Семейдегі облыстық өлкетану мұражайы соңғы кезде өлке тарихын кеңінен насихаттау мақсатымен игі істерге мұрындық болуда. Айталық, жуырда аталған мұражайдың бастамасымен мектеп мұражайлары арасында байқау өткізілді. Оған қаламен бірге, қала маңындағы ауылдардан барлығы 15 мектеп мұражайы қатысты.
Бірінші орынды Шүлбі кентіндегі мектеп-кешен мұражайы жеңіп алды. Ал оның да себебі жоқ емес-ті. Өйткені, біріншіден, бұл мұражай жарық та кең, сондай-ақ жылы бөлмеге орналастырылған. Екіншіден, мұражайда мектеп тарихымен бірге, осындағы Шүлбі ГЭС-інің өткені мен бүгіні кеңінен қамтылған. Мұражайда осы өңірден табылған археологиялық құнды жәдігерлер мен көне дүниеліктер де баршылық. Жергілікті соғыс ардагерлері туралы деректер де мол. Ал Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды ұлыларға арналған бөлім өз алдына бөлек жасақталған.
Жас ұрпақтың туған жерге, кең байтақ Отанға деген сүйіспеншілігі осындай шаралардан басталса керек. Сондықтан өңірдің бас мұражайының мұндай бастамасын құптамасқа болмайды.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,Семей.