Халықаралық авиация және ғарышкерлер күніне орай Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №3 балалар кітапханасында «Қазақ жеріндегі ғарыш қақпасы» атты тарихи-танымдық сағат өтті. Бұл шараға қалалық №15 мектеп-лицейдің оқушылары қатысты.
Қазақ даласы ғарышқа ашылған тұңғыш қақпа десек, еш қателеспейміз. Өйткені, осыдан 60 жылдай бұрын, нақтыласақ, 1955 жылы 12 ақпанда КСРО Жоғары Кеңесі ғарыш кеңістігін игеру үшін Қазақстан жеріне «Байқоңыр» ғарыш айлағын салу жайлы шешім қабылдаған еді. Нәтижесінде, 1961 жылдың 12 сәуірінде Кеңес Одағының азаматы Юрий Алексеевич Гагарин алғаш болып ғарышқа жол ашты.
Биыл осы оқиғаға 55 жыл толса, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің аспан кеңістігін бағындырғанына 25 жыл болады екен. Осылай сәтті сабақтасқан тарихи даталы оқиғалар жайлы кітапханашы Тоты Тұрдыханқызы шараға қатысушы шәкірттерге деректі құжаттарды пайдалана отырып, қызықты мәліметтерді әңгімелеп берді.
Шара соңында, мектеп түлектері арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесімен танысып, ғарышкерлер өмірінен арнайы дайындалған слайд сабағын тамашалады.
«Егемен-ақпарат».