Мен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың былтырғы 30 қараша күнгі «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауын үлкен қанағаттанғандық сезіммен тыңдаған едім. Екі сағатқа жуық созылған Президенттің сөзі әрбір көрерменнің санасын жаулаған болар. Өзім ешнәрсеге алаңдамастан, Елбасының әрбір сөзіне мән бердім. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарымен тонның ішкі бауындай қабысып жатыр екен. Айтылған мәселелердің бәрі халық үшін, республиканың жаңа туған баласынан еңкейген кәрісіне дейінгі тұрғындардың қамын ойлаған қамқорлыққа қалай тәнті болмассың.
Жүрекке өте жақын, жан-жүйеңді баурап айтылған сөздерге бүкіл болмысыммен ризашылық сезімінде болғаным күні кешегідей есімде. Президенттің соншама логикалық тереңдікпен баяндаған Жолдауы құлаққа жағымды жырдай естілгенін де ұмыта алар емеспін. Елбасының шешендігінің өзі адамды еріксіз баурап алатынын қайтерсіз.
Көп мәселе қамтылды. Мен өз пікірімді айтылған бір жайға ғана аудармақпын. Президенттің кәсіптік оқу жөніндегі ойлары өте тамаша. Кәсіптік-техникалық колледждерді көбейтуді қозғағаны жұрт жүрегінде жүрген жайлар еді. Мұны Нұрсұлтан Әбішұлы дөп басты.
Мен өз басым педагог ретінде ойлап-толғанып жүрген жайларым көп еді. Солардың бірі – барлық жоғары оқу орындарында қаржыгерлер мен заңгерлердің барлық университеттерде, колледждерде жаппай оқытылып келе жатқаны. Мыңдаған қаржыгер мен заңгер жұмысты қайдан табады, бәріне жұмыс жетпейді ғой. Ал жұмыс жетпеген соң, бос салпақтап жүреді.
Президенттің айтқанындай, бәріне жоғары білім жетпейді. Оқуға түсе алмадың ба, бірден колледжге бару керектігі өте орынды айтылды. Оларға оқудың тегін болатындығы тіпті жақсы.
Жоғары білімге ұмтылған жастарымыздың жұмысшы мамандығы болмағандықтан, әртүрлі жұмыстарды шетелдіктер атқаруда. Егер біздің жастарымыз кірпіш қалаушы, ағаш шебері, электрмен дәнекерлеуші, электрші, шофер, тракторшы, бұрғышы, бояушы-сырлаушы, радист, жол төсеуші, слесарь, токарь және т.б. мамандықтарды меңгерсе, мұрттарын балта шаппас еді. Өздерін материалдық қамтамасыз етуге, отбасын асырауға, қарт ата-аналарына көмектесуге зор мүмкіндігі болар еді. Мәселенің осы жағына осы кезден баса мән бермесек болмайды. Мен жастарға мектепті 9-шы сыныппен тәмамдап, колледжге түсуді ұсыныс етер едім. Себебі, колледжде де орта білім алынады. Алған мамандығы өзіне олжа, жоғары оқу орнына ұмтылыс жасай беруге де болады. Түсе алмаса, алған мамандығы бойынша жұмыс істейді, далада қалмайды. Білімің, дайындығың болса, жоғары оқу орнына әрқашан есік ашық.
Нұрсұлтан Әбішұлының мамандықты иеленіп, жұмысшы болу ең құрметті, әрқашан абырой әкелетін еңбек екендігін айтқаны өте орынды. Өйткені, Елбасының өзі де еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастады емес пе?! Ендеше, кім-кімге де осылай істеуге болады. Әйтпесе, жұмысшы болып қалсаң несі айып.
Қадыр ЖҮСІП,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университетінің профессоры.
Атырау.