Наурыз мейрамы қарсаңыңда қала әкімдігінің ғимаратында «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасының «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы тұрғын үйі бағыты бойынша пәтерлер кілттерін табыстау салтанаты болды. Қала әкімі Бекбол Сағын мерекелік шараға қатысушыларды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған 17 азаматқа №12 шағын аудандағы «Кеңдала» және №41 разъездегі «Алтын дала» тұрғын үй кешендерінен су жаңа пәтерлердің кілттерін табыстады.
Жалдамалы пәтерлер кезекте тұрған бюджеттік және мемлекеттік қызметкерлерге, толық емес, көп балалы және мүгедек балалары бар отбасыларға, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, әскери қызметшілерге берілді.
– Аталған бағдарлама бойынша үміткерлердің тізімі кезектегі азаматтардан құжаттар қабылданғаннан кейін қала әкімдігі жанындағы комиссиясы құрылып, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Қазақстан ипотекалық компаниясына төлем қабілеттерін анықтау үшін жолданады. Төлем қабілеттерін растаған азаматтар бүгін тұрғын үй алуда. Тағы 20 азамат осы тұрғын үйлерден пәтер алу үшін төлем қабілеттерін растауда. «Кеңдала» және «Алтын дала» тұрғын үй кешеніндегі тұрғын үйдің орташа құны 1 шаршы метрі үшін айына 901 теңге және 913 теңге шамасында болады. Жалдамалы тұрғын үй алдын ала төлемсіз, сатып алу құқығымен 20 жылдық мерзімге беріледі. Бұл мерзім өткеннен кейін тұрғын үй жалға алушының жеке меншігіне өтеді. Тұрғын үйді 5 жыл жалдағаннан кейін қалдық құны бойынша ай сайынғы қалған жалдау ақысымен сатып алуға болады. Қазіргі таңда үстіміздегі жылғы 18 наурызға дейін кезектегі азаматтардан «Батыс-1» шағын ауданындағы 192 пәтерге және Ленинградская көшесіндегі 9 пәтерге электронды нұсқада құжаттар қабылдануда. Сонымен қатар, «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» бағдарламасы бойынша «Нұр Ақтөбе» ауданындағы 234 пәтерге азаматтардың төлем қабілеттерін тексеру бойынша жұмыстар жалғасуда, – деді Бекбол Сағын.
Су жаңа баспаналы болғандар халқымыздың ұлық мерекесімен қатар қоныс тойын тойлайтындарына дән риза. Дағдарыс жағдайында да осындай қолжетімді баспана алу қуаныштарының Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуін жақсылыққа балап, шат-шадыман болуда, осының барлығы Елбасының сарабдал саясатының нәтижесі деп бағалауда.
Шаһар басшысы атап өткендей, Ақтөбе қаласында Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыру барысында тұрғын үй құрылысы бағдарламалары жүзеге асырылып, 2013 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 4 215 отбасы баспаналы болған. Және де бұл жұмыстар алда да өз жалғасын таба бермек. Қалада тұрғын үй кезегінде 17 мыңнан астам азамат тұр. Мүмкіндігінше, солардың барлығын таяу жылдарда баспаналы ету міндеті қойылуда. Биыл «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында «Тұрғынүйқұрылысжинақ» банкі АҚ жүйесі бойынша құрылысы өткен жылы басталған 540 пәтерлі 10 блок-секциялы 3 үй тапсырылады деп күтілуде. Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында облысымызға қосымша қаражат бөлінетін болды. «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабының №3 және №4 шағын аудандарында жалдамалы тұрғын үйлерді салу қарастырылған. Биыл мұнда 1728 пәтерлік 9 тұрғын үйді салу жоспарланып отыр.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.