• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Сәуір, 2016

Қауіпті дертке қарсы тағы бір амал

324 рет
көрсетілді

Қостанайда онкологиялық емхана ашылды. Бұрын емхана мен диспансер бір ғимараттың ішінде орналасқандықтан, науқастарға аса қолайлы болмайтын. Онда дәрігерлер күніне 70 адамның орнына 300 адамды қабылдайтын. Енді жаңа емхананың қуатты­лығы да осынша науқасты қа­был­дауға лайықталды. Емха­наның алты қабаты да заманау­и медициналық құрал-жаб­дық­тармен жабдықталған. Олар Германиядан, Жапониядан, Ре­сейден әкелінді. Арасында қазақ­стандық жабдықтар да бар. Емхананың жаңа ғимараты онкологиялық диспансермен жал­ғастырылған. Тіпті, емхананың сыртынан арбада отырған, жалпы, жүруі қиын жандардың жоғары қабаттарға көтерілуі үшін арнайы көтергіш те салынған. – Жаңа емханада науқастарға емха­налық қызметтің барлы­ғы көрсетіледі. Мұнда эндоско­пиялық бөлімше, оған қоса бар­лық зертханалар, сәуле диагнос­тикасы бөлімі орналасқан. Нау­қас­тарға да, дәрігерлерге де өте қолайлы жағдай жасалған, – дейді емхананың бас дәрігері Елік Досжанов. Бас дәрігердің айтуынша, Қостанай өңірі қатерлі ауруға шалдыққандар саны жөнінен елімізде алдыңғы орындардың бірінен саналады. «Қазақстанда онкологиялық көмекті дамыту» бағдарламасы іске қосылған 2012 жылдан бері Қостанай облысында обырдан опат болғандар саны әр мың адамға шаққанда 109-дан 95,4 адамға дейін азайды. Аурудың бастапқы сатысында анықталуы соңғы бес жылда 30 пайызға артты. Ал бес және одан да көп жыл өмір сүретіндер саны 49,6-дан 51,9 пайызға дейін өсті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне жүгінсек, жыл сайын 130 мың адам онкологиялық ауруларға қарсы скрингтен өткізіледі. Облыс әкімі Архимед Мұхам­бетов жаңа онкологиялық емхананы аралап көрді. Ол емхана ұжымымен кездесіп, жаңа қонысқа құтты болсын айтты. – Онкологиялық диспансерді қаржыландыру жыл сайын жақсарып келеді. Егер 2012 жылы облыста денсаулық сақтаудың осы саласына бюджеттен 900 миллион теңгеден сәл асатын қаржы бөлінсе, биыл ол 2,5 миллиард теңгеге жеткізілді, – деді Архимед Бегежанұлы. Аймақ басшысы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы мен емхананың бас дәрігеріне облыс бойынша кадр мәселесін жақсартуды тапсырды. Облыстың көптеген аудандарында онколог дәрігер жоқ. Онкологиялық жаңа емхана адам өмірін ұзарту мен сақ­тау жолында обырға қарсы тағы бір амал екені айқын. Ол адам­дардың ерте бастан көрініп, профилактикалық шараларды жүзеге асыруын қалыптастыруға, «ауруға ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуіне» де қызмет ететін болады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.