• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Қаңтар, 2011

Түркістандықтар түтінге тұншыға бере ме?

413 рет
көрсетілді

Түркістан қаласын ислам дініндегі 45 ел ғана емес, Қ.А. Яса­­уидің шарапатымен бүкіл әлем халқы жақсы біледі. Сондықтан да бұл қалаға мұсылмандар да, басқа діндегілер де қысы-жазы ағылып келіп жатады. Оған қо­са Қ.А.Ясауи атындағы ха­лық­аралық қазақ-түрік университетінде 29 елдің жастары келіп оқи­тынын ескерсек, осы сту­денттердің ата-аналары да оқып жүрген ұл-қыздарының хал-жағ­дайларын білу үшін Түр­кіс­танға жиі келіп тұрады. Тап қазір Түркістан қала­сын­да бір университет, бір саз­ды драма театр, 4 колледж, 22 мектеп, 4 аурухана, бір арнаулы мектеп, бір мүгедектер үйі, 5 балабақша, бір жасөспірімдер ор­талығы, бір қазақ-түрік лицейі, бір музыка мектебі, бір да­рын мектебі бар. Ал, осылардың бәрі бірдей орталық жылу жүйе­сіне қосылмаған, өздерінше тіршілік жасап, күндерін көруде. Сон­дай-ақ, қалада 19 тойхана, 21 кафе, 7 сауна, 5 дәріхана, 31 сауда орындары мен 17 мешіт тағы бар. Енді бұған 21992 жеке тұрғын үйлерді қосыңыз. Міне, осылар­дың бәрі таңертеңгі сағат 7-ден бастап кешкі 10-ға дейін от жа­ғады. Осынша пештерден шыққан көмірдің қою қара түтінінен кө­шеде жүріп-тұру мүмкін емес, тұншыға жөтеліп, кейде құсып та жібересіз. Ал, осындай кезде шетелдік қонақтар (туристер) Түр­кістанға келіп, қала халқының мынадай халін көрсе, біздің отын тасып, күл шығарып жүрген ХХІ ғасырдағы тірлігімізді күлкі етіп жүрмей ме? «Қырсыққанда қымыран іриді» дегендей, биыл күн су­ыт­қалы бері Түркістанда түтінді айдап әкететін жел де, оларды сорып алатын қар да жоқ. Сон­дықтан болар, қаланы қою қара түтін жан-жақтан тұмшалап, тұ­мандатып, күндіз-түні басып тұрады. Анығын айтсақ, 50-60 метр жердегі адамның нобайын көру қиын. Міне, осының сал­дарынан жүрегі мен өкпесінің ақауы бар кісілердің арасында оқыс өлім-жітім де өте көп. Бүгінде кім болса сол пай­даланып жатқан табиғи газдың қасиетті Түркістан қаласына осы уақытқа дейін келмеуі, ха­лыққа бұйырмауы өкінішті жағ­дай. Түркістан қаласында тұ­ратын 150 мың халықты қа­зір­гі күні қашанға дейін от жа­ғып, күл шығара береміз деген сауал алаңдатады. Елтай БИМАХАНБЕТҰЛЫ, Түркістан қаласының құрметті азаматы, зейнеткер. Оңтүстік Қазақстан облысы.