Мәссаған!
Айналасы бір аптаның ішінде Қостанайдың орталығындағы көкбазар мен көкөніс дүкендерінде картоптың бір килосының бағасы 170 теңгеге көтерілді. Одан сәбіз, қызылша, капуста да қалған жоқ, олардың бағасы да 150 теңгеге жетіп жығылды. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда баға үш есеге қымбаттаған. Тек облыс орталығында ғана емес, Лисаков, Арқалық және бірқатар аудандардың тұрғындары да қымбатшылықты сезініп отыр. Облыстағы көкөніс өсіретін және сақтайтын кәсіпорындар басшыларының айтуынша, картопқа бағаның шарықтауы оған деген сұраныстың күшеюінен болып отыр. Облыста көкөніс өсіретін ірі серіктестің бірі «Иволга-Холдинг» картоп пен көкөністің басқа түрлерін сұраныс білдіргендерге көтерме артудан бас тартты. Қоймада азық-түліктің бұл түрі тауар жеткілікті болғанмен оны сұрағандарға көтерме бере берсе, көктемге жетпей таусылады. Тек «Иволга-Холдинг» қана емес, картоп мен көкөніс өсіретін басқа кәсіпорындар да осындай ұстанымда отыр.
Бұрнағы жылдары Қостанай базары Ресейден әкелінген картоппен де молығатын. Ал былтыр қуаңшылыққа байланысты облыста картоптың шығымы аса мәз болған жоқ. Биыл тұтынушыларға тек облыс ауылшаруашылық тауарын өндірушілер өсірген көкөніс қана ұсынылғандықтан оның тапшылығы білінбей қалған жоқ, соған орай бағаның әлде де өсуі әбден мүмкін.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.