Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов ағамыз үшін өткен жылдың 15 желтоқсаны төрт бірдей қуанышқа кенелген керемет күн болғаны белгілі. Біріншісі – өзінің дүние есігін ашқанына 88 жыл толса, екіншісі – Елбасы қолынан «Отан» орденін алды. Дәл осы күні «Хабар» телеарнасы «Сонымен, солай дейік...» бағдарламасы бойынша Әзағаның «Махаббат, қызық мол жылдар» романының жарық көргеніне 40 жыл толуына орай 45 минуттік тағылымды хабар көрсетті. Осынша қуаныштың ізін ала тағы бір сүйінші хабар жетті. Астаналық Жәлелхан Райханов пен Әлфия Мырзабаева немерелі болып, сәбиге Әзілхан атасының есімін қойыпты. Кезінде «махаббат ұранын» жаттап алғандай етіп тұшынып оқыған қызылшақа Әзілханның әке-шешесі Бекзат пен Динаның шаттығында шек жоқ. Тап бір үйлеріне Әзілхан атасы еніп келгендей, мәре-сәре. Екпіні төбедегіні жерге түсірердей осы төрт бірдей қуанышты қазақша ырымға балап айтсақ, «ақ түйенің қарыны жарылған күн» екен-ау!
Алматыдағы Әзағаң «Өзінің» бесікке «бөленбек» күнін естігенде, көше шарлап, сәби бұйымын сатып алыпты. Балаға жаялық болсын деп, үстінен шешкен бір көйлегін ырымдап қоса жібермекке дайындайды. Ал сәбидің ардақты атасы Жәлелхан замандасына етегіне орап, ертегі айтып берсін деген тілекпен шапанды және бөлек қояды. Осы сый-сияпатының басын қосып, поштамен Астанаға іле жөнелтіп жібереді. Сәлемдемемен ілесіп «Өс! Өс! Өс! Айналайын, сәби Әзілхан. Өсіп, ержетіп, XXI ғасырдың атақты, ардақты, абыройлы азаматы бол, аттасым!» деген ыстық лебізі, жүрекжарды батасы және бірге кетеді.
Бүгіндері аттастарға таңырқаудың өзі қиын. Мұндай өнегенің қаншама мысалдары жетіп артылады. Ал солардың ішінде мынадай төрт бірдей оқиғаның үндесе кетіп, рухани қабысуы сирек-ау, сирек!
«Егемен-ақпарат».
Астана.