Ол республикада сатылатын фармацевтика өнімдері бағаларын ырықтандырып отыруға қызмет етеді. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі формулярды алдағы мамыр айының басында іске қоспақшы.
Бұл ведомство басшысы Тамара Дүйсенованың фармассоциациялар өкілдерімен меморандумға қол қою рәсімі өтіп жатқан кезде белгілі болды.
Жаңа құжатқа сәйкес, 105 түрлі дәрі-дәрмектің бағалары бұрынғы қалыптарында ұсталып тұратыны атап көрсетілді. «Біз Қазақстанның ұлттық дәрі-дәрмек формулярын жасадық. Ол өткен жылғы қараша айынан бері біздің сайтымызда ілулі тұрды. Формулярды жасауға барлық медициналық ұйымдар атсалысты. Енді 1 мамыр күні біз оны өндірістік эксплуатацияға қоспақшымыз», – деді министр.
Ведомство басшысының атап көрсеткеніндей, енді еліміздегі дәрігерлер, медбикелер, стоматологтар, медициналық оқу орындарының студенттері мен басқа да медициналық қызметкерлер үшін дәрі-дәрмектерді таңдап алу мен қолдануда аталмыш формулярды басшылыққа алатын болады.
Жобалық нұсқаға кепілді тегін медициналық көмек көрсету шеңберінде сатып алынатын дәрі-дәрмектердің тізімі енгізілген. Бұл тізімде қазіргі таңда Қазақстанның нарығында айналымда жүрген дәрі-дәрмектің барлық түрі бар.
Министр формулярға дәлелді клиникалық базасы бар дәрі-дәрмектер тізімі кіргенін ерекше атап өтті. Сонымен бірге, бұл тізім күн сайын фармацевтік ассоциациялар мен халықаралық кітапханалардың талдауынан өтіп тұрады.
Мұрат АЙТҚОЖА.