АҚТӨБЕ. 30 наурыз. Ақтөбеде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына және облыстық халық шығармашылығы үйінің 55 жылдығына арналған Нұрсұлу Тапалова атындағы III Республикалық «Бидің нұры – Нұрсұлу» жеке орындаушылар би байқауы өтуде. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Би байқауын облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен облыстық халық шығармашылығы үйі ұйымдастырды. Байқауды ұйымдастырудың мақсаты қазақтың балет бишісі, Қазақ ҚСР-нің еңбек сіңірген әртісі Нұрсұлу Тапалованың шығармашылығын насихаттау, хореография өнерін және халықтық билердің жеке орындаушыларын өскелең ұрпақ пен шығармашыл жастар арасында кеңінен таныстыру болып табылады
Республикалық байқауға жастары 15-25 аралығындағы еліміздің Астана, Атырау, Шымкент, Қызылорда, Атырау, Семей, Тараз, Ақтау, Ақтөбе қалалары мен Ақтөбе облысының Ойыл ауданынан 14 кәсіби және әуесқой би ұжымдарының жеке орындаушылары қатысуда.
Байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші, қатысушылар халықтық би мектебі бойынша техникалық әдістерін көрсетеді. Екінші, қатысушы-бишілер өздерінің таңдаған билерін билейді.
Қатысушыларды республика көлемінде хореография саласындағы жетекші мамандар бағалайды. Қазылар алқасының төрағасы – Астана қаласындағы «Шалқыма» халық би ансамблінің көркемдік жетекшісі, Мәдениет қайраткері Абдракұл Есекеев, мүшелері – Ақтау қаласындағы Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің «Жорға» би мектебі мен халықтық би ансамблінің көркемдік жетекшісі, Еңбек сіңірген қайраткер Серік Сариев, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің «Дидар» халықтық би ансамблінің көркемдік жетекшісі, хореография кафедрасының меңгерушісі, доцент Гүлбану Мурзабаева, Ақтөбе облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Қанат Айтбаев, Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы үйінің директоры Орынбасар Тереков қатысушылардың актерлык шеберлігін, көркемдік-сценалық бейнесін, би қозғалысының мәнері мен ерекшелігін саралауда.
Сатыбалды Сәуірбай.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: kargoo.gov.kz.