Кеше Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Бразилияның елшісі Фредерико С.Дуке Эстрада Мейерді оның біздің еліміздегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.
Қ.Тоқаев екі ел арасындағы қатынастарды нығайтуға қосқан қомақты үлесі үшін дипломатқа алғыс айтты. «Қазақстан мен Бразилия қарым-қатынастары түсіністік пен өзара сенімге негізделген. Бүгінде Қазақстан мен Бразилия әріптес елдер болып табылады», – деді Сенат Төрағасы және «Қазақстан мен Бразилия президенттері мемлекеттік сапарларының екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын белгілеуде айрықша мәні бар, бұл қатынастар сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге ықпал етті», – деді Қ.Тоқаев.
Қ.Тоқаевтың пікірінше, екі ел парламенттері арасындағы байланыстарды белсенділендіру саяси үнқатысудың маңызды бөлігі болады.
Кездесу барысында Қ.Тоқаев тасқын су оқиғаларына орай Бразилия халқына және қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көңіл айтты.