• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Сәуір, 2016

Үштілділік не үшін қажет?

12042 рет
көрсетілді

Үш тұғырлы тіл жайында әңгіме шыққаннан бері жұртшылық арасында әртүрлі пікірлер айтылып жүргені жасырын емес. Біреулері жаңалықты жақтайды, енді бір парасы оның ұтымдылығына күмән келтіреді. Тіл ұстанымы бойынша қазір біздің қоғамымыз екі дай болып тұрғандай да әсер қалдырады. Қазақ немесе орыс тілінде сөйлейтіндердің арасына көзге көрінбейтін сызат түсіп қалатын кездері де болады. Ал енді, анығына келсек, үштілді білім беруді іске асыру халықтың барлық топтарын біріктіреді, қазақ тілінде сөйлейтін және орыс тілінде сөйлейтін қауымның ортақ ақпараттық өрісте топтасуына, бірін-бірі неғұрлым жақсырақ түсінуіне, жүрекпен ұғысуы­на мүмкіндік береді. Біздің діттегеніміз де сол емес пе?! Осылайша қазақстандықтардың басым көпшілігі мемлекеттік тілде сөйлей бастайды деп ойлай­мыз. Үштілді жүйе барлық қазақ­стан­дықтар үшін бірдей жағдай жасайды, барлық адамдарды ақпаратқа жету жолында тең мүмкіндікпен теңестіреді. Әлемнің озық дамыған елдері­нің қатарына енуге ұмтылған Қазақстан­ның ғылым мен индустрияны дамыту орайында басқа елдерден қалып қоймауы өте-мөте маңызды. Ал жастардың ағылшын тілін білуі ІТ-технология, машина жасау, биомедицина, кибернетика және адамзат ақыл-ойының басқа да аса маңызды салаларындағы жаңа мағлұмат-деректерге қолжетімділікті қамтама­сыз етеді. Олай болса, соңғы инновациялар мен әзірленімдерден қалып қоймас үшін біз ағылшын тілін еркін білуге тиіспіз. Бұл, әсіресе, біздің инженерлік сала мен технологиямыз үшін ауадай қажет. Эстония мен Польша ағылшын тілін жоғары дәрежеде білетін елдер қатарына 20 жылда кіріп үлгерді. Әлбетте, біз олардан мысқалдай да кем емеспіз. Біздің халқымыз бас­қа тілдерді жылдам үйренуге аса бейімді, сондықтан үштілділікті дұрыс енгізген жағдайда ана тілін сақтау орайында проблемалар туындамаса керек. Мамандар бұл үшін пәндерді терминологиясы латын тілінде қалыптасқан пәндерден бастау керек дейді. Солай жеңіл болмақ. Бұған, әсіресе, биология және информатика пәндері дөп келеді екен. Мемлекеттік бағдарлама аясында педагогтарды ағылшын тіліне ғаламтор арқылы жаппай оқы­туды бастау қарастырылған. Педа­гогикалық ЖОО-ларда ағыл­шын тілді мұғалімдерді даярлауға көп күш-жігер бөлінуде. Мұның өзі мұғалімдер даярлау сапасын көптен-көп жақсартады деп күтілуде. Біздің мектеп оқушылары шетелдік озық үлгідегі басылымдар бойынша оқитын болады. Демек, оқулықтарды бір тілден екінші тілге аударып машақаттанып жатпаймыз. Әрі біздің мектептеріміз ең соңғы мәліметтер мен ғылыми тұжырымдарға иек артады. Шет тілін үйрену математикалық білімді жақсартып, ЖОО-ны жақсы бітіру ықтималдығын 25 пайызға арттырады. Дүниежүзілік  тәжірибеге жүгінсек, көп­тілді ортадағы негізгі тіл – ағыл­шын тілі. Бұған ешкімнің тала­сы жоқ, аксиомалық ақиқат. Бұл тілде 1,5 миллиард адам сөйлейді. Интернеттегі барлық ақпараттың жартысынан (55 пайыз) астамы ағылшын тілінде. Еуроодақтағы 28 елдің 17-сінде шет тілін үйрету балабақшадан басталады. Эконо­микалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін 17 елде ағылшын тілін шет тілі ретінде бастауыш мектепте екпін түсіре оқытады. Тағы осыншама елде бір немесе одан да көп пәндерді ағылшын тілінде оқытуға көшкен. Осы орайда біздің еліміздегі жағдайды байыптасақ, ағылшын тілі жоғары сыныптарда басталып, қарқынды жүргізіледі. Оған 136 сағат бөлінген. Бірақ бұл тым кеш. Сондықтан, бірде-бір пән ағылшын тілінде оқытылмайды. Төрт пәнді ағылшын тілінде оқытуды бастау үшін оны үйренуді бірінші сыныптардан бастап жүргізу қажет. Бұл бастауыш сыныптың жаңа стандарттарында қарастырылған екен. Көптілділік елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратыны бұл күндері әмбеге аян. Бәсекеге қабі­леттіліктің ғаламдық индексін иемденген озық 10 елде көптілділік жақсы дамыған. Солардың 8-індегі негізгі тіл – ағылшын тілі. Еуро­палықтардың 54 пайызы кем дегенде бір шет тілінде, 25 пайызы 2, ал 10 пайызы 3 шет тілінде сөйлейді екен. «English First» халықаралық рейтингі бойынша халқы ағылшын тілін жақсы меңгерген елдерде тұрғындардың жан басына шаққандағы табысы жоғары, жастардың жұмыссыздығы аз, адами капитал деңгейі биік, бизнес-климаттың жақсы екендігі анықталып отыр. Үштілді оқыту үрдісін енгізудің көптеген артықшылықтары бар. Халықаралық қатынас тілі ретінде ағылшын тілін білу бүгінгі таңда қажеттілік болып табылады. Біздің балаларымыз ЖОО-ларға түскен кезде және басқа ұлттар мен елдер­дегі құрдастарымен қарым-қаты­нас жасаған кезде тілдік һәм психо­логиялық кедергіні сезінбеуі тиіс. Бір айтарлығы, үштілділікті енгізу білім беру үдерісінен мемле­кеттік тілді ығыстырып шығармайды. Ағылшын тілі мен мемлекеттік тіл оқу үдерісіне тепе-тең жағдайда қатысады. Бұл орысша және қазақша сөйлейтіндердің ақпараттық, одан кейін әлеуметтік өрісте де бірігуіне жағдай жасайды. Үштілділік қазақ тілінің даму көкжиектерін кеңей­теді. Осынау білім беру жүйесінің арқа­сында мемлекеттік тілде сөй­лей­тін қазақстандықтардың саны ар­та түспек. Баласын оқыту үшін әр­бір қазақстандық отбасы репетитор­лардың, тілдік курстардың, тіл дамыту мектептерінің қызметін пайда­лануға шамасы келе бермейтіні де құпия емес. Ал мектептерде үш­тіл­ділікті енгізу әрбір балаға ағылшын тілін үйренуге жол ашады, оны қолжетімді етеді. Ағылшын тілін меңгерудің халықаралық рейтингі бойынша Қазақстан 63 елдің арасында небәрі 54-ші орында. Жоғарыдағы айтқан Польша мен Эстония ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгерген елдердің тобына кіреді. Ал біз – кенжелеп қалғандардың ішіндеміз. Неге? Неліктен? Бұл келеңсіздік біздің ұлттық намысымызға тимей ме? Осынау түйткілді ахуалды түзетіп, әлемдік ақпаратқа қол жеткізіп, арна ашу үшін үш тілді оқытуды енгізу қажет. Оны дұрыс енгізген жағдайда қазақ тілі үшін ешқандай қиындық туындамайтыны ғылыми тұрғыдан дәлелді түрде айтылуда. Бәз біреулердің бұдан үркіп, байбалам салуы да еш қисынға сыймайды. Қазіргі балалар өте ақылды, алғыр. Олардың бұған шамасы жетеді. Білімдік база нақ балалық жаста қалыптасады. Ата-аналар өз балаларының қабілетіне, болашағына сенсе, олардың өмірде табысты болуын қаласа, үштілділік тұғырына түсіністікпен қарауы керек. Сенің балаң Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, барлық әлемде бәсекеге қабілетті боларын білсең, жақсы жұмысқа орналасып, бақуатты өмір кешетініне кәміл сенсең, одан артық не керек. Олай болса, көптілділік, үш тұғырлы тіл ұлт келешегінің де, ұрпақ келе­шегінің де кілті екендігі әрқашан әрқайсымыздың қаперімізде болсын демекпіз. Назар ҚАСЫМ