Таяуда тәртіп сақшылары Павлодар облысына қарасты Шідерті ауылынан 12 шақырым жердегі өзеннің табанында суымен бірге мұз болып, қатып қалған 42 бас жылқыны тапты. Ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл үй жануарлары аталған елді мекендегі шаруа қожалығына тиесілі екен. Себебі, өткен жылдың 3 желтоқсанында Екібастұз қалалық ішкі істер басқармасына аталған қожалықтың иесі 42 бас малының із-түзсіз жоғалып кеткені жөнінде шағым түсірген.
– Мен 2015 жылдың 18 қараша күні бір үйір жылқымды жоғалтып алдым. Әдеттегідей, олардың аман-сау екенін көру үшін жайылымға келдім. Жануарлардың жоқ екенін байқап, іздеуге кірістім. Алайда, малдарымды таппадым, – дейді қожалық иесі.
– Біз ішкі істер басқармасына келіп түскен шағымға байланысты іздеу жұмыстарын жүргіздік. Полицейлер Екібастұз қаласы маңын, Ақмола және Қарағанды облыстарын шарлап, дала жануарының тұяғы тиеді-ау деген жерлерді сүзгіден өткізді. Нәтижесінде жылқылардың мұзға айналған денесін таптық, – дейді із кесуші полицейлер.
Айта кетейік, мамандар жоғалған жылқылардың жалпы шығыны 9 млн. теңгені құрайды деп отыр. Әзірге бұл оқиғаға байланысты тәртіп сақшылары әлі де тергеу амалдары жүргізілетінін айтты.
Төребек ТҰРМАНОВ.