Сайрамдағы №4 балалар үйі облыстық соттың қамқорлығында. Әр мереке сайын сот ұжымы балалар үйіне барып, жаутаңкөз ботақандарды құттықтап, сыйлықтар үлестіреді.
Оңтүстіктің судьялар қауымдастығы Төле би ауданындағы тау бөктерінде орналасқан «Алматау» демалыс аймағында наурыз мерекесін өткізгенде балалар үйінің 100-ге жуық жасөспірімдерін қонаққа шақырған екен.
– Ешкім Жаратқаннан өз тағдырын сұрап алмайды, – дейді облыстық соттың төрағасы Нұрсерік Шәріпов. – Әке-шешесі бар, болған-толған балалардан бұлардың еш кемдігі жоқ. Айырмашылығы сол, бұл балаларға әке-шешенің аялы алақаны, азаматтардың ыстық ықыласы, мейірім шұғыласы жетісе бермейді.
Бұл күнi облыстық және аудандық соттардың судьялары мен мамандарынан құралған 9 команда өнер жарыстырды. «Үздiк ұжым», «Үздiк сахналық қойылым», «Үздiк орындаушы», «Үздiк би», «Үздiк топ» аталымдары бойынша байқауға қатысып, бақтарын сынады.
Мерекелік шараға балалар үйінің 100-ге жуық жеткіншектері қатысты. Аға буынның өздеріне деген ыстық ықыласына, әкелік мейіріміне разы болған тәрбиеленушілер сөз алып, алғыстарын айтты.
Кеш соңында байқау қорытындысы шығарылып, Сайрамдағы №4 балалар үйінің ұжымы «Жеңімпаз топ» номинациясына ие болды. Оларға судьялар қауымдастығы атынан үй кинотеатры табыс етілді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».