• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
15 Қаңтар, 2011

ҚазҰУ Ұлттық зерттеу университетіне айналады

356 рет
көрсетілді

Ұлттық зерттеу университеті дегеніміз не және бұл атаққа лайық болу үшін не істеу керек? Өзекті сауалдарға жауап іздеген шетелдік және отандық ғалымдар жақында Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінде өткен «Зерттеу университетінің білім беру қызметі» атты ғылыми конференцияда бас қосты. Әлем­дік топ-университеттер қа­тарына ену­ге бірден бір айқын жол – жоғары оқу орнын ұлттық зерттеу университетіне айналдыру. Осы бағытты ұстанған отандық ға­лым­дар қазақстандық білім және ғылым кеңістігінің әлемдік университеттер рейтингінен лайық­ты орын алуы үшін нақты жос­пар­ларды жүзеге асыруды қолға алды. ҚазҰУ-дің бірінші прорек­торы Мұхамбетқалы Бүркітбаев: «Әлем­­дегі ең жоғары топ рейтингіне енген оқу ордаларының бәрі де зерттеу университеттері болып табы­лады. Ұлттық зерттеу университетіне айналу ол тек біздің ғана мақсат емес, ол үкіметтің де мақ­саты деп айтуға болады», десе, әріптестерімен тәжірибе бөлісе келген Томск мемлекеттік универ­ситетінің оқу жұмысы жөніндегі проректоры Александр Ревушкин: «Ұлттық зерттеу университеті үнемі талантты студенттермен толығып отыруымен ма­ңыз­ды» деген ойды алға тартты. Сонымен қатар, ол өздері зерттеу университеті атағын алған бір жыл уақыт ішіндегі жаңалықтар мен өзгеріс­терді атап өтті.  Конференцияда сонымен қатар, алдыңғы қатарлы шетелдік зерттеу университетінің тәжіри­бесі, зерттеу университетінде магистранттарды дайындау, ғы­лы­ми жұмыстар, білім сапасы, оқытудың әдіс-тәсілі сияқты басқа да тақырып төңірегінде сұрақтар қаралды. Нәтижесінде ғылыми жиынға қатысушылар ҚазҰУ-дің Ұлттық  зерттеу университетіне айналуы өте нәтижелі болмақ деген пайымға келді. Сондай-ақ, конференция жұмысы қара шаңы­рақтың материалдық-техникалық жағдайын арттырып, халықаралық байланысты нығай­туға тағы бір жаңа серпін берді. Қорғанбек АМАНЖОЛ, Алматы.