Тынымсыз ізденумен өтті
Бұл жалған дүниеден озбайтын адам бар ма. Бірі ерте, бірі кеш өмірден өтіп жатады. Міне, кешеге дейін арамызда жарқылдап жүрген есімі елімізге кеңінен белгілі, үлкен әдебиетші ғалым Жұмағали Ысмағұлов та дүниеден өтті. Өмірінің соңғы күніне дейін қолынан қаламын тастамаған, айтар ойы терең, жан-жақты білімді азамат Жұмекең ғылымда да, журналистикада да, аударма саласында да артына өшпес мұра қалдырды. Абай шығармашылығы туралы монографиялық еңбегі Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Жұмекең тынымсыз ізденіс үстінде жүретін еңбекқор жан еді. Университетті бітірісімен басшы қызметтерде болды. Орталық партия комитетінде қызмет істеді. «Қазақ әдебиеті» газетін басқарды. Қазақ телеграф агенттігінің директоры болды. Біз қызмет бабында көп араластық. Ол өз ісіне өте мығым, тындырымды, тапсырылған іске жауапкершілігі күшті болатын. Ұжым мүшелері оны іскерлігі, қайырымдылығы, кішіпейілділігі үшін қатты сыйлады. Жұмекеңнің көркем аудармадағы еңбегі бір төбе. Ол Қазақстандағы санаулы кәсіби аудармашылардың бірі әрі бірегейі еді, аударманың ірі классигі еді. Энциклопедиялық жан-жақты білімі бар Жұмекең қоғамдық саяси өмірге үнемі зер салып, оған өзінің азаматтық көзқарасын білдіріп отырды. Ең соңғы публицистикалық мақаласын «Егемен Қазақстанда» Астанадағы Саммитке арнап жазды. Саммиттің сәтті бітуіне қатты қуанып, Елбасының бұл бағыттағы саясатына үлкен баға берді. Жұмекең Колбиннің дәуірінде орынсыз қыспақ көрді, қызметінен алынды. Бірақ бұған мойыған жоқ. Ол әрдайым елмен бірге болды, халықпен бірге қуанды. Өйткені, ол өз өмірін халыққа, қоғамға қалтқысыз қызмет етуге арнады. Қош бол, жүрегі нәзік, еңбегі ересен, қимас ағамыз Жұмағали! Жаныңыз жәннатта болсын! Әбдеш ҚАЛМЫРЗАЕВ, философия ғылымдарының докторы. Бесаспап Апыр-ай, Жұмекең арамыздан кетіп қалады деп кім ойлаған?! Аздаған ыңқыл-сыңқыл кімде жоқ, шарболаттай шыңдалып, қиын жылдарда қабырғасы қатайып, қатып піскен ағалар анау-мынау ауруға алдырмас деп өзімізді өзіміз алдарқатып жүре беруші едік. Бірақ айы жеткен айында, күні жеткен күнінде екен ғой. Алғаш жүректі мұздатып, миды шың еткізген суық хабар жеткенде сенер-сенбесімді білмедім. Осыдан бірер ай ғана бұрын үйге телефон шалып: – «Ғибратты ғұмыр» сериясымен Ілияс Омаров туралы кітап жазбақшы едім. Соған шамам келер-келмесін білмеймін, үлгермеймін-ау деп қорқамын. Материалдарын түгел жинап қойдым. Соларды саған берсем, осыны сен жазсаң деймін. Бәріміздің де ортақ ағамыз ғой, – деген-ді. – О не дегеніңіз, Жұмеке, ертең-ақ айығасыз. Былтыр да жүре алмай жүріп, артынан жүгіріп кетіп едіңіз ғой. Өйтіп зәремізді ұшырмаңыз. Ал, сеніміңізге рахмет, Ілекең жазғандарын оқығаным болмаса, бір ауыз сөйлесіп, сырласып көрген кісім емес. Сырттай білгенмен, жан сырына үңіліп, бойлай алмаған адам жөнінде жазу оңай емесін өзіңіз де білесіз. Ілекеңді өзіңіз сияқты дәмдес, тұздас, сырлас, сыйлас болған кісі жазуы керек қой,– деп ұсынысынан бас тартқан едім. Оның үстіне абзал ағаны әл-дәрмені азайып барады дегенге қимағанмын. Бақсам, «Артқы айылдың батқанын иесі емес, ат білер» дегендей, сырқатының меңдеп бара жатқанын біліп жүр екен ғой, жарықтық. Сөйтіп, туған әдебиетіміз бен мәдениетіміздің бір жарық жұлдызы аспанымыздан ағып түсті. Қолына қаршадайдан қалам алып, қазақ журналистикасын өгіздей өрге сүйрескен өрен қаламгердің өрі-қыры бірдей бесаспап еді. Орысша, қазақша екі тілде де тең сөйлеп, еркін жаза білетін, еркін аудара беретін ол қасаңданған газет тілін көркем шығарма тіліне ұластырған сөз зергерлерінің бірі болатын. Оның саяси, ғылыми, публицистикалық мақалаларының өзі көркем шығармадай жеңіл оқылып, желпінтіп отыратын. Қазақ көркем аудармасында ол қара шалдырмай, алдына жан салдырмай кетті. Оның аудармашылық өнерін өз алдына бір мектеп десе де болады. Қарымды қаламгер, қажырлы қайраткер, қабырғалы ғалым, сарабдал сыншы, пайымды публицист, бір сөзбен айтқанда, бесаспап тарлан тұлғаның алды жарық, арты жақсы болсын дейміз. Сарбас АҚТАЕВ, жазушы. Алды – пейіш, арты кеніш болсын Мұндайда біздің қазақ «төрелеген өлім» деп жатады ғой. «Төтелеген өлімнен» – қыршын жастың қиылуынан сақтасын деген мағынадағы тәубә сөзі. Көңіл үшін айтылатын болар, әйтпесе өлімнің қайсысы жақсы дейсіз. Кездескен жерде арсалаңдап қолын алып, реті келсе еркінсіп, еркелеп жүретін асқар таудай ағалардан айырылу жанға батады. Әсіресе, Жұмекеңдей ағадан. Өткен күзде «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз», «Простор» журналдарының 75 жылдығына арналған жиыннан шығып, Абылай хан мен Абай даңғылдарының қиылысындағы аялдамаға дейін шығарып салып, қашанғыдай биязы, байсалды әңгімесін тыңдап ем Жұмекеңнің. Әттең, соңғы дидарласуым екен!.. Кешікпей қазақ журналистикасы мен көркем сөзінің тағы бір тарланынан көз жазып қаларымызды білмеппін... Асыл ағаның алды пейіш, арты кеніш болғай! Бекболат ӘДЕТОВ, журналист, Жазушылар одағының мүшесі. Бақұл бол, әзіз аға! Біз танысқалы аттай қырық тоғыз жыл болыпты. 1961 жылдың соңғы күндері. Диплом жазылып жатыр. Бір досым «Қазақ әдебиетіне» фототілші керек көрінеді, соған барсаң қайтеді деді. Бардым. Жаманды-жақсылы істедім. Тұңғышым дүние есігін ашқанда бүкіл «Қазақ әдебиеті» келіп құттықтады. Жұмағали ағамыз дастарқан басында дарқан екен. Оған Ғафу ағамыз қосылды. 1972 жылдың тағы да аяқ кезі. Жұмекең Партия тарихы институтының марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын аудару секторының меңгерушісі. Шақырды. Бардым. «Редак-циялауың жақсы екен» деді. Қаламақы табу үшін жарты баспа табақ аудару керек. Тағы да «жақсы екен» деді. ҚазТАГ-қа директордың орынбасары болып кеткен. Бір жылдан кейін тағы шақырды. 13 жыл бірге істедік. Аударманың да, басқа жұмыстың да қыр-сырын, мүлт кеткен жерімді Жұмекең түзейді. Түзегенінің мәнісін де түсіндіреді. О кісі «бір еркін демалайыншы» деген тұста бір қырсық киліге кететіні бар. 50 жылдығының алдында соған мен себепкер болдым. 60 жылдығының алдында нендей жағдай болғанын жұрт біледі – Колбиннің қаһарына ұшырады. Менің бір қырсық мінезім бар: өзімдікі дұрыс деп білсем, тістесіп тұрып алам. Сондайда, томсырайыстық та. Бірақ бір-екі күннен кейін бәрі тарқайды. Ол ағамның кеңдігі. Күні кешеге дейін қызық-шыжығымыз бір болды. Сыйластық та, сырластық та, мұңдастық та. Не керек, мына жалған дегенін істеді. «Алдыңнан жарылқасын, аға!» дегеннен басқа не істей аламын, мен бейбақ. Нұрмахан ОРАЗБЕК. Лапылдап жанған дамылсыз Қазақ еліне көптен танымал ғалым, қоғам қайраткері Жұмағали Ысмағұловтың жасы алпысқа толғанда «Жанында бар мың жалын» деген тақырыпта эссе жазып, 1998 жылғы 17 сәуірде «Алматы ақшамы» газетінде бастырған едім. Онда Жұмекеңнің жастық шағындағы арман-мұратын, табиғи пішінін бейнелеу үшін Карл Маркстің өрімтал кезінде қағазға түсірген: Жанымда бар мың жалын, Лапылдап жанған дамылсыз. Өлуге бүгін дайынмын, Өмірім болса дауылсыз – деген өлең жолдарын мысалға келтірген едім. Бүгін еліміз 83 жасқа қараған шағына дейін лапылдаған сол жалынның сөнгені туралы қасіретті хабарды алып отыр. Орны толмайтын қайғы десек те, дәтке қуат, жылылығы да бар ғой. Сөнген жалынның ұзақ жылдар бойы жоғалмас, кейінгілер от тұтатарлық шоғы қалды. Олар – марқұмның қазақ журналистикасына, әдебиеттану ғылымына қосқан мол үлесі. Абайтану, ғабиттану мәселесімен шұғылданғандар Жұмағали еңбектеріне жүгінбей өте алмайды. Топырағың торқа, иманың жолдас болсын, аяулы бауырым! Сапабек ӘСІПҰЛЫ.
•
15 Қаңтар, 2011
Жұмағали ЫСМАҒҰЛОВ
1276 рет
көрсетілді