Пәкстан Ислам Республикасының (ПИР) астанасы Исламабад қаласында Ислам Конференциясы Ұйымы (ИКҰ) жанындағы Ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитет (КОМСТЕК) бас ассамблеясының 14-ші отырысы болып өтті. Үш жылда бір рет болатын комиссия отырысында ислам әлеміндегі ғылыми-техника саласының даму мәселесі талқыланды. Бас ассамблеяның жұмысына ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың жетекшілік етуімен қазақстандық делегация қатысты.
Отырыстың ашылу салтанатында Пәкстан Премьер-министрі Ю.Гилани, Ислам Конференциясы Ұйымының Бас хатшысы Э.Исханоғлу, Ислам Даму банкінің президенті А.Али, Ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі комитеттің бас үйлестірушісі Атта-ур-Рахман, ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов және басқа да ислам елдерінің министрлері сөз сөйледі.
Пәкстан Премьер-министрі Ю.Гилани өз сөзінде Ислам Конференциясы ұйымының қазіргі басымдықтары жөніндегі ойымен бөлісті. Ал қазақстандық делегация басшысы Қазақстанда Сыртқы істер министрлерінің кеңесін Ислам Конференциясы Ұйымы аясында ғылыми-техникалық конференция және көрме ұйымдастыруды ұсынды.
Отырыс барысында Б.Жұмағұловтың Ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі комитеттің бас үйлестірушісі Атта-ур-Рахманмен, Пәкстанның Ғылым және технология министрі П.Джиланимен, Пәкстанның Мемлекеттік білім министрі Г.Катиямен, Ресей Білім және ғылым министрі А.Фурсенкомен және Әзірбайжанның Коммуникация және ақпараттық технология министрі А.Аббаспен екіжақты кездесулері болды.
«Егемен-ақпарат».