Спорттық гимнастикадан Канада ұлттық құрамасының бас бапкері қазақ жігіті туралы біз не білеміз?
Тағдырдың жазуымен жұмыр жердің әр қиырында тұратын қандастарымыз баршылық. Солардың бірі – Едіге Жаров. Ол спорттық гимнастикадан КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 1988 жылғы Сеул Олимпиадасының 2 дүркін жеңімпазы, әлемнің бірнеше мәрте чемпионы Валерий Люкиннің ұстазы. Ол қазір Канадада тұрады. Осы елдің спорттық гимнастика бойынша жасақталған ұлттық құрамасының бас бапкері.
– Армысыз, Едіге аға!
– Амансыздар ма?!
– Сіздің атыңызға сыртыңыздан қанықпыз. 1988 жылғы Сеул Олимпиадасының жеңімпазы Валерий Люкиннің жеке бапкері екеніңізді білеміз. Содан бері 21 жылдан аса уақыт өтті. Сақа, сарытіс жанкүйерлер болмаса, кейінгі жастар жағы сізді біле бермейді. Қазақ екеніңізді газет оқырмандарына өз аузыңыздан айтып берсеңіз...
– Қазақпын! 1952 жылы 19 қаңтарда Алматы облысының Нарынқол ауылында дүниеге келдім. Әкем Нұрмахан Жаров 1930 жылы сол Нарынқолда дүние есігін ашып, 1957 жылы қапияда өмірден озды. Анамның аты-жөні – Нұри Салауатқызы. Әкем қайтыс болған соң Алматыға, әжеміздің қолына көшіп келдік. Анам әкей өмірден өткен соң тұрмыс құрған жоқ. Біздің бар ауыртпалығымызды қайыспай көтеріп, 2007 жылы бақилыққа аттанды.
– Балалық шақ, гимнастикаға ден қойған арманшыл күндер, алыста қалған сол бір жылдарды көкейде қайта жаңғыртып көрсек.
– 11 жасымнан спорттық гимнастикамен шұғылдандым. Мені оған ертіп келген Александр Георгиевич Калиш болатын. Сол кісінің қол астында тер төккен күндерім әлі көз алдымда. Шыны керек, гимнасшы ретінде биік белестерге жете алған жоқпын. Бірақ бапкерімнен көп нәрсе үйрендім. Қимыл-қозғалыстың сан түрлі ғажабын сол жерде көкейге тоқыдым. Аспан әлеміне Тоқтар Әубәкіровтен кейін ұшқан қазақ ғарышкері, батыр бауырымыз Талғат Мұсабаев, міне, сонда біздің топта болды.
1969 жылы Алматыдағы № 113 орта мектепті бітіріп, Қазақ денешынықтыру институтына оқуға түстім. Оны бітіргеннен кейін «Еңбек» ерікті спорт қоғамында жаттықтырушылық қызметім басталды. Ұзамай армияға алынып, Забайкалье әскери округінде жауынгерлік міндетімді өтедім. Содан кейін жаттықтырушылық қызмет қайта жалғасты. Араға үш жыл салып, 9-11 жастағы балалардан жеке топ құрдым. Менің шәкірттерім қалалық, республикалық жарыстарда көзге түсе бастады.
– Едіге Нұрмаханұлы! Өзіңізге атақ-абырой әкелген шәкіртіңіз Валерий Люкинді қалай жолықтырдыңыз?
– Әлі есімде, республикалық жарыста жұқалтаң келген сары бала көзіме оттай басылды. Валера сол сында жеңімпаз, жүлдегер болған жоқ. Бірақ ойлы, өжет қимылымен мені баурап алды. Әр жаттығуға жан-тәнімен беріліп, мінсіз атқаруға тырысады екен. Көзіне қарасам, ой тұнып тұр. Гимнастикаға бейімін, жылдамдығын, үйлесімді қимылын байқап, іздегенім осы бала деп түйдім.
– Содан...
– Содан жарыс біткен соң республикалық «Спартак» ерікті спорт қоғамының төрағасы Мәжит Омарғалиевқа барып, Ақтөбеде Валера Люкин деген бала тұратынын, одан болашақта мықты гимнасшы шығуы мүмкін екенін айтып, іссапарға жіберуін өтіндім. «Баланың жасы нешеде?» – деп сұрады Омарғалиев. «Шамамен 10-11-де», – дедім. Мәжит аға: «Өзіңе сенсең, ішкі түйсігің алдамаса, барып қайт», – деді.
Ұшақпен Ақтөбеге келіп, гимнастика залын тауып алдым. Спорт мектебінің директоры мені сыртымнан біледі екен. Әке-шешесі, өзі қарсы болмаса, менің қарсылығым жоқ деді. Сол күні Валераның ата-анасымен кездестім. Баланың болашағы Алматыда екенін, егер ол кісілер рұқсат берсе, Валераның біздің үйде тұратынын, оның бар жауапкершілігі менің мойнымда болатынын жеткіздім. Жұдырықтай жасөспірімді жер түбіндегі Алматыға, бейтаныс бапкерге жетектетіп жіберу қай ата-анаға оңай дейсіз. Ұзақ сөйлестік. Мен алған бетімнен табандап, қайтпай қойдым. Сол кезде небары 25-те екенмін, бір отбасының 11 жастағы әлпештеген баласын қасыма алуға қалай тәуекел еттім, жауапкершілікті қалай ғана мойныма алдым, деп кейде өзіме-өзім сұрақ қоямын.
1977 жылдан бастап Валерий Люкин біздің үйде тұра бастады. Анам ас-суын әзірлеп, киім-кешегін жуып береді. Мектепке өзім алып барамын. Гимнастика залына да бірге барамыз. Үйге бірге қайтамыз. Күніне 6-7 сағат тер төгеміз. Валера менің жаттығу жүйеме тез бейімделді. Ауырлыққа мойыған жоқ. Тез көндікті.
– Қазақ маманы баптаған ұлан КСРО-дай алып империяның бас бәйгесін олжалаған сәтті еске түсірудің өзі мерейімізді өсіріп, мәртебемізді көтеріп тастады ғой. Сол тұста КСРО гимнасшыларының атағынан ат үркуші еді. Себебі, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарының алтын жүлдесі негізінен совет гимнасшыларының үлесіне тиетін. Кілең дарабоз бас қосқан КСРО-ның ұлттық құрамасына cіздерді қай жылы шақырды?
– 1986 жылы КСРО ұлттық құрамасының оқу-жаттығу жиынына қатыстық. Осы жиын соңында КСРО құрамасының бас бапкері Леонид Аркаев Люкинге көңілі толғанын, бірақ Валерийдің сырт көзге тым балаң көрінетінін айтты. Шынында да, 20 жастағы Люкин 16-дағы бозбала тәрізді еді. «Келесі жиынға еркін жаттығуда үш мәрте сальто жасауды меңгеріп келіңдер», – деді Аркаев. Бұл – оңай шаруа емес еді. Біздің басты қарсыласымыздың бірі қытайлықтардың осы жаттығуға құлшына кіріскенін естігенбіз. Күн тәртібіндегі ендігі мәселе: халықаралық жарыста бұл жаттығуды кім бірінші орындайды? КСРО ма, Қытай ма?
1987 жылғы Еуропа чемпионатында Люкин дүние жүзі бойынша еркін жаттығуда үш мәрте сальтоны бірінші болып жасап, құрлық чемпионы атанды. Бұл жаттығу және біздің басқа да тың жаңалықтарымыз халықаралық ережелер кодексіне «Liukin» элементі болып тіркелді. Сол чемпионатта Валерий 5 алтын, 1 күміс, 1 қола медальға ие болып, Еуропаның абсолютті чемпионы атағына қол жеткізді.
1987 жылы Валерий КСРО чемпионатында көпсайыста жеке-дара шықты. Әлемге әйгілі Дмитрий Билозерчев, Валентин Могильный, Юрий Королев секілді мықтылар менің шәкіртіме жол беруге мәжбүр болды. Осы жерде Валераның басты қарсыластарына тоқтала кетейін. Дмитрий Билозерчев 1983,1987 жылдардағы, ал Юрий Королев 1981,1985 жылдардағы әлемнің абсолютті чемпиондары. Валентин Могильный да әлем чемпионы, Одақ құрамасының белді мүшесі.
Сол жылы Роттердамдағы әлем чемпионатына Валерий КСРО құрамасының көшбасшысы болып барды. Қонақ үйге орналасқан бойда әр елден келген журналистер Люкинді қоршап алды. Спорттық жолымыздағы алғашқы әлем чемпионатына нағыз бабымызда келген едік. Ертең жарыс деген күні жаттығу залында біраз тер төктік. Жаттығу соңында Валера «Цукахара» элементін екі рет жасап, «ұстаз, тағы бір секірсем қалай болады», – деді. Қарсы болған жоқпын. «Цукахара» әдісімен секірген Валера дік етіп түскен жерінде тұрып қалды. Ойымда ештеңе жоқ: «Валера неғып тұрсың, кешкі асқа барайық», дедім. «Жарысқа қатыса алар ма екенмін», – деді Валера барынша сабыр сақтап. «Жүр, кеттік», – дедім әлі де ештеңеге түсінбей. «Жүре алмаймын». Аяғына қарасам, тобығы көз алдымда бұлтиып ісіп шыға келді. Маңдайға жазылған бейнеттен қалай қашып құтыласың. Роттердамда өткен әлем чемпионатында Люкин жарақатына қарамай, 2 алтын, 1 күміс медальді жеңіп алды.
Сеул олимпиадасында Валерийге бұйырғаны – 2 алтын, 2 күміс медаль.
– Едіге аға, егер сіздер еркін жаттығудағы үш мәрте сальтоны меңгермегенде ұлттық құрамаға табан тіреп, орнығу мүмкін бе еді?
– Оқу-жаттығу жиындарына шақыруы мүмкін, бірақ айтулы бәсекелерге бара алмас едік. Құрама сапында 8-10 жыл үздіксіз тер төгіп, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатына жолы түспеген мамандар мен спортшылар өте көп. Мысалы, Люкин екеуміз КСРО құрамасының сапында 10 жыл бірге болдық. Бір апта – үйде, үш апта – Мәскеудегі КСРО құрамасының оқу-жаттығу жиынында. Бала-шағасы бар адам үшін табандатқан 10 жыл бойы осылай бейнет кешу оңай ма.
Біз жаңалық жағынан еркін жаттығудағы үш мәрте сальтомен ғана шектелген жоқпыз. Әлемде, Кеңес Одағында ешкім жасамаған бірнеше элементтеріміз болды. Сол әдістердің бірі – белдемеде (турник) 360 градус бұрылыспен алға бүгіліп жасайтын сальто. Бұл әдісті де дүние жүзінде біз бірінші болып меңгердік. Халықаралық ережелер кодексіндегі «Liykin» элементінің құрамына бұл сальто да енді.
– Қазақта «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген аталы сөз бар. Валерий Люкиннің АҚШ-тағы гимнастика мектебі туралы хабарымыз бар. Валерийдің қызы Анастасия Люкина Пекин Олимпиадасының абсолютті чемпионы атанды. Валерийдің өзі 2008 жылдың қорытындысы бойынша әлемдегі таңдаулы жаттықтырушылардың бірі болып танылды. Шәкіртіңізбен қазіргі қарым-қатынасыңыз қалай?
– Валера менің қолымда сегіз жыл тұрды. Әлі күнге дейін ағалы-інілі жандардай сыйласамыз. Бірде ол мені өзі тұратын Даллас (АҚШ) қаласына жарысқа шақырды. Дүниенің әр қиырынан жиналған 200 адамдық дастарқан үстінде «Менің құдайдан кейінгі сыйлайтын бір адамым бар. Ол – бапкерім Едіге Жаров», деді. Ұстаз үшін бұдан асқан бақыт бола ма?!
– Еңбегіңіздің жанып, мәртебеңіздің өскеніне шын жүректен қуаныштымыз, Едіге аға! Сеул Олимпиадасынан кейінгі бапкерлік белесіңіз туралы айтсаңыз.
– Сеул олимпиадасынан кейін Франция мамандары қолқа салды. 1990 жылы отбасыммен осы елге көштім. Францияда 2000 жылға дейін тұрып, Канада құрамасына бас бапкер болып ауыстым. Қазір Оттава қаласында тұрамыз.
– Енді Франциядағы жетістіктеріңізге тоқталайық. Кеңес Одағы кезінде «қазақ күрес пен боксқа ғана бейім», деген қасаң стереотип қалыптасты. Осы түсінікті тас-талқан қылған маманның бірі сізсіз! Құлағым сізде.
– Он жыл бойы Францияның ұлттық құрамасын баптадым. Бұл елде еңбегім жанды. Шыны керек, Францияда тұтас бір мемлекет алдындағы жауапкершіліктің, не екенін жан жүрегіммен сезіндім. Бұрын КСРО құрамасының жауапкершілігі Аркаевтың мойнында, Қазақстан құрамасының жауапкершілігі тағайындалған жаттықтырушының иығында болатын. Мен өз шәкірттеріме ғана жауап беретінмін. Францияның спорт басшылары сенім артып, шақырған соң намысты қолдан бермеуге күш салдым. Оқу-жаттығу жиындары біте сала елдің әр қиырынан мамандар мен спортшылар ақыл-кеңес сұрап, кем-кетіктерін түзеу үшін маған келеді. Құраманың жұмысынан тыс осындай шаруаларға жегілдім. Ұлттық құрамаға келсек, арқа сүйейтін, ақыл сұрайтын ешкімім жоқ. Бүтін бір мемлекеттің гимнастикасын өрге сүйреу үшін табандатқан он жыл арпалыстым. Еңбегім еш кеткен жоқ. 1995 жылы шәкіртім Жил Стабло жеке жаттығуда Еуропаның 2 дүркін чемпионы атанып, көпсайыста күміс жүлдеге қол жеткізді. Тағы бір шәкіртім 1997 жылы Франция чемпионатында топ жарды. Францияның жастар құрамасына үш шәкіртім енді. Еңбегім жанды, беделім де ешкімнен кем емес. Бірақ жауапты бәсекелер кезінде ұлттық кемсітушілікті көп көрдім. Оқу-жаттығуда құраманың бар бейнетін көтересің, ал жарыс алаңына шәкірттеріңмен бірге шығуға хақың жоқ. Өзіңіз көз алдыңызға елестетіп көріңізші, ұзақ жыл талмай баптап, жауапты сын алдында ащы терін алып, бәйгеге қосқан шәкіртіңіз шығыршықта не белдемеде шырқ үйіріліп, өнер көрсетіп жатады. Сен болсаң, ел қатарлы қасында бола алмайсың, шәкіртіңнің қимыл-қозғалысын бапкер бөлмесіндегі теледидардан немесе трибунадан тамашалайсың. Мұндай кемсітушілікке қашанғы төзесің. 2000 жылы Канадаға қоныс аудардым.
– Қоныс аудардым дегеннен шығады, Қазақ елінен шетке кеткен гимнастика мамандарынан кімдерді білесіз?
– Қазақ топырағында дүниеге келіп, өсіп-өнген талай маман сыртта жүр. Владимир Уфимцев, Валерий Люкин, Юрий Алексеев, Павел Садовский, Бродецкийлер – АҚШ- та, Алик Якимиди – Грекияда, Александр Ширяев – Англияда, Туровцев – Ресейде тұрады. Бұлар менің есіме түскендері ғана. Қаншама әйел бапкерлер нәпақа іздеп, шетке кетті. Бір ғана гимнастика саласындағы сыртта жүрген мамандарға кәсіп үйрету үшін, оларды шыңдау үшін Қазақ елі қанша қаржы жұмсағанын бір Алла ғана біледі. Бұлардың шетелге көшуінің өзі – маңдайға жазылған тағдырға байланысты. Өзге елге қоныс аударған мезет шекең шылқ ете қалмайды. Елді, жерді сағынып, өзегің өртенеді. Тіл білмей бір тұсаласың, өгей ортаға көндіге алмай екі қиналасың. Туған ел жатсаң да, тұрсаң да жадыңда тұрады. Міне, 20 жыл сыртта жүрмін. Тасбауыр болып кетті демеңіздер, қазақ екенімді бір сәт есімнен шығарған емеспін. Қазақ боп тудым, қазақ боп қаламын.
– Тағдыр-талайыңызға жазылғаны осы болса, қалай жазғырамыз. Кісі есігінде жүрген жоқсыз, мүйізі қарағайдай Канаданың керегіне жарап, гимнастикасының екі тізгін, бір шылбырын ұстап отырсыз. Осыған да шүкір. Енді әңгіме арнасын Халықаралық гимнастика федерациясымен қарым-қатынасыңызға қарай бұрсақ.
– 1991 жылы Халықаралық гимнастика федерациясы (ХГФ) бапкерлердің білімін көтеру академиясын ашты. Академияға техникалық эксперт таңдау үшін ХГФ – АҚШ, Жапония, Ресей, Англия, Италия, Румыния, Украина, Қытай, т.б. мемлекеттерден білікті деген мамандарды шақырып, емтихан алды. Сол емтиханның қорытындысы бойынша мен үздік шығып, академияның эксперті қызметіне қабылдандым.
– Бәрекелді! Қазақтың ақыл-ойының озықтығын бүкіл әлем алдында дәлелдепсіз. Ісіңіз өрге бассын!
– Рахмет! 1999 жылдан бастап жер шарының әр түкпірінде ағылшын, француз, орыс тілдерінде 15 лекция оқыдым.
2005 жылы ХГФ президенті Брюно Гранди федерациясының техникалық комитетіне мүшелікке таласуға кеңес берді. Ол кезде мен заң жүзінде Қазақстан азаматы болатынмын. Қазақстан гимнастика федерациясына мені қолдаңыздар деп өтініш айтып едім. Сөзім далада қалды. Бұл жағдайды естіген Канада федерациясы маған Канада азаматтығын әперіп, ХГФ-ге менің кандидатурамды ұсынды.
Сөйтіп, 2008 жылы ХГФ-нің Хельсинкиде өткен конгресінде Канаданың атынан сайлауға түсіп, ХГФ ерлер техникалық комитетінің 6 мүшесінің бірі болып шыға келдім.
– Сіздің ХГФ-нің бас эксперті әрі техникалық комитет мүшесі болуыңыз – қазақ спорты тарихындағы соны қадам. Бізде кандидаттық және докторлық диссертацияны зорға қорғағандар аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейді. Сондайлардың кесірінен қазақ спорты аяғына жем түскен аттың кебін киіп отыр. Ал қазақ бапкерінің дүниежүзілік федерациясының белді мүшесі болуы, жер шарын аралап, дәріс оқуы – барша алаштың абыройы. Ендігі жерде білім-білігіңізді бағалап, қадіріңізді біліп, қолқа салып шақырған Канада жұртына сіңірген еңбегіңізге тоқталсақ.
– Мен барған тұста Канада гимнастикасы бауырын жерден зорға көтеріп, тұралап тұр еді. 1999 жылғы әлем чемпионатында елдің ұлттық құрамасы 18-орында қалған еді. 2001 жылы канадалықтар 12-орынға көтерілсе, 2003 жылғы әлем чемпионатында Канада гимнасшылары тарихта бірінші рет командалық 5-орынға табан тіреді.
Канада гимнасшылары 1976 жылдан кейін Олимпиада ойындарына толық құраммен 2004 жылы, 28 жыл үзілістен соң бір-ақ қатысты. Афины олимпиадасында канадалық Кайл Шифелт еркін жаттығуда Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алды. Шифелтке дейін Канада тарихында гимнастикадан Олимпиада чемпионы болмаған екен.
2005 жылы Брандон Онил әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Бұл жігіт екі рет Әлем кубогін жеңіп алды.
2007 жылғы әлем чемпионатында біздің құрама мықтылар қатарынан орын теуіп, Пекин олимпиадасына толық құраммен қатысу мәртебесіне ие болды.
– Едіге Нұрмаханұлы, жұмыр жердің талай қиырында болдыңыз. Гимнастиканың небір майталман тұлғаларымен жолыңыз түйісіп, дәмдес болып жүрсіз. Кезінде КСРО гимнасшылары Олимпиада мен әлем чемпионатында бас бәйгені шаппай алушы еді. Гимнастиканың қазіргі беталысы қалай? Қай елдің мамандары мықты деген сауалдың төңірегінде ой өрбітіп көрсек.
– Көп елдің мамандарымен қызметтес болдым. Әлемдік гимнастиканың оңды-солын, қатпар-қатпарын бір адамдай білетін жағдайға жеттік. Сонда көкейге түйгенім, Кеңес Одағында білім алған, сол мектептің тәлімін көрген жаттықтырушылардың орны бөлек. Кәсіби шеберлік, бапкерлік білік жөнінен совет мамандарының шоқтығы биік.
Сізге бір ғана мысал айтайын, АҚШ-тың гимнастика саласында КСРО-дан көшіп барған 260 жаттықтырушы жұмыс істейді. Валерий Люкин солардың бірі ғана. Пекин олимпиадасында Валераның қызы әрі шәкірті Анастасия Люкина абсолютті чемпион атағын жеңіп алды.
Олимпиада мен әлемнің абсолютті чемпионы, ресейлік Николай Андрианов Жапонияда 10 жылдай қызмет етті. Қазіргі таңда гимнастикасы алға басқан Қытайдан басқа мемлекеттердің басым көпшілігінде тізгінді совет мамандары ұстап отыр.
2009 жылы Лондонда өткен әлем чемпионатының жеңімпазы, жапон гимнасшысы Кохей Ушимура ұстазы Такаши Кабояши екеуі маған бірнеше рет арнайы келіп, ақыл-кеңесімді тыңдап, бізбен бірге жаттықты. Кабояши менің қасымда 8 жыл бірге тер төкті.
Жапония федерациясы бірнеше рет қолқа салып, қызметке шақырды. Еңбегім жанып, тасым өрге домалап тұрған елден кеткім келмеді. Жапондар ренжіген жоқ. Қарым-қатынастарын үзбей, Канадаға оқу-жаттығу жиындарына келіп тұрады.
Осындай қадіріңді біліп, ізденісіңді бағалайтын елде тірлік кешіп жатырмыз. Маңдайға жазылған тағдыр осы болса, басқа не айтайын.
– Әңгіме соңында отбасыңыз туралы айта кетсеңіз.
– Зайыбым Маргарита екеуміз 1980 жылдан бері бірге жасап келеміз. Ұлым Русланның жасы 29-да, қолымызда тұрады. Оттава университетін бітіріп, Оттава қаласының әкімдігінде қызмет істеп жатыр. Қызым Каринаның жасы 24-те, Монреаль университетін аяқтап, сол қалада француз, ағылшын тілдерінен тәржімашы болып қызмет атқарады.
Қыдырбек РЫСБЕК, журналист.
Суреттерде: үш жасар Едіге ата-анасының ортасында; бапкерліктің бастапқы кезеңінде; ұстаз сенімін ақтаған шәкірт В.Люкин.