АҚТӨБЕ. 8 сәуір. Ақтөбеде жаңа қонақ үй кешені ашылды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Қаланың ескі бөлігінде орналасқан «Таңжарық» қонақүй кешенінің жалпы ауданы — 1,6 мың шаршы метр. Бөлмелері, караоке-бары, дәмханасы бар қонақ үй кешені құрылысына 1,7 миллион теңге қаржы жұмсалған. Кешенді жеке кәсіпкер К.Төкешова салып, пайдалануға берді. Әзірге мұнда 30 адам еңбек етеді. Болашақта олардың қатары тағы 50 адамға көбейетін болады.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына сөз алған қала әкімі Бекбол Сағын шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктер туралы айтып өтті.
Мысалы, осы жобаға, «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында, несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау түрінде қолдау көрсетілген. 100 миллион теңге көлеміндегі несиені кәсіпкерлер «Халық Банкі» АҚ-ның облыстық филиалынан алған.
Қонақ үйдің салтанатты ашылуына қатысушылар кешенді аралап көріп, ризашылықтарын білдірді.
Сатыбалды Сәуірбай.
Дерек, фото: egemen.kz