шебер ЭКСПО-2017 көрмесіне шақырту алды
Қызылорда қаласының тұрғыны Нәзипа Сарымсақова – пластикалық құтылардан гүл жасайтын шебер. Ол бұл кәсіппен екі жылдан бері айналысып келеді. Алғашында 5 литрлік құтыларды тастамай, олардан түрлі ойыншықтар жасауға бейімделе бастапты. Содан кейін есік алдында өсетін гүлдерге керекті қоршауларды да өзі құрастырған. Кейін ғаламтор арқылы гүлдің түрлі нұсқаларын көріп, соларды пластикалық бөтелкеден жасауды қолға алған. Қазіргі таңда шебердің қолынан шыққан 100-ге жуық гүл композициясы бар.
– Бір гүлді жасап шығу үшін бірнеше күн еңбек етемін. Оған қажетті пластмасса құтыларды жинап біраз уақыт жоғалтамын. Көбіне қоғамдық тамақтандыру орындарынан аламын, – дейді ол.
Нәзипа апаның үйіне келген адам құдды бір баққа кіргендей әсерге бөленеді. Мұндағы раушан, лилия, қызғалдақ, түймедақ сияқты жасанды гүлдер тірі өсімдіктерден айнымайды.
Қазір шеберге тапсырыс берушілер өте көп. Гүлдерінің бағасы да әртүрлі. Олар 200 теңгеден 10 000 теңгеге дейін барады. Ол қазір кезекті гүлдер сериясын жасау жолында қызу еңбек етуде. Себебі, ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу үшін арнайы шақырту алған.
Талғат РАЙЫМБЕК,
«Егемен Қазақстан»