• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Қаңтар, 2011

Баға бақылауға бағынбай тұр

560 рет
көрсетілді

«Айтақтай, айтақтай қасқырдан да ұят болды» деген екен баяғыда жалқау иттеріне өкпелеген біреу. Сол айтпақшы, ішкі рыноктағы жүгенсіз кеткен бағаны ауыздықтамақ болған айқайдан да әзірге ештеңе шығар емес. Баға өсуіне қарсы кү­рестің тиімсіздігіне ең алдымен кабинетте оты­рып жалған ақпарат беретін жергілікті әкімдіктер мен салалық министрліктер кінәлі ме деген ой туады. Өткен сейсенбіде болған осы жылдың ал­ғаш­қы Үкімет отырысында Премьер-Министр бар­лық өңірлердің әкімдері мен салалық министр­лердің ішкі рыноктағы азық-түлік бағасының жағ­дайы туралы есептерін тыңдады. Барлық әкім­дер бірауыздан бағаның, әсіресе халық көп тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының мүлде өзгермегенін айтып, Үкімет бас­шысын алаңдауға ешбір негіз жоқ екендігіне сендірді. Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко мен Қостанай облысының әкімі Виталий Кулагин өздері басқаратын өңірлерде азық-түлік бағасының республикалық орташа көрсеткіштен де арзандап кеткенін алға тартты. Ал осы Үкімет отырысының ертеңіне Көкшетау және Қостанай қаласының базарлары мен дүкендерін арнайы барып аралаған тілшілеріміздің нақты көзімен көргендері мынандай: Көкшетауда: Қостанайда: Картоп (1 кг) – 150 – 200 тг. Картоп (1 кг) – 150 – 170 тг. Қызанақ – 600 тг. Пияз – 120 тг. Қырыққабат – 130 тг. Қызылша – 150 тг. Пияз – 130 тг. Қырыққабат – 150 тг. Сәбіз – 170 тг. Сәбіз – 150 тг. Сүт (1 литр) – 120-170 тг. Сүт (Деп.) – 220 тг. Күріш – 120-150 тг. Кефир (Деп.) – 230 тг. Өсімдік майы – 400 тг. Нан (бөлке) – 42 тг. Нан (бөлке) – 45-62 тг. Сонда кім кімді алдап отыр? Жарты күндік жалған беделдері үшін Үкімет басшысын алдауға болатын шығар, бірақ күн құрғатпай қымбаттап жатқан бағадан қалталары қағылған қарапайым халықты қалай алдауға болады? «Ашынғаннан шығады ащы даусың» демекші, осы жерде амалсыз қалыпты қағидаға күмәнмен қарап, «осы бізде әкім-қаралар халыққа қызмет көрсете ме, әлде, халық билікке қызмет көрсете ме?» деп дал боласың. Хош дедік. Дәл осы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев «Қазіргі уақытта жеке қосалқы шаруашы­лық­тардың қорын есепке алмағанда, көкөніс сақтау қоймалары мен ірі сауда желілерінің қойма­ларында шамамен 900 мың тонна картоп, 150 мың тонна сәбіз, 100 мың тонна пияз бар, бұл ал­дағы жаңа өнім алғанға дейін халықтың қажет­тілігін қамтамасыз етуге толық жетеді... Еліміздің ішкі рыногында бұл азық-түлік түрлерінің қым­баттауына ешбір негіз жоқ», деп атап көрсетті. Бұл жерде тағы да министр айтқандай, қойма­да­ғының бәрі Қазақстанның игілігі емес немесе еліміздегі мемлекеттік мүлік те, жеке меншік мүлік те ат төбеліндей алыпсатарлардың ашса алақа­нына, жұмса жұдырығына көшкен. Әйтпесе, әрбір килосының өзіндік құны 25-30 теңгеден аспайтын картоптың қазіргі бағасы қоймада сақталуы бар, сауда орындарына тасымалдауы бар, саудагерлер қосатын үстеме бағасымен қоса есептегенде 65-70 теңге, әрі кеткенде 80 теңгеден аспауы тиіс қой. Астана қаласы статистика департаментінің бастығы Г.Керімханованың қолы қойылып, 2011 жылғы 6 қаңтарда таратқан деректері бойынша, азық-түлік тауарлары желтоқсанда – 0,6 пайызға оның ішінде жұмыртқа – 6,1, қант – 2,4, көкөніс – 2,2 пайызға ғана қымбаттаған көрінеді. Тағы да ақиқаттың ауылы алыста қалған. Дүркін-дүркін бұрқ етіп, жүгенсіз кететін баға мәселесін аз айтып, аз жазып жүрген жоқпыз. Өткен жылдың басында жазған «Бағаны ба­сын­ды­руға болмайды» («Егемен Қазақстан» 14.05.2010) атты мақалада: «Мәселен, 2009 жыл­дың желтоқсан айымен салыстырғанда, биылғы жылдың сәуір айында көкөніс бағасы – 16,5 пай­ыз­ға, қант 9 – пайызға, жұмыртқа – 5,3 пайызға, сүт өнімдері 4 пайызға қымбаттаған. Қалтасы қалыңдар ғана жейтін жерік астың бағасын емес, қарапайым халық көп тұтынатын бұл азық-түлік түрлерінің осынша қымбаттауында гәп бар. Себебі, саудагерлер қара халықтың қалтасын тақырла­тудың арқасында ғана еселенген пайдаға кенелетінін жете түсініп алған», деп шырылдаған екенбіз. Жазған құлда шаршау бар ма? Биылғы жылдың басынан бастап-ақ халықтың қабырғасын қайыс­ты­ра бастаған бассыз кеткен бағаны бағамдау үшін Астана қаласының дүкендері мен базар­ла­рын шарладық. Қаптаған базарлар мен сансыз дүкендер сөрелеріндегі бағалар егіз қозыдай ұқсас екен. Мәселен, «Артем», «Әлем», «Еуразия» ба­зар­ларындағы, «Апрель», «Арайлым», «Бахус» сауда орталықтарындағы бағаларды көргенде басы­мыз айналмақ түгілі, есімізден тана жаздадық. Сонымен: «Бахуста»: Базарларда: Картоп (1 кг) – 150 тг. Картоп – 140 тг. Сәбіз – 157 тг. Сәбіз – 150 тг. Пияз – 130 тг. Пияз – 130 тг. Қияр – 813 тг. Қияр – 600-800 тг. Қызанақ – 625 тг. Қызанақ –600 тг. Жылқы еті – 1450 тг. Жылқы еті – 1400 тг. Сиыр еті – 1400 тг. Сиыр еті – 950 тг. Күріш – 220 тг. Күріш – 220 тг. Сүт «Айналайын» – 236 тг. Қант – 200 тг. Қант – 200 тг. Шемішке майы (5 л.)– 1550 тг. Ал сонда Ауыл шаруашылығы министрі айт­қан қоймадағы 900 мың тонна картоп, 150 мың тонна сәбіз қайда? Қоймадан базар сөресіне жеткізілгенше олардың бағасы осыншама өскені қалай? Өнімнің өзіндік құнынан тасымал құнының бес есе артық болғаны ма? «Бақсақ бақа екен» демекші, гәп жең ұшынан жалғасқан жемқорлықта жа­тыр. Жергілікті билік нарықтық қатынастарды сыл­тау қылып, ішкі рыноктағы саудагерлерді тежейтін тетік жоқ екенін желеу етіп, бағаны жү­ген­сіз жіберіп отыр. Ау, басқа шет елдерде де нарық­тық қатынастар жұмыс істейді ғой. Бірақ онда саудагерлер мұндай бассыздыққа бара алмайды. Себебі, муниципалдық билік оларды қатаң бақы­лайды. Шет елдердегі шенеуніктер салық төлеу­ші­лерден түскен қаржымен күн көреді. Сондықтан тұтынушы алдында есеп береді. Ал біздегі жергілікті билік өкілдері бюджеттен жалақы алса, базардан бизнес жасайды. Әрбір әкім қаралардың, тіпті халық қалаулыларының базарлар мен сауда орталықтарына «крыша» болып отырғандығы жа­сы­рын емес. Сондықтан олар бағаның төмен­деуі­не емес, қым­баттауына мүдделі. Ендеше, бағаны басындырып отырған жергілікті билік өкілдерінің өзі. «Артем» базарларының сөрелеріндегі бассыз бағаларға телміріп, ұнжырғасы түскен ерлі-зайып­ты­ларды сөзге тарттық. Базаршымыз өзін Барлы­бай Жомартовпын, қасымдағы әйелім Айгүл деп таныстырды. Астана қаласының іргесіндегі Қара­жар ауылының тұрғындары екен. Барлыбай «Астана орманы» атты мекемеде қара жұмыс атқаратын көрінеді. «Қолыма алатын таза жалақым айына 25 мың теңге, Айгүл «Қазақстан темір жолында» кір жуушы болып еңбек етеді. Айына 28 мың теңге табыс табады. Төрт баламыз бар. Кішісі – төртте, үлкені – тоғызда. Осы балаларға айына 5511 теңге көмек аламыз. Сиыр ұстайсыңдар деп балаларға тие­сілі жәрдемақыны да бермей қойды. Ол сиыр­ды сатып, биыл қыста жағатын көмір алдық. Базардан азық-түлік аламыз ба десек, баға тағы өсіп кетіпті...» деді Барлыбай шарасы таусылып, басы сал­бырап. Астана қаласы статистика департа­менті­нің дерегі бойынша Астана қаласында 2010 жылғы желтоқсандағы күнкөрістің ең төменгі дең­гейі жан басына шаққанда 16 362 теңге болған екен. Сонда Барлыбай Жомартовтың отбасындағы 6 адам үшін ең төмен жағдайда күн көру үшін айына 98 172 теңге табыс керек. Ал Барлыбай жан­ұясының барлық кірісін қосқанда айлық та­быстары 58 511 теңге болып отыр. Ендеше, «аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрер, құйрығы жоқ, жалы жоқ құлан қайтіп күн көрер...» деп баба жырау айтқандай, базардан басқа азық-түлік алар жер жоқ Барлыбайдың балалары мынандай бағамен қайтіп күн көрер?!. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.