Еркін Мусин облыстық мемлекеттік мұрағаттың аудандағы филиалының директоры. Зибагүл жеңгей екеуі өмірге екі қыз, бір ұл әкеліп, оларға саналы тәрбие беріп, өсірді.
– Біздің Лариса, Гауһар есімді екі қызымыз, Нұркен атты ұлымыз бар. Зайыбым Зибагүл тәрбиелі отбасынан шыққан қыз. Үй шаруасында болғандықтан, балалардың сабағына, тәртібіне көбіне назар салатын да сол. Қыз бала анасы арқылы өмірді таниды. Ал ер бала әкесінің салмақты сөзін естіп, сабырлы ісін көріп өсуі керек деп ойлаймын. Біздің отбасының бала тәрбиесіндегі басты бағыты осындай, – дейді ол. Өнегелі отбасындағы балалардың барлығы да мектепті «Алтын белгімен» аяқтапты. Тұңғышы Лариса 2005 жылы Ақтөбе қаласындағы М.Құсайынов атындағы дарынды балалар мектебін бітірген. ҰБТ нәтижесінде 105 балға қол жеткізіп, «Алтын белгіге» ие болыпты. Мемлекеттік білім гранты негізінде Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне оқуға түсіп, оны да қызыл дипломмен тәмамдаған. Қазір Лариса елордада жауапты қызмет атқарады. Ортаншы баласы Нұркен 2006 жылы №2 мектеп-гимназияны бітіріп, ҰБТ қорытындысында 110 балл жинаған. Ол да грант арқылы Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университетіне оқуға түсіп, оқу орнын өткен жылы тәмамдапты. Ал кенже қызы Гауһар білім ордасын 2010 жылы бітіріпті. ҰБТ-дан 122 балл жинаған ол мемлекеттік грант негізінде апасы Лариса оқыған білім ордасына халықаралық құқық мамандығы бойынша оқуға түсіпті. Жоғары оқу орнына түскен талапкерлердің тізімі жарияланған «Егемен Қазақстан» газетінен қызының аты-жөнін көргенде Еркіннің қуанышында шек болмапты.
– Кіші қызымыздың да іргелі оқу орнында білім алатынын көріп, қатты қуандық. Жалпы, өзім де, бауырларым да мектепті жақсы үлгеріммен бітіргенбіз. Балаларымыздың жетістікке жетуінің негізі – алтын ұя мектебі мен ұстаздарының еселі еңбегі және үнемі біліммен бәсекелесуге құштар балаларымыздың ізденісінің жемісі деп ойлаймыз. Ал ата-ананың балаларын қадағалауы – өзгермес заңдылық, бала алдындағы асыл борышы, – дейді отағасы. Еркін Мусин қолы қалт етсе спортпен шұғылданады. Үйі мен жұмыс орнының арасы екі шақырымдай болса да жаяу жүреді. Спортты сүйетін азамат 2007 жылдан бастап екі жыл қатарынан аудандағы мемлекеттік қызметкерлер арасында Президентіміздің саламатты өмір салтын қалыптастыру бағдарламасын жүзеге асыру бағытында өткізілетін «Президенттік қашықтық – денсаулыққа апарар жол» сайысында жүгіруден бірінші орынға ие болыпты. Футбол, шахмат ойындарын жақсы көретін ол осы спорт түрлерінен де бірнеше рет облыстық, аудандық сайыстарға қатысып, жеңімпаз атаныпты. Тіпті, тоқсаныншы жылдардың басында үш жыл қатарынан каратэмен шұғылданған екен. «Әр адам бос уақытын спортқа арнаса, саламатты өмір салтын ұстау дегеніміз осы емес пе»,— дейді ол.
Мұхтар МЫРЗАЛИН, журналист.
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы.
__________________________
Суретте: Еркін Орманұлы балаларымен бірге.