• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
13 Сәуір, 2016

Каспий Парсы шығанағына шығады

398 рет
көрсетілді

*Басқа басылымдардан  «Қазақстан бізге жақындай түсті» Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Иран Ислам Респуб­ли­касына 11 сәуір күнгі сапары туралы жергілікті EaDally.Com басылымы «Назарбаев Иранда: Каспий Парсы шығанағын жалғайды» деп жазды. Сапар шеңберінде Қазақстан лидерінің Иран Президенті Хасан Руханимен, рухани лидер аятолла Али Хаменеимен, сондай-ақ Иран холдингтері мен компаниялары өкілдерімен кездескені айтылған. Қазақстан Президенті екі ел басшыларының бірлескен брифингінде қазіргі таңда арада қалыптасып отырған жағдайға қарамастан, екі жақтың қарым-қатынасы жоғары деңгейде болып отырғанына назар аударды. Ол өз сөзінде сапар шеңберінде металлургия, тау-кен, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм, ғылым және білім, медицина салалары бойынша жалпы құны 2 миллиард доллар болатын 66 екіжақты құжатқа қол қойылғанын мәлімдеген. Нұрсұлтан Назарбаев Иран лидері Хасан Руханидің тікелей араласуы арқылы Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржол құрылысының жобасы жүзеге асырылғанын жеткізді. Иран Президенті Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардың барлық уақытында достық қарым-қатынастағы ел болып келе жатқанына тоқталды. Басылым осы ретте Хасан Руханидің «Қазақстан бізге қашаннан жақын болды, Иранның «алтылықпен» ядролық келіссөздерінің екі раундын өткізуге көмектесті. Енді бірлескен жалпыға ортақ іс-қимыл жоспары аясында әрекет етуге атсалысып жатыр», – деген сөзін дәйектеме етіп келтіреді. Астанадан көмек күтеді Иранның саудаға ықпал ету ұйымының жетекшісі Валиолла Афхами Теге­ран­ның Еуразиялық эко­номикалық одаққа кіру үшін Қазақстаннан қолдау күтетінін тап осылай білдірді. «Еуразиялықтар: олар бір-бірлеріне ұқсас, кейде ұқсай да бермейді», – деді ол. Басылым бетінде сауда шенеунігі еуразиялықтарды бір-бірлеріне ұқсатып тұрған нәрсенің кейде оларды бір-бірлерінен ажыратып та тұратынын айта келіп, дегенмен, сол ұқсастықтардың пайдасы да аз емес екенін алға тартады. «Біз ұлттық мәдениеттеріміздің өзінше айырмашылығы болғанын қалаймыз, сонда да болса, бір-бірлерімізге келгенде, қонақта емес, өз үйімізде жүргендей болып кетеміз», – деп түйіндейді Афхами. ЕАЭО елдері мен халықтары арасындағы тереңнен келе жатқан тарихи байланыстар жөнінде Қазақстан Президентімен кездесуге келген Иранның энергетика, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тау-кен өндіру салаларында жұмыс жасайтын холдингтері мен компанияларының басшылары да айтты. Ал кездесуге Imidro, Ghadir Investments Group, Sunir Group, IRISL, Jahad-eSabz секілді 20-дан аса компанияның өкілдері келді. Олар Қазақстанмен арада жүзеге асырылған бірқатар жақсы істердің бар екенін айта келіп, бұл ынтымақтастықтың ауқымы бұдан да зор болуға тиіс екенін атап өтті. Иран Қазақстанда  үш электр станса салады Иранның САНИР атты гидро­энер­гетикалық жабдықтар мен қызмет көрсетуді экспорттау компа­ниясы мен Қазақстанның «Евра­зия Инвест Групп» компания­сы Тегеранда Қазақстанда электр стансасының құрылысын жүргізу жөніндегі келісімшартқа қол қойды. Иран бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтеріне сүйенген Өзбекстан порталы осылай деп хабарлады. «Бүгін Тегеранда «Евразия Инвест Групп», компаниясы директорының қатысуымен қуаттылығы 50МВт болатын жел электр стансасының және әрқайсысы 250 МВт болатын екі жылу электр стансасының құры­лыс­тарын жүргізу жөніндегі келісімге қол қойылды», – деді САНИР-дің бас директоры Бахман Салехи Тегеранда өткен Иран-Қазақстан сауда кеңесі отырысының кулуарында. Оның айтуынша, бір электр станса Каспий теңізінің Қазақстан аумағындағы жағалауында, қалған екеуі «Жі­бек жолы» бағыты бойына – Алматы қаласы ауданында бой көтереді. Жобаны жүзеге асыруға 18 ай уақыт белгіленген. Бұған қоса, САНИР Қазақстан тарапымен республикада сумен қамтамасыз ету және канализация салалары, газ құбырларын тарту, жол салу және тау-кен өндірісі салалары бойынша әріптес болатыны айтылған.  Шетел ақпарат құралдарының материалдары бойынша дайындалды.