Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Біләлұлы Ықсанов өмірінің маңызды кезеңдерінің бір бөлігі Мырзашөл жерімен байланысты. Сонымен қатар, ол кісінің жан жары Саида жеңгеміз – киелі Жетісай өңірінің қызы. Мұстақым ағамыздың жалындаған жастық шағы, албырт кезеңі Мырзашөлдің ыстық алқабында құрыштай шыңдалды.
Мұстақым Біләлұлы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген соң Алматы қаласы Фрунзе аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болды. Содан кейін «Жетісай құрылыс» басқармасының прорабы, өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы, бас инженер, басқарма бастығы, 1958 жылы Бетпақдала ирригация құрылысы тресінің бастығы қызметіне жіберілді. Мұнда ол өзін су-техникалық және ирригациялық құрылыстар саласының жоғары маманы ретінде көрсете білді.
1961-1986 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Ильич (қазіргі Мақтаарал) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Оңтүстік Қазақстан өлкелік су шаруашылығы басқармасының бастығы, Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы, 1975 жылдан бастап 11 жыл бойы Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды.
Нар тұлға ел есінде ең алдымен табанды еңбегімен, табиғат тарту еткен талантымен, ерекше мінез-құлқымен қалған жан. Ол асқан өмір асулары өзі ғұмыр кешкен заманның тарихи белестерінің айқын көрінісі іспетті.
Мұстақым ағамыз көзі тірі болғанда осы күні 90 жасқа келер еді. «Әттең...» деген өкініш жақсы адамдардың соңынан айтылатын тіршіліктің заңы емес пе? Мұстақым Біләлұлы да сондай тұлғалардың бірі.
Мен 1985 жылы көктем айында Мұстақым Біләлұлының партия және шаруашылық жұмыстары бойынша әріптесі, Шардара, Сарыағаш, Киров аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болған Әлжанов Дербіс Қалдыбайұлымен бірге Оралға барып, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ықсановтың қабылдауында болдым. Ол бізді жылы шыраймен қарсы алды. Арада жарты жыл өткенде мені Фурманов аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне шақырды. Ол жұмысты 3 жылдан астам уақыт атқардым. Жұмыс барысында абзал ағаның қадір-қасиетін танып білдім әрі тәнті болдым. Ол қандай да мәселені шешуде болмасын өзін өте сабырлы ұстайтын. Жастың да, жасамыстың да сөзін бөлмей, соңына дейін тыңдай білетін. Ешқашан субъективизмге жол бермей, пендешіліктен бойын аулақ ұстайтын. Жиналыста бәрінің ой-пікірін мұқият тыңдап, тек соңында сараптап барып өзінің ең соңғы шешімін талқыға салмайтындай нақты етіп бір-ақ айтатын. Кез келген мәселені объективті шешетін. Ол қандай талапшыл басшы болса, айналасындағылар да сондай іскер еді. Мұстақым ағамыз өз ісіне жан-тәнімен беріліп кететіндігі сондай, тәуліктеп жұмыс басында жүретін.
Кеңес Одағы кезінде Коммунистік партия орталық, облыстық және аудандық комитеттері кадрларды іріктеу, орналастыру және тәрбиелеуге үлкен көңіл бөліп, қадағалап отыратын. Мұстақым Біләлұлы бұл бағытта барын салып өзінен кейінгі жастарды үйретті, принципшілдігімен іскерлікке, сауаттылыққа, әділдікке баулыды, қызмет бабымен өсірді. Осыған байланысты бір мысал келтіре кетейін. Ресейдің Саратов ауыл шаруашылығы институтын бітірген Орал облысы Жаңақала ауданына қарасты бір совхоздың директоры қызметін атқарған Марат Ермановты Фурманов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп бекітеді.
Сонда байқағаным, Мұстақым Біләлұлының өмірлік мектебінен өтіп, шыңдалған Марат Ерманов Фурманов ауданының ауыл шаруашылығын, мәдениетін, білімінің дамуына жіті көңіл бөліп, ол да қолынан келгенінше кейінгі жас буын кадрларын тәрбиелеуге көп еңбек сіңірді. Аудан қарқынды өркендеп, жақсы нәтижелерге жетті. Міне, сол кезеңде М.Ерманов туралы көпшілік қауым «ауданға қан жүгіртті» дейтін.
Мен Мұстақым Біләлұлының көзін көріп, мырзашөлдіктер игілігі үшін атқарған істің куәсі болған Беркінбаев Төлеген Қожабекұлымен сұхбаттастым. Ол Ташкент электр-техникалық институтын бітірген. 1965-2001 жылдар аралығында ауданда байланыс саласында қызмет атқарды. Мұстақым аға туралы естелігінде тереңінен ойға бата отырып, былай деді: «Мен оның бойынан тек жақсылықтың жаршысы бола білетін ерекше қасиетті көрдім. Оны алғашқы рет көргенім – 1965 жылы аудан көлемінде жұқпалы ауруларға қарсы төтенше жағдай бағытындағы оқу-жаттығу іс-шарасын ұйымдастырған кезі. Ауданда іскерлікпен қатар саламаттылықты, тазалықты талап ететін жан еді. Ол өте сабырлы, бір-ақ кесіп сөйлейтін. Сол сөзімен нақтылы ойға нүкте қоятын. Қай жерде болса да оның абыройы үстем еді. Халыққа етене жақындығын танытты. Мұстақым туралы қаншама мақтап жазса да, соған тұрарлық азамат болатын».
Тағы бірде ауданда 42 жыл заң саласында қызмет еткен зейнеткер Темешов Мәмет Омарұлына жолыққанымда: «Ықсанов Мұстақым ұзын бойлы, әдемі жігіт еді. Шамасы, сол кездері 45-терде болар деймін. Бар жанын салып, Мырзашөлдің өркендеуіне өз үлесін қосты. Шаруашылыққа бейімді адам. Ол өте мәдениетті, үлкенді үлкен деп, кішіні кіші деп сыйлайтын», – деді нар тұлға туралы.
Жаны жайсаң жанның қызы Гүлнәр Ықсанова бүгінде әке жолын қуып, еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып жүр.
Мен кезінде Мұстақым Біләлұлының өкшелес інісі болдым, қарамағында жұмыс істедім, ғұмырлық тәжірибемді сол кісінің іс-әрекеттерінен алдым. Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласында Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның директоры қызметін 28 жылдан бері атқарып келемін. Білім саласында ағамыздан алған өнегенің арқасында әжептәуір нәтижеге де қол жеткізіп жатқан жайымыз бар. Былтырғы жылы түлектеріміздің 35-і «Алтын белгі» иегері атанды. Мен сол түлектеріміздің ағамыздың ізімен жүрер азамат атанатынына сенімдімін. Өйткені, біз Мырзашөлдің қалыптасуы мен өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосқан тұлғаларды насихаттауды күн тәртібінен түсірген емеспіз.
Өмірхан ҚОЗЫБАҚ,
Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның директоры, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі.
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Мақтаарал ауданы.
Суретте: М.Ықсановтың өмірлік жары Саида және қызы Гүлнәр.