• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
18 Қаңтар, 2011

Атқарылған іс аз емес

565 рет
көрсетілді

Кеше Ішкі істер министрлігінде 2010 жылғы атқарылған жұмыс нәтижелерін қорытындылаған алқа мәжілісі болып өтті. Оған Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Ішкі істер ғимаратына келісімен Президент еліміздегі ішкі істер органдары жарақтандырылған қазіргі таңдағы сарапшы-криминалдық, байланыс және басқа да арнаулы техниканы қарады. Елбасы өз сөзін: «Бүгін мен Ішкі істер министрлігінің қоры­тын­ды алқасында арнайы сіздермен кездесіп, ішкі істер орган­да­ры­ның алдында тұрған міндеттерді айқындап, маңызды мәсе­ле­лерді тағы бір пысықтап алуды жөн көрдім», деп бастады. Одан әрі Нұрсұлтан Назарбаев поли­цей­лердің қызметін жоғары баға­лай­тынын айтты. Өйткені, қа­шан­да қылмыспен күресте ал­дың­ғы шепте полиция қызмет­кер­лері тұрады. Олар өз өмір­лерін қатерге тіге отырып, біздің азаматтардың құқын қорғайды. Ішкі істер министрлігі еліміздегі ең ірі құқық қорғау органы бо­лып табылады және оларға қо­ғамдық тәртіпті қорғаудан бастап көші-қон және жол қозғалысы қылмыстарымен күресу міндеті жүктелген. Сондықтан, деді Мем­лекет басшысы, мен сіз­дер­дің ведомстволарыңызға үнемі назар аударып отырамын. Бұл орайда ІІМ өзіне тапсырылған мін­деттерді атқарып келеді. Соң­ғы бес жыл ішінде ІІМ қаржы­лан­дыру бір жарым есеге ұлғайтылды. Өткен жылы ІІМ бюджеті бір жарым миллиард теңгені құрады. Бұл полицияның техникалық қамтамасыз етілуіне үлкен көмек болды. Басқарудың автоматтық және бейнебақылау жүйесі енгізілуде. Бірақ, кез келген істе өзін­дік проблема бар дегендей, кемшіліктер де жоқ емес, деді бұдан әрі Президент. Өткен жылы құ­қыққорғау органдары жұмы­сы­ның кейбір бағыттары бойынша реформалар жүргізілген еді. Енді оның нәтижесі қандай? Қандай мәселелер шешімін тапқан жоқ, ІІМ бойынша қандай бағыттарды жүзеге асыру қажет? Бүгінгі тал­қы­ланатын мәселе осы, деген Ел­ба­сы өткен жиырма жылдың ішін­де экономика, саясат, мәде­ниет және халықаралық жағдай түгел өзгерді, деп атап өтті.Әри­не, бұл кезеңде құқық қорғау ор­гандары да өзгермеді деп айтуға болмас. Жаңа маңыз­ды заңдар қабылданып, бағалы басқару тә­жірибесі қалыптасты. Дегенмен, оның экономикамен салыстыр­ған­да артта қалушы­лы­ғы айқын байқалады. Сондықтан да Елба­сы барлық құқық қорғау жүйесін реформалау қажеттігін айтты. Соның арқасында біз өт­кен жылы бірқатар маңызды жетістіктерге қол жеткіздік. Біріншіден, деді Президент, қылмыс­тық заңнаманы ізгілендіру арқы­лы мыңдаған адам түрмеге түсу­ден аман қалады. Өйткені, жеңіл және орта ауырлықтағы құқық бұзушылықтар үшін қазір бас бостандығынан айырмайды. Екін­шіден, тергеу баламаларын біршама қысқартып, күш құрылым­дары арасындағы ведомствоара­лық жүйені оңтайландырдық. Бүгінде есірткі қылмысымен ІІМ айналысады, ал экономикалық және сыбайлас жемқорлық қыл­мыстарымен қаржы полициясы шұғылданады. Үшіншіден, бас ауыртатын бір мәселе сонау ке­ңес­тік кезеңнен бізге мұра болып қалған тергеу жүйесі еді. Реформа арқасында сотқа дейінгі өн­ді­рісті қарапайымдыландыруға қол жетті. Қазір жеңіл және орта қылмыстар оңтайландырылған сызба бойынша қаралғандықтан тергеу мерзімі бірден қысқарды. Соған орай бүгінде тергеу үде­рісінде процессуалдық жағдайды жеңілдету үшін сынақ өтіп жа­тыр. Оның қорытындысы 2011 жылы белгілі болмақ. Төртінші­ден, құқық қорғау органдары оңтайландырылды. Кейбір құ­ры­лымдық бөлімшелерді нығайту, кейбір орталық аппаратты қыс­қар­ту арқылы құқық қорғау ор­гандары қызметкерлерінің жал­пы саны 15 пайызға азайды. Сонымен қатар, мыңдаған адам погондарын шешті. Погонды қылмыспен кү­ре­сетін, қоғамдық тәртіпті сақтау міндетімен нақты айналысатын адамдар ғана тағуы керек. Қалған саладағы адамдарға погон тағу­дың қажеті шамалы. Бесіншіден, ІІМ кейбір қызмет түрлерін на­рықтық ортаға беру тек ведом­стволық міндеттермен айна­лы­су­ға мүмкіндік берді. Соның ішінде кейбір қызметтер Білім, Ден­саулық сақтау, Көлік және коммуникация министрліктеріне өтті. Сөйтіп, бірқатар маңызды құ­ры­лым­дық-басқару шешімдері қа­был­данды. Бүгінде Қазақстан үл­кен көші-қон жолында тұр. Заңсыз көші-қон көлемі күннен күнге артып келеді. Сондықтан көші-қон полициясы комитетін құру туралы шешім дұрыс бол­д­ы, деп атап өтті Елбасы. Бұған қоса есірткі сау­да­сымен күрес жө­ніндегі аймақтық бөлімше­ле­р­дің комитетке бағы­ныш­ты бо­луы да көңілге қонады. Міне, осы жағдайларға бай­ла­нысты белгілі бір нәтижелер бар, деді бұдан әрі Президент. Бірақ мұнымен тоқмейілсуге бол­май­ды. Алдымызда әлі ірі міндеттер тұр және олардың көпшілігі ІІМ тығыз байланысты. Қоғамдық тәр­тіпті күзету мен қылмыспен кү­рес министрлік қызметіндегі ба­сымдық болып табылады. Осы­ған орай алда тұрған міндеттерге басқа қырынан қарап, жаңа ба­ғыт­тардың тиімді жақтарын ай­қындау қажет. Бұл бағыттарда не істеу қажет екендігін түсіндіру үшін Елбасы сегіз мәселеге тоқ­талып өтті. Бірінші. «Ішкі істер орган­да­ры туралы» Заңның қабыл­дан­ғанына 15 жыл өтті. Ол заң басқа тарихи жағдайда қабылданды, ал біз қазір мүлде басқа жағдайда өмір сүрудеміз. Сондықтан үстіміздегі жылы «Ішкі істер органдары ту­ралы» жаңа заңның мазмұнын қарап және оны 2012 жылдан қалдырмай қабылдау қажет. Екінші. Құқық қорғау орган­да­рын одан әрі реформалау ая­сын­да әлемнің көптеген елдеріндегі секілді полицей мен тер­геушінің қызметін ажырататын сызба жобасын жан-жақты дай­ын­дау қажет. Болашақта полиция міндеті іздеу, қылмыскерді ұстау және қылмысты тіркеу болады. Одан арғы дәлелдерді жинақтап сотқа жолдау тергеушінің міндеті болуға тиіс. Бұл сотқа дейінгі тер­геу үрдісінің тиімділігін арт­тырады. Бұл орайда біз қазір Тергеу комитетін реформалауға кірістік, деді Мемлекет басшысы. Тергеу мен криминалдық полиция қызметін біріктіру бойынша Аста­надағы және Алматы облы­сын­дағы қанатқақты жобаның жү­зеге асуына аса мән берілуі керек. Үшінші. Сотқа дейінгі өнді­ріс­ті оңтайландырудың бір жолы мәмілеге келу институтын дамы­ту болып табылады. Ол екі тарап­ты татуластыруда өте қажет. Сол сияқты жазалаудың балама, мәсе­лен, айыппұл, үйқамақ, түзету жұмыстары деген секілді түр­ле­рін көбейту керек. Бұл бір жа­ғы­нан қылмыстық-атқару жүйесінің жүктемесін азайтып, екінші жа­ғынан бюджетке тиімді болмақ. Төртінші. Құқық қорғау ор­ган­дарының, оның ішінде ІІМ қыз­метін бағалау белгілерін өз­гер­ту қажет. Құқық қорғау орган­да­рының қызметін бағалағанда ауыр және аса ауыр қылмыс­тар­дың ашылу белгілерін сақтаған дұрыс. Ал уақ және орта құқық бұзушылықтарға келсек олар жұмыстың негізгі баға белгілері болып табылады. Бесінші. Жол қауіпсіздігі са­ла­сында тәртіп орнататын уақыт жетті. Ең алдымен жолдағы кор­руп­цияны құрықтауға күш салған дұрыс. Сондықтан жол поли­ци­я­сы қызметін ұйымдастыру мен мәртебесін өзгерту қажет. Жол полициясы мен жол қозғалысы мүшелерінің қарым-қатынасын ба­рынша азайту жемқорлықты тоқтатуға әсер етеді. Келесі кезекте Елбасы есірткі саудасы мен есірткі қылмысымен күрестің маңызына тоқталып өт­ті. Сондықтан мұның нәтижесі бой­ынша сұрау да қатаң болаты­нын ескертті. Жетінші. Көші-қон полиция­сы біздің барлық көші-қон сая­сатымыздың жанды құралы бо­лу­ға тиіс. Қазақстан қазіргі уақытта заңды және заңсыз мигрант­тар­дың алаңына айналды. Өйткені, еліміздегі жоғары өмір сүру дең­гейі басқа шет жұрттарды өзіне тартуда. Ал заңсыз көші-қон кө­бі­не қылмыспен байланысты бо­лады. Демек, заңсыз келген шетелдіктерді елден шығарудың қа­таң тетігі жасалғаны жөн. Бізге ең алдымен ел азаматтарының мүд­десі қымбат. Сегізінші мәселеге тоқталған Мемлекет басшысы соңғы бес-алты жылда атқарылған, дайын­дық жүргізілген кадрлық жұмыс­тарға сараптама жасап, баға беру қажеттігін айтты. Құқық қорғау саласындағы қызметкерлердің әлеу­меттік қорғалу нормасын қа­рап, сонымен қатар қызметкер­лер­дің құқық бұзушылығы үшін басшылардың жауапкершілігін арттыруды ойлаған жөн. Ішкі істер органдарының өт­кен жылғы жұмыс нәтижесі бой­ынша баяндама жасаған министр Серік Баймағанбетов Мемлекет басшы­сы­ның алға қойған тап­сыр­ма­ла­рын орындау арқасын­да елдегі қыл­мыстық ахуал тұ­рақты, деді. Ауыр және аса ауыр қылмыс­тар­ды жасау 12 пайызға төмендеді. Оның ішінде кісі өл­тіру 13 пай­ызға, ден­саулыққа зиян келтіру 6 пайызға азайып отыр. Мұның бәрі полиция қыз­метін алдын-ала анықтаудың ар­қасында қол жеткен табыстар. Елі­міз егемендігін алғалы бері мем­лекет тарапынан ішкі істер органдарына аса мән беріліп келеді. Әр қызметкердің әлеуметтік жағ­­дайы, бөліністерді материал­дық-техникалық жаб­дық­­тау еш­қа­шан назардан тыс қалып көр­ген емес. Өткен жылы ІІМ негізгі қыз­мет басымдықтары ауылдық, аудан­дық және қалалық жерлердегі қоғам­дық тәртіпті қадаға­лауға ауда­рыл­ды. Күнделікті көшедегі қоғамдық тәртіпті ба­қылауға шығатын полиция мен ішкі әскер қызмет­кер­ле­рінің саны 14 мыңнан 19 мыңға дейін жетті. Облыс орталықтары мен ірі қалаларда жүзден аса жыл­жы­малы пункттер жұмыс істейді. Ал қылмыстық ахуал күрделі жерлерде онан да көп поли­цияның стационарлық бекеттері қызмет көрсетеді. Тұрғын жайлар аумағы мен аса қауіпті деген жерлерге бейнекамералар орна­ты­луда. Қа­зір елімізде мұндай бейне ба­қылау камералардың саны 1300- ден асады. Бейнебақылау камера­лары­ның арқасында 2 мыңның үстін­де қылмыс анықталып, 300 мың­нан аса заң бұзушылықтың алды ал­ын­ды. Жалпы, ауыр қылмыс­тар са­ны төмендеп отыр. Прокуратура органдарымен бірлесе барлық жергілікті жерлерде аза­маттардың өтініштерін элек­трон­ды тіркеу жү­зеге асырылды. Бұл арыздану­шы­лардың шағым­дарын дер кезінде қарауға және үш күн ішінде шешім шығаруға мүмкіндік туғызды. Өткен жылы полиция органы 4 млн. аса аза­маттардың ары­зын тіркеп, қара­ды. Өтініш­терді дер кезінде қарап, мәселені оңды шеше білу нәтижесінде ғана халықтың сенімі де арта түсетіні белгілі. Басқа да құқық қорғау орган­дарымен бірлесе отырып, Астана Саммиті секілді ірі халық­ара­лық жиындарды өткізуде көпте­ген оң тәжірибе жинақталды. Осы Саммитте жинаған тәжі­ри­беге қарай енді алда тұрған Азиада ойын­да­рын өткізу қауіп­сіздігі сақталады. Онда 9 мың­ның үстінде полиция қыз­мет­кері Азиада ойындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады. Сонымен бірге, алда тұр­ған ең маңызды міндет, ол ұйым­дасқан қылмыспен ымы­ра­сыз күрес жүргізу болып табы­ла­ды. 2010 жылы ұйымдасқан қылмыс­тық топ құрды деген дерек бойынша 29 қылмыстық іс ашыл­ды. Қылмыстық жауапкершілікке аталған ұйымдардың 55 белсендісі және 265 мүшесі тартылды. Олардан көптеген қа­ру-жарақ пен есірткі тәркіленді. Ақтау қаласын­да шетелдік кә­сіп­керді тапсырыс­пен өлтіргелі жатқан, Ресей мен Украинада тапсырыспен бірнеше адамды өл­­тірген халықаралық іздеуде жүрген Украина азаматы Солошенко қолға түсті. Қазіргі күні іс сотқа берілді. Ресейдің ІІМ бірлескен жедел шара кезінде Қа­зақ­станда бірнеше ауыр қыл­мыс жасаған 17 қылмыскерді Солтүстік Кавказдан іздеп, та­буға қол жетті. Олар сол аймақта жасырынып жүрген болатын. Жалпы, министрдің айтуынша, ішкі істер органдары алға қой­ған міндеттерді орындап отыр және алдағы уақытта сол талап деңгейінен табыла бермек. Бұдан кейін сөз сөйлеген Астана қалалық ІІД бастығы М.Демеуов, ІІМ Жол полициясы коми­тетінің төрағасы Қ.Тыныбеков және басқалар өз салалары бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Александр ТАСБОЛАТОВ. ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.