Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрайымдығымен Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 25 жылдығына арналған «Ядролық қарусыз әлем қалыптастыру» атты халықаралық конференцияға дайындық мәселелері жөнінде кеңес өтті, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі.
Кеңеске Президент Әкімшілігі, Үкімет, Парламент Сенатының аппараты, уәкілетті мемлекеттік органдар басшылығының өкілдері қатысты.
Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысының алғашқы жарлықтарының бірі Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешім болғанын атап өтті.
Қазақстан Президенті Тәуелсіздіктің 25 жылы бойы жаһандық ядролық қарусыздану және оны таратпау мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келеді.
Қазақстан Президентінің бұл саладағы бастамалары 2016 жылғы 31 наурыз бен 1 сәуір аралығында Вашингтон қаласында (АҚШ) өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте жаһандық серпіліс тудырды. Мемлекет басшысы «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифест жариялап, ол БҰҰ Бас Ассамблеясының және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесіне ие болды. Құжатта барша адамзаттың мүддесін қорғайтын өзекті тақырыптар бойынша Қазақстанның нақты ұстанымы айқындалған.
Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына арналған халықаралық конференция Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өтетін болады.
Мемлекеттік хатшы кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.