Сонау жер түбіндегі Аманөткелден келген ауыл баласының осы кезеңнен талабы өрлеп жүре берді. Сек­цияның белгілі бапкері Трофим Хұснуддиновтің бастауымен қия­­ға қанат қағып, спорт әлемі­нің көгінде оның жұлдызы жан­ды. Келер 1955 жылы-ақ Өзбек­стан чемпионатында алтын алқаны мо­йынға ілді. Тәсіл-техниканы же­тік меңгерген жігерлі де қайсар Ке­некең өзбек елінің қатарынан төрт мәрте  чемпионы болған екен. Алғаш­қы жылдан-ақ республика құра­ма командасына мүше болған Аманөткел түлегі ала тақиялы ағайындардың құрметті адамы­на айналды. 1959 жылы Өз­бекстан атынан КСРО халық­тары спар­такиадасына қатысты. Шы­ғыс­тан шырқап шыққан талант­тың есімі кіндік қаны тамған топырақ пен Өзбек­станға ғана мәлім еді. Қарсы тұрар тосқауыл жоқ қас жүйрік елге оралған соң да Қазақ­стан­ның бір мәрте чем­пионы болды. Қос қолмен қатар жұмыс істей алатын, қауіпті қашықтықты тез байқайтын сезімтал боксшы шынында да ту­мы­сынан сайып­қыран болатын. Десек те, оқу бітірген соң спорт­тың бабын бұз­бай сақтап тұру қиын екені белгілі. Алғашында Арал қала­сын­­дағы кәсіптік-тех­никалық училищелерде, кейін Қы­зыл­орда қала­сындағы «Еңбек резервтері» спорт қоға­мында бапкер болып, облыс спортына да елеулі еңбек сіңірді. Кезінде Өзбекстанды дүр сілкіндірген Кеңес ағаны Шымкент химия-технология институты­ның ректоры Сұлтан Сүлей­менов жақ­сы білетін еді. Ақыры ол қолқа салып, қызметке ша­қырды. Білікті бапкердің ел ау­зына ең бірінші іліккен шәкірті КСРО құрама командасының мүшесі Марат Жақсыбаев бол­ды. Марат Одақта қола жүлде олжалап, КСРО, АҚШ және Куба ара­сын­дағы кездесулерде бірнеше дүркін жеңім­паз атанды. Осыдан кейін-ақ шаршы алаң­да Амалбек Тшанов, Иван Мистокопуло, Қайырбек Бө­кенов, Юрий Краниди, Рашид Болғанбаев, өзінің үлкен ұлы Тимур Омаров секілді шәкірт­тері мәлім болды. Қарап отыр­сақ, білікті бапкер алпысқа тарта КСРО спорт шеберлерін дайын­дапты. Олардың көпшілігі Қа­зақ­стан және КСРО құрама ко­мандаларының сапында бүкіл­одақтық және халықаралық жа­рыс­тарда топ жарды. Оңтүстік өңірде аға бапкер болған 10 жыл ішінде бокс өнерін әлемдік деңгейде дамыт­ты. Осы жылдары төгілген тер, өнімді еңбек республика спорт тари­хын­да алтын әріптермен жазылды. Бұл еңбек ескерусіз қалмай Кеңес Омаровқа 1968 жылы республика бокс спортына сіңірген айрықша еңбегі үшін «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы» құр­метті ата­ғы берілді. Кеңес ағаның бапкерлік қыз­меті 1970 жылдан Тараз қаласын­да жалғасты. Оның спорттағы шырқау шыңы да осы кезең бола­тын. Осындағы жиырма жылдың ішінде жүздеген балғындарды бокс өнеріне баулып, талантты былғары қолғап шеберлерін шың­дады. Олардың арасында Кәрім­жан Әбдірахманов, Серік Қонақ­баев, Рашид Кабиров, Вадим При­сяжнюк, Нұрлан Көпжасаров сияқ­ты КСРО, Еуропа, әлем бі­рін­шіліктерінің бірнеше дүркін же­ңім­паздары мен жүлдегерлері бар. 1980 жылғы Мәскеу Олимпиа­дасында әлем жанкүйерлері мен бокс майталмандары «фантастика» деп таңдай қаққан Серік Қонақ­баевты Аманөткелден шық­қан Кеңес Омаров тәрбиелеп шығарған дегенге біреу сенсе, біреу сенбес. Алайда, шындық біреу, дерек ақи­қат. Бір қызығы, Серіктің алғашқы бапкері Рашид Болғанбаевты да Кеңес аға бау­лыса, өз тәрбиесіне көшкен Серікті ауыр бүйрек сырқатынан кейін шәкірті Юрий Цхайдың бапкерлігіне ауысуына келісім берген де өзі еді. Ең бастысы, Серіктің әкесінің баласын өз қолымен жетелеп әкеліп Кеңес Омаровқа тапсыруы да көп жайдан хабар береді. Сол Серік әке үміті мен ұстаз тәрбие­сін ақтай білді. Мәскеу Олимпиа­дасынан күміспен күптеліп келген Қонақбаевтың: «Әттеген-ай, ұстазым Кеңес ағаның батасын алмай кетіп едім, қол созымда тұрған алтыннан айырылып қалдым», – деп өкінгенін Кеңес ағаға жақын жүрген жандардың көпшілігі айтады бүгінде. Ұстаз қашанда шәкіртімен ғұмырлы екені белгілі. Бір кездегі шәкірті Амалбек Тшанов Жамбыл облысының әкімі тізгінін ұстап тұрған кезінде ұстазының 60 жылдық мерейтойын дүркіретіп өткізіп, астына темір тұлпар мінгізсе, марқұм болғаннан кейін есімін есте қалдыру мақсатында Тараз қаласында Кеңес Омаров атын­дағы спорт кешенін ашты­рып, ұстаз еңбегін ұлықтады. Осы мақаланы дайындау ба­ры­сында Тараз топырағының тү­легі, Қазақстанның Еңбек сіңір­ген жаттықтырушысы, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қызметкері Дамир Буданбековпен әңгіме­лесу­дің сәті түскен болатын. – Мен атақты Кеңес Омаровтан тәлім тердім, – деп бастады әңгімесін Дамир Бұлтбайұлы. – Ол кісі боксқа бейімі бар боз­балалардың бірде-бірін Жамбыл облысынан тысқары жібермеді. Жоғары білім аламын деген талапкерлерді қолдарынан жетектеп жүріп облыс орталығындағы үш жоғары оқу орнына түсірді. Осы білім ордаларының ректор­ларына тікелей кіріп, қатаң талап қойды. Сондағы мақсаты – облыс намы­сын қорғайтын был­ғары қолғап шеберлерін тәрбие­леу болатын. Жалпы, жаттық­тыру­шыға ұйым­дас­тырушылық қабілет аса қажет, әрі ол беделді болуы керек. – Бұл 1969 жыл болатын, – деп әңгімесін одан әрі сабақ­тады Дамир. – Ол кезде 50 кило сал­мақта бокстасатынмын. Жә­не осы салмақта облыс чемпио­ны бол­дым. Бірде Қазақстан біріншілігіне дайындалып жатқан кезімде жаныма келген Кеңес Омарұлы деген бапкеріміз сал­мағыңды 48 килоға қусаң, жастар арасында Қазақстан чемпио­ны боласың деп ақыл айтты. Солай болды да. Бұл 1978 жыл еді. Бұдан кейін Горький қаласында жастар арасында өткен чемпионатта топ жардым. Құрама ко­ман­даға 18 жасымда қабылда­нып, ересектер арасында Қазақ­стан чем­пионы атандым. «Спартак» қо­ғамының құрама коман­дасы са­пында Одақтың же­ңім­пазы бол­дым. КСРО Кубогы жолын­дағы жарыста жүлделі үшінші орынды иелендім. Осы жетістік­терімнің барлығы тікелей Кеңес ағаның басшылығы­мен жү­зе­ге асты, – деп ағынан жарылды қазақ боксы­ның ақтаңгері. Жалпы, қарап отырсаңыз, қа­зақ боксында тұтас бір ұрпақ­ты аренаға алып шыққан Кеңес Омаров екені даусыз. Мысалы, Еуропа және КСРО-ның екі дүркін чемпионы Рашид Кабиров шә­кірті Юрий Цхайдың тәрбие­сінде болған. Ал Олим­пиаданың екі дүркін күміс жүл­дегері Болат Жұмаділов бокс әліппесін Кеңес­тің шәкірті Феликс Цойда баста­ды. Әмірхан Төленов, Дамир Буданбеков еліміздің құрама коман­дасын баптаған бапкерлер болды. Қа­зақ­с­танның қай боксшысын айтсақ та Кеңес Омаровты айна­лып өткен бірі жоқ екен. Ұлы жолдың бастауы оның өз қолынан шыққан. Өмірде тоқтау жоқ. Қазақ боксы­ның шырқау биікке шарық­тауына себепші болған Кеңес Омаровтың орны қазақ спорты­ның тарихында ерекше еді. Бұл күнде жарық дүниеден сайып­қыран спортшы, білікті бапкер Кеңес ағаны таппайсыз. Оның фәни өмірден озғанына да он бес жылдың жүзі болыпты. Егер, тірі болғанда, ізіне ерген ізбасарлары жетпіс бес жылдық мерейтойын дүрілдетіп өткізген болар ма еді. Алайда, Кеңес ағаның өмірде өзі жоқ болса да, оның ізінде ағайын-туғандары мен бала-шағасынан басқа тұтас бір әулет өсіп келеді. Ол – қазақ бокс­шылары. Айналып келгенде, Ке­ңес ағамыздың ұлт алдындағы ұлы қызметі ұмытылмауға тиіс, солай болады да. Бақтыбай БЕРДІБАЕВ, Қызылорда қаласы.