Тәуелсіз Қазақстанның көркейген келбетіне ажар беріп, абыройын биіктете түсетін игіліктердің бірі – еліміздің өркендеуіне өздерінің сүбелі үлесін қосып келе жатқан еңбек тұғырындағы толайым табыстарымыз бен елеулі жетістіктеріміз. Еліміздің қоғамдық-саяси дамуымен, өзгерістерімен, жаңартуларымен қатар қозғалысқа түсіп, еңбек етіп келе жатқан саланың бірі – республикалық Ардагерлер ұйымы деп айтуға әбден негіз бар. Құрылғанына 30 жылға жуық уақыт болған іргелі ұйымның бүгінгі тыныс-тіршілігі талапқа сай, іс-шаралары ауқымды әрі мазмұнды. Алдыңғы толқын ардагерлердің қолдауымен өтетін ел Президентін, Парламент депутаттарын, жергілікті билік органдарын сайлау – мемлекеттік ірі іс-қимылдарға қозғалыс беретін маңызы зор, ауқымы кең саяси оқиғалар.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституцияның 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, т.б. ел өмірінде өтіп жатқан маңызды оқиғалардың барлығы қарттардың үн қосуымен өтіп, еліміздің ілгері дамуындағы көзге түсетін елеулі артықшылықтар екенін танытты.
Елбасының Қазақстан халқына жыл сайын арнайтын Жолдауына сәйкес жасалған іргелі іс-қимылдардың тұрақтылығының нәтижесінде тәуелсіздігіміздің тұғыры биіктеп, әлеуметтік-экономикалық жағдайы өркендеп келеді. Оған нақты дәлел, бүгінгі экономикалық дағдарыс кезінде қиыннан қиыстырып, тығырықтан шығудың амал-айласы қарастырылған. Өндірістердің бұрынғы қалпынан ажырамай жұмыс жасап, кәсіпкерліктің өз ырғағынан жаңылмауы осының дәлелі. Ел өміріне қатысты осы айтулы оқиғалардың, іс-шаралардың шеңберінде ардагерлер ұйымдарының қалдырған өз ізі бар. Қазақстанның осы уақытқа дейінгі өсіп-өркендеуіне сүбелі үлестерін қосып, халықты тәрбиелеуге, жастар жасайтын игілікті істердің баянды болуына жол көрсетіп тұруға әбден дағдыланған қариялар саяси қозғалыстан сырт қалған емес. Тәуелсіз еліміздің өмірінде маңызды рөл атқаратын қоғамдық іс-шараларға өз үндерін қосып, бай тәжірибелерін үлгі ретінде көрсетіп келеді, әлі де көрсете бермек. «Қарты бар ел – қазыналы ел» деген тұшымды сөз осы істерге қарап айтылса керек.
Негізі 1987 жылы қаланған республикалық ардагерлер бірлестігінің құрылуы зейнеткерлік жастағы қариялардың көптеген өзекті мәселелерін шешуге көмектесті. Атап айтқанда, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, материалдық жағдайын жақсарту, халықпен байланысын нығайту, патриоттық бағытта жастармен жұмыс істеу, т.б. тәрізді шаралардың жүйелі түрде жолға қойылуына ықпал жасады. Бай тәжірибе негізінде қол жеткізген ұйымның үлкен жетістіктері бірлестіктің беделін көтеріп, атағын танытты. Қазақстанда тұратын 1,7 миллион ардагерге қызмет көрсететін іргелі мекеменің құрылымын еліміздің барлық зейнеткерлерінің 85 пайызы құрайды. Ұйымның құрамында 16 өңірлік, 216 қалалық және аудандық – барлығы 9960 бастауыш бөлімшелері бар. 40 мыңға жуық белсенділер еңбек ететін Ардагерлер ұйымының және оған қарайтын бөлімшелердің беделін көтеріп отырған мол тәжірибесі бар, ел болашағы үшін жаны ашитын, білімді, білікті азаматтар.
Алтыншы съезден кейін Орталық кеңес өз жұмысына қазіргі заманның талаптарына сай, адамдардың қоғамдық санасында болатын өзгерістерге айтарлықтай жауап беретін, істің жай-күйін объективті түрде талдау, жаңа жұмыстардың нысандарын іздестіруді негіз етіп алынды. Бұрынғы іс-тәжірибемен қатар бүгінгі үнқатуларды ескеріп, соған байланысты тың шараларды жасауға дағдыланды. Осы бағытта жасалған шаруалар Орталық кеңес қызметінің өзекті бағыттарын айқындап, ардагерлер ұйымының беделін көтерді, жасалған іс-шаралардың оң бағытын танытты.
Жасалған жұмыстардың нәтижесінде қажетті ақпараттардың көлемі ұлғайып, құжаттар саны 2000-ға жетті. Компьютерлендіру мен электронды пошта негізінде алмасудың жылдамдығы артып, 10 ақпараттық бюллетень шығарылды. 50 ардагерлік құрылымының қызметі жинақталып, мақұлданды. Бірлестік тарихында тұңғыш рет «Ардагер айнасы» газеті мен «Ветеран и общество» журналдары дүниеге келді.
Жаңаша бағытқа бет түзеген қоғамдық ұйымды басқару әдістері де түбегейлі өзгеріп, жұмыстың нақты формуласына көшті. Бұл әрекет мақсатты айқын іс-қимыл жасауға, жергілікті жердегі активтерді оқытуға және практикалық жұмыстарды ұйымдастыруға мүмкіндік туғызды. Бес жылға жуық уақытта Орталық кеңес басшылығының, оның қызметкерлері мен белсенділерінің облыстарға жасаған іссапарлары бірлестік тарихының басқа кезеңде жасаған көрсеткіштерінен асып түсті. Бұл – жаңартылған, жеделдетілген, бір жүйеге келтірілген нәтижелі жұмыстың жемісі.
Жаңа мазмұнда атқарылған шаралардың қатарында Солтүстік Қазақстан облысындағы Новомихайлов ауылдық округі ардагерлерінің бастауыш ұйымына жасаған көшпелі отырысы бар. Тың мазмұндағы бұл шара кейін жалғасын тауып, оң нәтижесін көрсетті.
Қай уақытта да жұмыстың жемісті болуы ішкі, сыртқы байланыстар дамып, жүйеленген соң ғана тұрақталатын әрекет. Осы орайда Орталық кеңес ішкі шаруаларын бір қалыпқа келтірген соң, сыртпен – мемлекеттік органдармен, Президент Әкімшілігімен, Үкіметтің әлеуметтік кураторларымен, Парламент депутаттарымен өзара іс-қимылы арқылы байланысын нығайтты. Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктерімен Ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды. Мемлекеттік құрылымдармен, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Қорғаныс министрліктерімен, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлескен жоспарлар негізінде маңызды қоғамдық іс-шаралар өткізілді.
«Нұр Отан» партиясымен ынтымақтастық практикасы іске асырылуда. Тұңғыш рет діни бірлестіктермен байланыс орнатылып, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, үкіметтік емес сектормен өзара іс-қимылдар жасау жолға қойылды.
Орталық кеңестің II (2012) пленумынан кейін 3 аудандық, 1369 бастауыш және 1867 цехтық ардагерлер ұйымдары құрылып, оған тағы да 200 мың зейнеткерді тартуға мүмкіндік туды.
Ардагерлердің материалдық базасын жақсартуға тұңғыш рет нақты қадам жасалып, облыс орталықтарында – 8, қалалар мен аудандарда 63 ардагерлер үйі салынды. Қарт адамдардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға жасалған бұл игіліктердің ардагерлер өмірінде алатын орны ерекше.
Облыстық, қалалық, аудандық және бастауыш ұйымдардың қызметіне басшы болып сайланғандар үлкен өмір мектебі бар, шаруаның мән-жайын анықтап, бағдарлап білетін қарттар. Олардың қатарындағы К.Үкин, С.Шаухаманов, Е.Шайхутдинов, К.Ризуанов, А.Әбілқайыров, И.Комиссаров, Н.Вахитова, М.Сапарбаев, С.Өмірәлиева, А.Аманбаева, С.Байболов, А.Моисеева, Г.Құсанова, В.Шершнева, Н.Сейдуалиев, т.б. азаматтар жаңа заманның тың талаптарына сай өз кәсібінің шеберлігін танытқандар.
Бес жылға жуық уақыт ішінде Орталық кеңес облыстық кеңестермен бірігіп, бір мыңнан астам белсендінің қатысуымен үздік ардагер ұйымдардың базасында 4 өңіраралық, 3 республикалық семинар-кеңес ұйымдастырды. Жұмыстардың негізгі мазмұны жасалатын іс-шараның озық әдістері мен тәсілдерін көрнекті етіп көрсетіп, басқа ұйымдардың ілгерілеуіне ықпал жасау болды.
Орталықтың үлгісімен ұйымдастырылған облыстық, қалалық және аудандық оқуларға 100 мыңға жуық адам қатысып, 7 мың оқу іс-шарасы өткізілді. Қысқа мерзім ішінде бүкіл актив оқудан және қайта даярлаудан үш рет өтті. Бұл – Орталық кеңестің тәжірибесінде тұңғыш рет өткізілген тәжірибе.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлау қарсаңында ардагерлер ұйымдары 22 мың қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырып, оған миллиондаған адам тартылды. Ардагерлер ұйымдарының қатысуымен «Мәңгілік полк» атты азаматтық бастама дамыды. Әскери-саяси оқиғаларды есте қалдыруға, қайта жаңғыртуға бір мың эстафета, бес мыңға жуық конференция мен фестиваль, жастармен жүздесуге 12 мыңнан астам шара өткізілді. 255 жаңа ескерткіштер мен саябақтар ашылып, үш мыңға жуық мемориалдық нысан қайта жаңартылды. Ұлы Отан соғысы және сол соғыста ерлік көрсеткен батырлар туралы 1185 кітап пен фильмдер шығарылды.
Тұңғыш рет өткізілген «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер!» көркемөнерпаздардың байқауына 50 мыңнан астам ардагер қатысып, нәтижесінде 41 адамға лауреат атағы берілді. 103 адам Орталық кеңестің, Мәдениет министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды. Үздік шыққандар қорытынды гала-концертке және Астана қаласындағы көрмеге қатысу құрметіне ие болды. Ал Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарының ұйымдары байқаудың жеңімпазы атанды.
Орталық кеңестің ұсынысы бойынша ардагерлер қозғалысында белсенділік танытып, қабілетін таныта білген 52 адам мемлекеттік наградамен марапатталды. Тәуелсіздік жылдарында бірлестіктің 2 мың мүшесі мемлекеттік дәрежедегі ордендер мен медальдардың иегері атанды.
Жеңіс мерекесі қарсаңында бұрын мемлекеттен баспана ала алмаған 437 майдангерге пәтер бөлініп, соғыс ардагерлерінің өтініші бойынша 910 үй жөндеуден өткізілді. Ұлы Отан соғысына қатысушылардың барлығы және тыл еңбеккерлерінің бір бөлігі – барлығы 11 мың адам коммуналдық төлемдерден босатылды. 200 мыңға жуық зейнеткер үшін қоғамдық көлікпен тегін немесе жеңілдікпен жүру қарастырылған.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлау қарсаңында ҰОС-тың ардагерлері «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-тың көмегімен шұғыл көмек шақырудың «дабыл түймелерімен» жабдықталды.
Төрткіл дүние қызығып қарайтын еліміздің баға жетпес байлығы – этностар достастығы, яғни тамыры тереңге кеткен татулық. Биылғы жылғы Алғыс күнінің өмірге келуі осы татулықтың символына арналған ерекше күн іспеттес. Қазақстан халқының басты парызына айналған бейбітшілік пен ынтымақтың туын биіктетудің маңызы – Елбасымыз бастаған көштің бел ортасында келе жатқан жастарымыз үшін үлкен өнеге. Ал осы өнегенің бастауында ақылман абыз ақсақалдарымыз – ардагерлер тұр.
Еліміз тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өткізілгелі отырған республикалық ардагерлер ұйымының VII съезіне сый-тартулары, міне, осындай. Тәуелсіздік тұғырында абыройы артып, атағы аспандаған еліміздің ардагерлері жасай берсін!
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы