ақын заманындағы ер-тоқыммен толықты
Ұлы ақын Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-мұражайы тарихи, аса құнды жәдігер – ер-тоқыммен толықты. Көненің көзіндей болған бұл ат әбзелін Қарағанды облысындағы, Бұқар жырау ауданының 85 жастағы тұрғыны Рамазан Құсайынұлы мұражайға тапсырған.
Қарияның айтуынша, бағалы дүние Абайдың нағашы атасы, яғни Ұлжанның әкесі Тұрпан Битенұлына тиесілі. Ол қайтыс болар шағында ер-тоқымды ұлы Тонтайға қалдырған. Алайда, ХХ ғасырда қуғын-сүргінге ұшыраған Тонтай ұрпағы атадан қалған мұраны тау үңгірлерінің біріне жасыруға мәжбүр болады. Арада біраз уақыт өткеннен кейін, 1939 жылы ауылдық кеңес төрағасы құнды затты Рамазанның әкесі Құсайын Садықұлына аманаттайды. Көзі тірісінде біраз жөндеуден өткізіп, қартайған шағында ұлы Рамазанға тапсырған. Осылайша, ұрпақтан-ұрпаққа сақталып келген жәдігер енді мұражай төрінен орын алды.
– Абайдың нағашы атасынан қалған ер-тоқымның бүгінге дейін сақталып келгенін естігенімізде еріксіз таң қалдық. Уақыт жоғалтпай, Рамазан Құсайынұлымен байланысқа шығып, құнды дүниені мұражайға тапсыруын сұрадық. Ол кісі де келісе кетті. Әкеден қалған мұраны көзінің қарашығындай сақтағаны көрініп тұр. Алдағы уақытта реставрациялап, ғимаратымыздың төріне қоямыз, – деді мұражай директорының орынбасары Мейрамгүл Қайранбаева.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»