Кеше Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов Президент жанындағы Ұлттық жаңғырту комиссиясы жұмыс тобының сарапшыларымен кездесті.
Президенттік реформаларды талқылауға арналған бұл басқосуда елімізде жоспарланған реформалар туралы ақпараттармен қамтамасыз ету, сондай-ақ, сарапшылармен кері байланыс тетігін қалыптастыру мәселелері кеңінен сөз болды.
Жиында Ералы Тоғжанов бес институттық реформаның төртінші – «Болашағы біртұтас ұлт» реформасын жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлініп отырғанына тоқталды. Осы орайда Е.Тоғжанов: «Қоғамдық келісім және ұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ғылыми ұсыныстармен және әзірленімдермен қамтамасыз ету қажет», – деді.
Одан әрі Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары қоғамымызда қолға алынуы тиіс нақты шаралар жөнінде айтып берді.
«Өздеріңізге белгілі, Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан Ғылыми-сараптамалық кеңес құрылған болатын. Оның жұмыс істеп жатқанына 5 жылдан астам уақыт өтті. Сонымен қатар, еліміздің әрбір облысындағы жоғары оқу орындарында Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедрасын аштық. Мұндағы мақсатымыз – жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жастарға еліміздің бірлік жөніндегі саясатын түсіндіру.
Қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықтың қазақстандық моделін ең алдымен жастарымыз білуі қажет. Сонымен қатар, көпұлтты Қазақстанның қалыптасу тарихын да бүгінгі жастарымыз, халқымыз білгені жөн. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды жұртымыз ұғып жүруі тиіс», – деді ол.
Оның айтуынша, мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін барлық азамат қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік мәселесіне орай арнайы дайындықтан өткені дұрыс. Ол үшін Президент жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясында арнайы орталық құрылған. Аталған орталықтан 3 жылдың ішінде 2700-ге жуық азамат дәріс алған.
Айта кетейік, кездесуге белгілі сарапшылар, саясаттану саласындағы белгілі мамандар, Президент жанындағы Басқару академиясының, Еуразиялық интеграция институтының және «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының өкілдері қатысты.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»