• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Сәуір, 2016

Тиімді серіктестік келісім

368 рет
көрсетілді

Қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл амалдары күннен-күнге жанданып келеді. Соның бірі ретінде кеше «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы арасында серіктестік келісіміне қол қойылды. Осыған орай енді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ қыз­метінің ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық мәдениетін қалыптастыру бойынша әрі жемқорлықты жоюға ықпал ету мен әлеуметтік жауапкер­шілікті арттыру үшін екі жақ тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін болады. Бұл жөніндегі құжатқа Ұлттық компа­ния басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл ұлттық бюросының төрағасы Қайрат Қожамжаров қол қойды. «Біз үшін жемқорлықтың қандай да бір белгілері турасында өзара ақпарат алмасу мәселесі маңызды. Сонымен қатар, бірлескен жұмы­сымыз қоғам қызметкерлері тарапынан жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын-алуға, сондай-ақ жосықсыз компаниялармен келісімшарттар жасасуға жол бермеу­ге бағытталған. Мұның барлығы Ұлттық бюро мен ұлттық компанияның көздеген мақсаттарына сәйкес келеді», – деді Қайрат Қожамжаров. Осы ретте, Қайрат Қожамжаров келісімге қол қою бастамасы үшін Ахметжан Есімовке ризашылығын білдірді. Ал Ахметжан Есімов, ЭКСПО – Елбасы бастамасымен қолға алынған тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ауқымды әрі орасан жоба дей келе: – «Бүгін біз осында жобаға қатысушы барлық компаниялар­ды, бас мердігерлерімізді шақырдық. Бұл біреулерді қорқыту үшін емес, құқық бұзушылыққа жол бермеу үшін жасалып отыр. Біздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы өкілдік жұмысы нағыз осы құқық бұзушылықтың алдын алып, оған жол бермеуге бағытталған. Ең бастысы, бизнес не қалайтынын, мемлекеттің не қалайтынын түсінуіміз қажет. Әлбетте, бизнес барынша көп пайда табуға, ал мемлекет қазіргі жағдайды ескерсек, шығындарды азайтуды қалайды», – деп атап өтті. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компа­ниясының басшысы Ахметжан Есімов қол қойылған меморандумның тек ресми сипатта ғана болмайтындығын да еске салды. Құжат ашықтық пен жариялылық қағидаттары бойынша жасалған бірлескен әрі келісілген іс-қимыл негізінде серіктестіктің тиімділігіне ықпал ететін болады. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»