Мәскеуде «Жас ғалымдар» бүкілресейлік клубының бағдарламасы бойынша «Гагарин оқулары» атты халықаралық жастар ғылыми конференциясы өтті. Жан-жақтан келген 120 оқушының арасында біздің қаладағы М.Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайы «Антарес» астрономия клубының мүшелері де қатысып қайтты.
Аспан әлеміне көз тігуге бәріміз құмармыз. Павлодарлық оқушыларды да астрономия, ғарыш әлемі қызықтырады. Облыс орталығындағы Оқушылар сарайында «Антарес» аталатын астрономия орталығы жас астрономдарды, ғарышты зерттеуші болашақ ғалымдарды оқытып-үйретуде. Мақсаты – қала мектептерінде оқитын оқушылардың бос уақыттарын тиімді пайдалану, астрономия және ғарыш әлемі тұңғиығы қызықтарына баулып, ғылыми-техникалық зерттеулеріне деген қызығушылықтарын арттыру. Ол сөйтіп шағын үйірмеден ғажап орталыққа айналды. Инновация, аспан әлемі үйірмелеріне қатысушы оқушылар қажет десе, Марсқа да ұшпақшы. Биыл алғаш рет жас астрономдар слеті өтті.
Тіпті, жас астрономдарға арналған обсерватория былтыр жазда пайдалануға берілді. Облыстық білім беру басқармасының хабарына қарағанда, обсерваторияның бақылау, көру алаңы, астрономия сабағы өтетін бөлмелер жөнделді. Телескоп орнату жұмыстары және заманауи автоматтандырылған басқару жүйесіндегі орталықтың күмбезін алмастыру жұмыстары да жүргізілді. Мұндай ерекше Планетарийді жаңғырту және жабдықтау мақсатында 90 миллион теңге жұмсалған. Қаражат «ENRC Көмек» корпоративтік қоры мен «М.Катаев атындағы оқушылар сарайы» мемлекеттік мекемесі арасындағы келісімшарт негізінде бөлініпті.
Обсерватория оқушыларға астрономия мен астрофизика ілімдерін үйретумен қатар ғылыми жұмыстар жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл еліміздің жаңа білім беру жүйесінің инновациялық дамуды жүзеге асыратын жаңа мамандарды баулуға бағытталған орталық деуге болады. Қуаттылығы әртүрлі үш телескоп орнатылды. Балалар астрономия және астрофизика ілімдерін зерттеп, білімдерін толықтыра алады.
Обсерваторияның басты ерекшелігі – CORONADO TPSMT90-30 Solar Max1190 атты үлкен күн телескопымен жабдықталған. Күнді бақылайды. Астрономиялық фотосуреттер мен бейнетүсірілім жасап, аспандағы нысандарды да көрсетеді. Meade 16 «LX 600-ASF» телескоптың экваториалдық платформасы бар. Жас астрономдар ғылыми зерттеу жүргізеді. Обсерваториямен бірге тұтас «ғарыштық» оқу бөлмесі ашылды деген сөз. Яғни, оқу бөлмесінде ғылыми-техникалық бағыттағы фотостудия, робототехника үйірмесі, информатика сыныбы және «Антарес» астрономия клубы орналасқан. Жас астрономдар жетекшілері Виталий Радченко, Гүлнәр Баубековамен бірге бірнеше рет алаңға шығып, түнгі сағат 22.00-ден бастап, екі сағат бойы астрономиялық құбылыстарды бақылайды. Жас астрономдар Новосібір қаласында өткен «Сибастро» халықаралық астрономдар слетінде ресейлік ғалымдардан сыйға телескоп алған болатын. Сондай-ақ, «Бөбек» республикалық орталығында өткен қазақстандық жас астрономдар слетіне қатысты.
«Антарес» астрономдар клубының мүшелері Мәскеуден шақырту алды. Клуб жетекшісі Гүлнәр Баубекованың айтуынша, «Антарес» клубының жас астрономдары II орын иеленіпті. Клуб мүшесі, №35 мектептің 6-шы сынып оқушысы Еренғайып Қобыланды «Ғарыш аппаратының жиналмалы моделі» атты жобасын таныстырды. Тағы бір жас астроном, №3 дарынды балалар гимназиясының 9-шы сынып оқушысы Қажымұқан Мұңайтпасов «Электромагниттік тездеткіш» атты жобасымен қатысты. Аты-жөндері де аса ерекше балаларға аталарының өздері көктен дем беріп тұрғандай. Гүлнәр Баубекованың айтуынша, мәскеуліктер қазақстандық оқушылардың дайындығын жоғары бағалапты.
Орталықтың инновацияшыл ұстаздары жылдар бойы инновацияшыл оқушылар тәрбиелеп келеді. Планетарий күмбезінің түбінде жас астрономдар «3-D» режимінде «Астрономия», «Физика», «Биология» және «Геология» бөлімдерінен ғарыш, галактика туралы танымдық фильмдер көреді. Техникалық шығармашылықпен айналысуға барлық мүмкіндіктері жетеді.
– Осындай кішкентай обсерваторияларда үлкен құпиялар ашылады, – деген еді облыс орталығына келіп, жас астрономдар алдында сөз сөйлеген ғарышкер Айдын Айымбетов.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ПАВЛОДАР.